Версия для печати

Күйшісін қадірлеген қалада ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ бой көтерді Избранное

Пятница, 27 Ноябрь 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2756 раз
Оцените материал
(0 голосов)

9ef9a2af-9c4d-4f36-8580-9b6736f201b4

Сүгір Әліұлы. Иә, қазақта атағы елге жайылған үш Сүгір болса, Әліұлы Сүгір халқымыздың қуанышы мен шаттығын, мұңы мен зарын, қайғы-қасіретін қос ішекті домбыра үнімен ғасырлардан бізге жеткізген, киелі аспаптың құдыретін жан-тәнімен ұғып, өміріне арқау еткен дархан даламыздың дарабоз күйшілерінің бірі.

Қыл қобыздың киелі иелері атанған Қорқыт пен Ықыластың күйлеріне сүйсіне жүріп, өзі де күй шығарып, қобыздың үнін домбыраға келтіріп, талантын ұштай түскен. Оның бір ерекшелігі, сол қолымен домбыра тартып, шертпе күйлер шығарған. Сонау бір зар заманның ауыртпалығын арқалаған халқының мұң мен зарын шертпе күйге арқау етіп, шерін тарқатып, қызмет етумен өмірін өткізді. Өткен ғасырда ел басына түскен ауыртпалық, аштық, күштеп ұйымдастыру, адам төзгісіз қуғын-сүргінді көзімен көріп, ел-жұрттың наласына домбыра үнімен жауап қатып, халықтың ауыртпалығын бірге бөлісті. Зерттеулерге сүйенсек, оның 85-ке тарта күйі болған. Оның көпшілігі ұмыт болып кетті. 50-ден астам күйі «Қазақтың 1000 күйі» деген күйтабаққа енгізілген.
Міне, осындай заманының заңғар тұлғасына Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен таяуда А.Байтұрсынов көшесінің бойынан еңселі ескерткіш ашылды. Сүгір Әліұлына арналған жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Сүгір бабамызға қаламыздың әдемі жерінен ескерткіш қойылды. Бұл тек күйші Сүгірге емес, қазақ өнеріне қойылған ескерткіштің бірі десек артық емес. Сүгір бабамыздың көрнекті ескерткіші барша өнерсүйер қауым мен тыңдармандар үшін, оның ішінде Шымкенттің тұрғындары үшін үлкен мақтаныш деп айтуға болады. Ұлы даламызда есімі елге белгілі үш Сүгір болса, оның бірі қазыналы Қаратаудың құшағындағы Созақтың ұланы Сүгір Әліұлы еді. Оның өмірге әкелген «Телқоңыр», «Бозінген» атты әйгілі күйлері Созақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр ақтарады. Бұдан бөлек, «Қаратау шертпелері» атты циклді шығармалары тыңдаған жанның бойына қуат, жүрегіне шуақ береді. Бірегей туындылар ғана тыңдарманның жүрегін жаулай алатынын тағы да жан-тәнімізбен сезініп, жүрегімізбен ұғынамыз. С.Әліұлы қайталанбайтын туындыларынан бөлек, үздік шәкірттерге де бай», - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Иә, «Қаратау шертпелері» деп аталып жүрген дәстүрлі орындаушылық өнер «Сүгірдің күйшілік мектебі» деп аталады. Сүгір күйлері Қазақстанның барлық аймағына кеңінен тараған. Біз білетін Төлеген Момбеков, Файзулла Үрмізов, Сейітқан Әлімбеков, Ергентай Борсабаев, Әубәкір Батыров, Қали Барқиев, Қожасбай Орынбасаров және Генерал Асқаров сияқты Сүгірдің шәкірттері оның күйлерін бізге жеткізген болса, қазіргі таңда жас домбырашылар оның шығармаларын орындап, кеңінен насихаттап жүр.
Өнертанушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің доценті Едіге Балабеков Сүгірдің күйлерін даурықпасы жоқ, тереңнен байқалар нәрлі сазымен ынтықтыратынын айтады. «Осындай күйлерінің бірі – «Тоғыз тарау». Бұл күй тыңдаушының көңілін өзіне бірден баурап алады да, өзінің бастапқы әуенін әр тарау сайын байытып, кеңіте түседі. Күйдің орындалу барысында оның қағысы, өлшемі, ырғағы өзгеріп, құбылып отырады. Осындай шығармалардың қатарына «Бес жорға», «Кертолғау», «Ыңғай төкпе», «Бозінген», «Ілме», «Ақ желең», «Шалқыма», «Жайлау күйі», «Жолаушының жолды қоңыры», «Аққу», «Амангелдіге арнау» күйлері жатады», - дейді зерттеуші.
