Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Понедельник, 07 Декабрь 2020 06:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2042 раз

Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі

16 желтоқсан – тарихымызда елеулі оқиғалар болған, еліміздің егемендігін алып, тәуелсіздігімізді жариялаған күн. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан ата-бабаларымыздың арманы, сарғайып күткен сағынышы еді. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салтымен дәстүрі болды. Желтоқсанның суық та ызғарлы желіне, шықырлаған аязына қарамастан қарсы тұрған жастардың рухы мен ерлігі ерліктерінің арқасы деп білеміз.

Қазақстан – өз гимні, елтаңбасы, көк байрағы мен өз ұстанымы бар зайырлы мемлекет. Тәуелсіздіктің ең басты – жетістігі – еркіндік! Еліміздің еркін өміріндегі бүгінгі табыстарының бәрі тәуелсіздігіміздің нәтижесі. Қазақстанның әрбір азаматы өз елімен қалай мақтанса да жарасады. Өйткені Қазақстан – мақтауға тұрарлық, өзінің сұлу табиғатымен, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ жерімен, дархан көңіл халқымен, көркем тілі мен сонау ғасырлардан бері қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрімен мақтана алады. Туған елі мен жері үшін күрескен нар тұлғалы батырларымен, әділдікті ту еткен атақты би-шешен, даналарымен, татулық пен ынтымақты қолдаған атақты хандарымен, халықтың көңілінен шыққан сұлу да көркем жырлар тудырған ақын-әншілерімен, қылқаламды өздеріне арқау етіп, халықтың көзін ашып, ұстаздықтың ұлы жолын ұлықтаған атақты ғұламаларымен мақтана алады.

Биыл еліміздің Қазақстан Республикасы деп, әлемге мойындатып, құлашымызды кеңге жайып, басқа елдермен тереземізді теңестіргенімізге 29 жыл толғалы отыр. Тарих беттерінде отыз жыл аса көп уақыт болмаса да, осы уақыт ішінде көптеген жетістікке қол жеткіздік: жаңа мемлекет құрылды, экономикамыз дамыды және адамдардың өмір сүру деңгейі жоғарылады. Елімізде тұратын әр ұлт, өз тілінде сөйлеуге, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға мүмкіндік алды. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы тұңғыш Президентіміздің жүргізген парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде, еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып, Қазақстан деген мемлекет күннен-күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде. Бұл бағындырған биік белестер Қазақстандай жас елдің күннен-күнге өркендеп, қанат жайып келе жатқандығы көрсетеді. Бір кездері арман болған азаттықтың жоғары жетістіктері жанымызды жадыратады.Ата-бабаларымыз айтып кеткен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» сірә, осы заман болса керек?!

Қазіргі жастар бақытты, себебі олар тәуелсіз елдің ұрпақтары. Ендігі алаңдайтын мәселе, әлемнің басқа елдеріне көз салсақ, мемлекет ішінде болып жатқан қақтығыстар, төңкерістер жүректі ауыртады. Жастарымыз түрлі діни ағымдарға еріп кетпей, қасиетті аталардың жанын қиған оқиғалар қалған еліміз тыныш болсын деп тілейміз. Ендігі біздің міндет – кең байтақ жерімізге көз тігіп, тартып алмаса да арамызға іріткі салып, дініміз бен тілімізден шатастырып, елімізге егелік еткісі келгендерге, семсерсіз соғыс заманында қарсы тұратын жалғыз қаруымыз бар, ол – отанымызға деген махаббат, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілік, тарихымызды, тіліміз бен дінімізді ұмытпай қастерлеу мен бірлігімізді жоғалтпау болып табылады. Мәңгілік ел болуы үшін өткенімізді қастерлеп болашаққа жеткізуіміз керек. Ол – біздің парыз. Жаратқаннан басқа жер бетінде мәңгілік ештеңе жоқ. Тәуелсіз қазақ елі мен қазақ тілі мәңгілікке жасай берсін! Мәңгілік ел өз тәуелсіздігінің 300, 3000 жылдығын тойлай берсін! Ұлы Даламның ұлы ұрпақтары мәңгілік жасай берсін! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, - дей отырып, Аллаберген Қонарбаевтың тәуелсіздік туралы жазылған жыр жолдарымен сөзімді түйіндеймін.

Сүйемін аспанын да, Күнін де мен.
Шаттығы бал жүзінен түрілмеген.
Қазақпыз – Тәуелсіздік таңы атқан.
Жастарымыз көңілді күлімдеген.

Болған ғой қазаққа осы далам нәсіп.
Еліме емірене болам ғашық.
Тәуелсіз, тағылымды ұлы Отаным
Барады келешекке қадам басып…

 

 

1 курс студенті Ортаева Ұлжалғас,

жетекшісі Ташкулова К.Е.

Последнее изменение Вторник, 08 Декабрь 2020 09:13
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.