«Шаһардағы әрбір кеңістік тұрғындарға тиімді болуы тиіс» Избранное

Пятница, 04 Декабрь 2020 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 385 раз

IMG 9864

Үшінші мегаполисте шаһар аумағына жүргізілген жан-жақты талдау мен зерттеулердің нәтижесінде өзгерістерді талап ететін учаскелер анықталды. Бұл бағытта 8 жоба қолға алынып, оның эскиздік нұсқалары жасалды. Сала мамандарының айтуынша, бұл жобалар гүлзар, саябақтарды жаңарту, көше мен өзен жағалауларын абаттандыру, туризмнің дамуына мүмкіндік береді. Аталған міндеттермен «SHYMKENT» ӘКК» АҚ базасындағы Урбанистика департаменті айналысады. Осындай мәселелердің жай-жапсарын білу үшін департамент директоры Азамат ДОСКЕНОВПЕН арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

20201124 131307– Азамат Мирасұлы, еліміздің үшінші мегаполисінің келбетін жаңғырту бойынша бірқатар жобалардың эскизін жасадыңыздар. Бұл жобалар шаһардың қай аумақтарын қамтиды? Жалпы аталған мекеме қаланың дамуына қаншалықты үлес қоса алады?

– Қазіргі таңда, департамент тарапынан талдау, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 8 жобаның нобайы жасалды. Атап айтқанда, олар – Ә. Жангельдин көшесі бойындағы «Отбасы аллеясын» және «Абай» саябағын жаңарту; Т. Рысқұлов даңғылы бойынан жаңадан жаяу жүргіншілер кеңістігін құру; Д. Қонаев даңғылы мен Мәделі Қожа аумағындағы көпір асты кеңістігін құру; №12 шағынауданда саябақ салу; Темірлан тас жолы бойындағы «Наурыз саябағын» жаңғырту; гастрономиялық кластерді дамыту; «Наурыз» алаңы мен «Қайнар іскерлік орталығы» аялдамалары арасында жаяу жүргіншілер жолы және веложол салу жобалары.
Бүгінгі таңда, еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қаланы қауіпсіз және әлеуметтік жағынан өмір сүруге ыңғайлы етуге басымдылық берілуде. Бұл бағытты жандандыруда бірінші кезекте шаһарда өмір сүріп жатқан әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Сондықтан, урбанистика жобаны немесе қаладағы өзгерісті жоспарлау кезінде зерттеулер жүргізе отырып, тұрғындардың көңіл-күйі, мінез-құлқы, пікірін ескеріп, кеңістікті қалай пайдаланатынын, оларды қандай мәселелер мазалайтынын негізге алады. Мысалы, кеңістікті жақсарту немесе жандандыру кезінде өзгерістер болатын орындарды таңдағанда тұрғындар арасында сауалнама жүргіземіз, байырғы тұрғындармен, белсенділердің пікірлерімен, суретшілермен және өлкетанушылармен сұхбат жүргіземіз. Яғни сұраныстарды негізге алып, содан кейін ғана шешім қабылдаймыз. Қаланы зерттеудің бірнеше нұсқаларымен жұмыс істеп жатырмыз. Олар – жаяу экспедициялар, карта бойынша талдау, кеңістіктің қолжетімділігіне арналған қала құрылысын талдау, адамдардың кеңістікті қалай пайдаланатынына сауалнама жүргізу.
Бұл тұста айта кетерлігі, жаңғырту бағытындағы жобалар саябақ, гүлзар, жаяу жүргіншілер жолын салу, көше жөндеумен шектелмейді, туризмді дамытуға, шағын және орта кәсіпкерліктің аясын кеңейтуге, бастысы қаланың экономикалық дамуына септігін тигізеді.

–Өзгеріс жасауға тұрғындар қаншалықты атсалысуда?

– Департамент биыл мамыр айында құрылды. Содан бері құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемелері және де аудандық әкімдіктермен бірлесіп, жұмыс тобын құрдық. Бүгінгі күні қоғамдық кеңістіктер зерделеніп, 8 эскиздік жоба әзірледік. Ол үшін алдымен шымқалалықтар арасында өзгерісті қажет ететін аймақта не жетіспейтіндігі, қандай функциялар, сауда-орындар мен қызметтерді көргісі келетіндігі туралы сауалнама жүргізілді. Содан соң, олардың жауаптарын ескере отырып, эскиздік жобаны әзірлеу кезінде кеңістікті аймақтарға бөлдік. Жобалардың эскизін таныстырғаннан кейін, қала әкімдігі 2021 жылға арналған бюджеттік жоспарлау мәселесін қарастырады.
Сондай-ақ, жұмыс барысында «тактикалық урбанизм» практикасын қолдандық. Тактикалық урбанизм дегеніміз – тұрақты қондырғыларды орнату үшін уақытша құрылымдарды орнатып, тексеру. Бұл өте қызықты әдіс. Сонымен қатар, урбанистер «Отбасы аллеясында» тазалық жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындармен бірге поддон орындықтар орнатты. Одан кейінгі аптада тұрғындардың сол орындықтарды су жағасына жақындатып, бір-біріне қосқанын байқадық. Бұл адамдардың өз қаласының тазалығына атсалысуға, көркейтуге үлесін қосуға деген қызығушылығын арттырды. Осындай бақылаулар негізінде түзетулер енгіздік.
Айта кетейік, біз сауалнамамен шектеліп қалмаймыз. Келесі кезеңдердегі жобаларды жасау және талқылау үшін белсенді тұрғындармен жұмысты жалғастыра береміз.

 

152d09beaac-065c-4315-b098-3426c64a8ff4

 

– Әлеуметтік парақшаларыңызды қарап отырып гастрономиялық кластерді дамытуға қатысты жобаны байқадық. Осыған қарап, тек қаланың көркеюі ғана емес, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы орта қалыптастыру бастамасы да бар екенін аңғардық...

