Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайты жазды.
Бюджет Президент Жолдауында айтылған стратегиялық бағдарламалар мен маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді іске асыруға бағытталады. Осылайша 2021 жылы бюджет шығыстарының жартысынан астамы әлеуметтік салаға жұмсалмақ.
Шығыстардың тағы бір стратегиялық бабы – өңірлерді дамыту. Инфрақұрылымды дамытуға, елдімекендерді газдандыруға және ауызсумен қамтамасыз етуге 2021 жылы 1,6 трлн теңге жоспарланған.
Заң жобасына сәйкес, жалпы ішкі өнімнің өсімі 2021 жылы 2,8% болып, 2025 жылға қарай бұл өсім 4,6%-ға жетеді деп болжалдануда. Ал мұнай бағасы 2021-2022 жылдарға, тиісінше, әр баррелі 45 және 55 доллардан алынып отыр. Орташа мерзімдегі болжамда мұнайдың баррелі 35 АҚШ доллары болады деп белгіленген.
Республикалық бюджеттің жалпы шығыс көлемі: 2021 жылы – 14 трлн теңге, 2022 жылы – 13,87 трлн теңге, ал 2023 жылы – 13,888 трлн теңге.