Күйші, ойшыл домбырашы әрі композитор Сүгір Әліұлына арнап ескерткіштің орнатылуына мұрындық болған білімді заңгер, қарымды қайраткер Бекет Тұрғараев бастаған бастамашыл топ.
– Ол 1961 жылы Созақ жерінде қайтыс болып, Қарабура әулие жатқан қорымға жерленіп, кесенесі тұрғызылған. Сүгір Әліұлының ескерткішін үшінші мегаполис Шымкент қаласына орнатуға ұсыныс берген бастамашыл топтың шешімін қала әкімі Мұрат Әйтенов қолдап, А.Байтұрсынов көшесінің бойынан орын беруге шешім қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументті ескерткіштерді орнату комиссиясына ұсыныс жолдады. Комиссияның қолдау шешімін алған соң, ескерткіш өз тұғырына қондырылды. Сүгір Әліұлын мәңгілік есте сақтау бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Созақта батырлар аллеясына ескерткіш мүсіні қойылған. Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның жанындағы оркестрге Сүгір атын берген. Созақ ауданында орта мектепке Сүгірдің аты қойылған. Алда да осы тақылеттес жұмыстар жалғасын таба береді, - деді Бекет Тұрғараев өз сөзінде.
...1960 жылдары ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Созақ жеріне келіп, елдің тыныс-тіршілігімен танысқанда, Сүгірдің күйшілік өнерін естіп, оған сәлем бере барып, талантпен танысқанына қатты қуанған. Ол жайлы мақала жазып, күйлерін елге кеңінен таратуға өзімен бірге болған жазушы Тәкен Әлімқұловқа тапсырған. Әйгілі композитордың өмірі мен өнері жайлы жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» атты әңгімелер жинағын, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші Сүгір» поэмасын, жазушы-журналист Өтеш Қырғызбаев «Сүгір» атты роман жазған. Сүгір Әліұлының еңбектері 1964 жылдан бастап күйтабаққа жазылып, 65-66 жылдары халық оркестрлерінде орындала бастаған.
Осы жылы С.Әліұлының туғанына 138 жыл толып отыр. Домбырашылық өнерде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Дина және Қазанғаппен қатар тұрған аса талантты жерлесіміз, оңтүстіктен шыққан халық композиторының есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында осы ескерткіштің нобайын жасап, орнатқан шымкенттік мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ал ескерткішті жасауға демеушілік көрсеткен кәсіпкер Амангелді Мақашов көпшіліктің алғысын арқалап отыр.

«Сүгір күйші бізден ұзаған сайын даңқы аспандап бара жатыр», - деп сүгіртанушы Өтеш Қырғызбаев айтқандай, айлар алмасып, жылдар жылжыған сайын Сүгір атты ғажап әлем алыстан менмұндалап, кейінгі ұрпақты өнерді сүюге үндеп тұратыны кәдік. Ұлыларды ұлықтау ұрпаққа парыз десек, ескерткіштің тұғырына қонуына атсалысқан тұлғалардың бәрі де өздеріне тиесілі парызын өтеп отыр. Иә, карантиндік шектеулер енгізіліп тұрған осынау кезеңде қоғамдық орындарда адамдардың көп жиналуына рұқсат жоқ. Алайда аталған ескерткіштің ашылуында сақтық шаралары толықтай сақталып, антисептиктер қойылып, келушілерге бетперделер үлестірілгенін атап айтуымыз керек.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.