– Иә, бұған дейін, айтқанымыздай, белгілі бір аумақты таңдамас бұрын, департамент қызметкерлері қала тұрғындарының сүйікті жерлерін зерттейді. Сондай сауалнамалар қорытындысында көбінесе шығыс тағамдарын ұсынатын, көшелерінде тандыр пеші бар бірқатар кафелер орналасқан №4 шағынаудандағы Бәйдібек би көшесіне назар аудардық. Бұл аумаққа келушілер өз көліктерімен қатынайтындықтан автомашиналар үлкен ағым тудырады. Бұл маңда жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жоқ. Автотұрақтың ретсіздігі, абаттандыру мен жарықтандырудың жоқтығы және тамақтандыру орындарының сыртқы көрінісінің үйлесімсіздігі анықталды. Енді гастрономиялық кластерді дамыту үшін кафе иелері мен қала әкімшілігі арасындағы диалогты талап ететін кешенді жұмыс қажет. Яғни, екі мүдделі тарапқа да тиімді болатын келісімнің табылғанын мақсат етіп отырмыз. Бұл тұста шағын және орта бизнес өкілдерімен келісе отырып, көшенің инфрақұрылымын жақсартып, автотұрақ салып, абаттандырып, жарықтандыруды жақсартып, тартымды бір аймаққа айналдырсақ, қала әкімшілігі бірыңғай дизайн коды бар, көрнекті сәулеттік келбеті бар экономикалық дамыған аймаққа ие болар еді. Яғни, сәтті қоғамдық кеңістік. Бұл шағын және орта бизнес өкілдерін ынталандыруда сәтті үлгі болар еді. Бұл жоба қазір талқылану үстінде.

–Зерделеу барысында шаһардың қандай ерекшеліктері байқалды?

– Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан шаһар. Жасыл желекті, көрікті, табиғаты өте жайлы, кәсіпкерлікпен айналысуға ыңғайлы болғандықтан миллионды қалада адам шкаласы да бұзылмайды. Жаяу серуендеу кезінде адамдардың күлімсіреп тұрғанын байқайсыз, жалпы достық атмосфера құрылған.
Қазіргі басымдылық – қаланың қызықты, есте сақталатын және ерекше жерлеріне беріліп отыр. Мұндай орын, сөзсіз, «Север» сауда орталығы болып табылады. «Север» десе әрбір шымкенттікке бала кезінен есте сақталған балмұздақ дәмі мен бүгінгі фуд-корт еске түседі. Осы факторлар адамдардың «Северге» деген ағынын көбейтеді. Дегенмен, талдау барысында мұнда келушілердің көптігінен иін тірескен көлік, одан қала берді кептеліс болатыны, аяқжолда жаяу жүргіншілердің қозғалысында қиындықтар туындайтыны анықталды. Сонымен қатар, отыратын санаулы ғана орындықтар, ағаш көлеңкесін паналаған адамдар қозғалысты одан сайын қиындатуда. Осыған байланысты, ол жерде жаяу жүргіншілер кеңістігін ұйымдастырған жөн. Т.Рысқұлов көшесібойына жаяу жүргіншілер кеңістігін құру мәселесі осыдан туындап отыр.

–Елімізде урбанистика саласы қаншалықты дамыған?

– Урбанистика саласы елімізде кеш дамыды десек те болады. Алғашқы урбанистика орталықтары Астана, Алматы қалаларында ашылды. Одан кейін Шымкент, Орал мен Қарағандыда осындай орталықтар ашылып, урбанистика жұмысы біртіндеп жанданып келеді.
Урбанистиканың жалпы міндеті – қаланы өміршең, белсенді, дамыған және өмір сүруге ыңғайлы ету. Экономикалық өсуді ынталандыру, тұрғын үй қорының құнын арттыру және сәтті қоғамдық орындар арасында тікелей байланыс орнату біздің басты міндетіміз. Жалпы, ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, адам күніне 10 000 қадам жасауы керек. Қалалықтар ол қадамдарды барлық қажетті функциялармен қамтамасыз етілген ыңғайлы ортада жасауы тиіс.
Бүгінде Шымкенттің халқы миллионнан асып, аумағы да кеңейіп жатыр. Билік тарапынан жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін инфрақұрылымды жақсарту мәселесі бірінші кезекте тұр. Сондықтан осы бағытта да жұмыстар қолға алынатын болады.

– Алдағы уақытта қандай тың жобалар қолға алынады?

– Қазір шаһардың орталығында саябақтардың шоғырлану деңгейі жоғары. Ал шеткі аймақтарда көпшілік демалатын орындар жоқтың-қасы. Шалғайдағы елдімекендер де саябақтармен қамтылуы тиіс. Осы бағыт зерттеу-зерделеуді қажет етіп отыр.
Тағы бір маңыздысы, қалада орта және шағын кәсіп иелері ашқан қоғамдық тамақтандыру орындары, үлкенді-кішілі дүкендер, сервистік қызмет көрсету секілді нысандар өте көп. Олардың басым бөлігі ғимарттарын «қоршауда» ұстайды, көшеге, тіпті жаяу жүргіншілер жолына кедергі жасап тұрғандары да бар. Шымкент көшелерінде жүйесіздік көп. Көше – көлік жүйесіне қызмет көрсететін инфрақұрылым жүйесі ғана емес, ол қаланың экономикалық активі, қоғамдық кеңістік екенін түсіну керек. Бизнес нысандарының жабық қасбеттерін «ашып», оларды қаланың бір бөлігіне айналдыру қажет. Бұл бағытта да жұмыс істеу жоспарымызда бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.