Версия для печати

Арт-нысандар ШАҺАРҒА ШЫРАЙ БЕРІП ТҰР Избранное

Пятница, 27 Ноябрь 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1905 раз
Оцените материал
(0 голосов)

23

«ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!»

Әр үйдің қабырғасы – суретші үшін жаңа кенеп және оның шынайы қиялынан туатын туындылардың орны.
Түс пен жолақ, ою-өрнек ұштасқанда әдемі көшенің бойындағы зәулім үйдің қабырғасы күнге шағылысып, өткен-кеткенді ерекше әсерге бөлейді.
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың басшылығымен жүзеге асып жатқан бұл игілікті іс қазақ мәдениеті мен дәстүріне арналады.
Бесік – қазақтың көне заманнан ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан отбасылық құндылықтарының бірі. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ең ежелгі бесік Отырар (XII–XIV ғғ.) және Құйрықтөбе (X–XII ғғ.). қалаларының орнынан табылған. Бесіктің дизайны еш өзгермеген. Ол ағаштан құрастырылып жасалған, тасымалдауға және пайдалануға ыңғайлы әрі тербелмелі. Бесікті талдан иіп немесе ақ қайың мен өзге майысқақ ағаштардан жасауға болады.
Оның құрылымы мен әрбір бөлшегі ғұрыптық атаулармен астасып, киелі деп саналған. Бесік баланы жамандықтан қорғап, түрлі тіл-көздерден сақтаған. Оның басына үкі қауырсыны мен қасқырдың тырнақтары және т.б. ілінеді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М. Әуезовтің өсиетін өнеге еткен шымкенттіктер Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған муралды енді Орманов көшесіндегі көпқабатты үйдің қабырғасынан көре алады.
Туындының авторы – белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ералы Оспанов.

 

2224

 

КҮЗДЕГІ КӨКТЕМ

Қазақ мәдениетіндегі көптеген жарқын аңыздар мен ертегілер қарлығаш бейнесімен байланысты. Ежелден бері үйге қарлығаш ұя салса, отбасына бақыт пен береке әкеледі деп сенген.
«Шымкент-ТМД-ның мәдени астанасы» жылының жабылуы аясында Оспанов көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің біріне қарлығаш-көктем бейнеленді. Бейне бір «Күздегі көктем» сияқты.
«Суреттер шығармашылық бастамалар орталығы мен REPAS командасымен бірлесіп жасалды», - дейді басқарма өкілдері.
Жылдың суық мезгілінде қаладағы жарқын әрі эмоцияға толы мерекелік шаралар жүректерге жылу сыйлағанын байқадыңыз ба? Мысалы, қызықты музыкалық жобалар немесе жаңа арт-нысандар қала көшелерінде жиі бой көрсете бастады. Осы туралы естіп, көргеннен соң, бей-жай қалатын ба едіңіз?
Міне, әйгілі «Жеңіс» М20 маркалы автокөлігі өзінің екінші ғұмырын бастап, қаладағы ерекше кейіпкерлердің біріне айналып үлгерді.
Мәдени астана жылының жабылу салтанаты аясында аталған арт-нысан Шымкент көшелеріне ерекше көрік беріп тұрды. Сөз реті келгенде айта кету керек, шығармашылықпен астасқан өнер туындыларын «Креативтік бастамалар орталығы» белсенді жүзеге асырды. Олар өз жобаларын «REPAS» графитти жасаушылар командасымен бірге жасайды.
Аталған жобалар тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, ретро-стильден хабар береді.
Кім біледі, уақыт өте келе қазіргі заман авторларының туындылары қаланың ажырамас ішкі көрінісі мен тарихына айналатын шығар.

 

20

 

«Piano Performans»

Шымкенттегі мәдени іс-шаралар саны жағынан да, әр алуандығы мен жанр жағынан да қуантты.
Көшенің бойында тұрып пианиноның үнін естігіңіз келе ме? Міне, қала тұрғындарына осындай мүмкіндік беріліп отыр!
«Шымкент – ТМД мәдени астанасы» жабылу шараларының аясында қалада қызықты да бірегей жобалар ұйымдастырылды. Ал мұндай «Piano Performans» бұрын-соңды болмаған.
Бұл дегеніңіз, қаламыздың көшелерінде жанды дауыста әуезді әуендер ойналып, олар нағыз арт-нысандардың маңында орындалады деген сөз. Ал суретпен әшекейленген көне күйсандық аталған перфоманстың «кейіпкері» десе де болады.
– Бұл пианино кейін де қала тұрғындарының қолданысына беріледі. Мерекелер аяқталған соң, музыкалық аспаптар қаладағы әлеуметтік нысандарға сән қоспақ. Ол қала тұрғындары мен қонақтарына жағымды көңіл сыйлайды деген үміттенеміз, - дейді басқарма өкілдері.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.