Версия для печати

Пәтер иелері бірлестігіне көшу – уақыт талабы Избранное

Среда, 20 Январь 2021 03:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2722 раз
Оцените материал
(0 голосов)

2019 жылы 20 желтоқсанда тұрғын үй қатынасын реттейтін жаңа заң қабылданды. Бұл заң көпқабатты үйлерді күтіп-ұстаудың жаңаша жолдарын ұсынады. Бұл туралы БҰҰ даму бағдарламасының өкілі, сарапшы, 2020 жылдың «Жыл волонтері» халықаралық премиясының «Тұрақты даму мақсатының көшбасшысы» номинациясы бойынша лауреаты Әбдімәлік БАЛБАЕВ айтып берді.

554

 

– Көп қабатты үйлерді пәтер иелері кооперативі басқарады. Бірақ тұрғындар тарапынан оған шағым көп. Өйткені 20-30 үйді қарамағына алған ПИК (пәтер илерінің кооперативі) тұрғындардан жөндеу жұмыстарына деп ақша жинайды, бірақ ол қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан адамдар «жиналған қаражат қайда, үйіміз неге жөнделмей жатыр?» деп шағым айтады. Оның үстіне мемлекет ПИК жұмысына араласа алмайды. Сондықтан тұрғын үй қатынастарын реттеу үшін жаңа заң қабылданды, – дейді Ә.Балбаев.

555


Оның айтуынша, қабылданған заңға сәйкес пәтер иелерінің бірлестігін (ПИБ) құру қажет. Жұмсалған қаржының ашықтығын қамтамасыз ету үшін әр көп қабатты тұрғын үйдің банктен ағымдағы және жинақ шоты болады. Ал пәтер иелері кооперативінде 20-30 үйге бір шот ашылады. Тұрғындардың ақшаның нақты қайда жұмсалып жатқанын біле алмайтыны сондықтан.
Сонымен ПИБ-тегі ағымдағы шот қаражаты ағымдағы жөндеу жұмыстарына арналады. Слесарь, сантехник, дәнекерлеушінің еңбекақысы осы шоттан төленеді. Ал жинақ шот қаржысы, мәселен, 5-10 жылда бір рет жасалатын күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалады.
Ә.Балбаевтың мәлімдеуінше, ПИБ-ті жүзеге асыру үшін қадамдық алгоритм жасалды. Тұрғындармен кездесу өткізіледі. Онда барлығы ПИБ құруға келісуі керек. Сосын кеңес құрылып, оның мүшелері үй төрағасын сайлайды. Хаттама бойынша үйді басқару өкілеттігі төрағаға беріледі. Ол содан кейін жасалып қойған дайын үлгіге қарап, ПИБ-тің жарғысын дайындап, жарнасын төлеп, Әділет басқармасына тіркетеді. Содан соң банктен 2 есепшот аштырады.
Бүгінгі таңда ағымдағы шотқа Нұр-Сұлтан қаласында үйдің 1 шаршы метріне қарай ай сайын 35 теңгеден, бейнебақылау, көлік тұрағы бар таңдаулы үйлерге 170-180 теңгеден жиналуда. Ал Шымкент қаласында ол 30-40 теңгенің айналасында бекітілуі керек. Бұл – ең төменгі шек. Оны тұрғын үй инспекциясының ұсынысымен жергілікті мәслихат бекітеді. Дегенмен егер тұрғындар ағымдағы шотқа көбірек ақша жинағысы келсе, еріктері өзінде.
Жинақ шотқа тұрғындардан ай сайын 0,005 АЕК көлемінде ақша ұсталады. Былтыр 1 АЕК 2700 теңге еді, биыл 2917 теңге болды. Осылайша 0,005 АЕК 14,6 теңге болып отыр. Ол – үйдің 1 шаршы метріне төленетін сома. Мысалы, көп қабатты бір үй 4 мың шаршы метр болса, ай сайын 58 мың теңге, жылына 700 мың теңге, 20 жылда 14 миллион теңге жиналады. Осылайша үйді күрделі жөндеуге жететін әжептеуір қаржы жинап алуға болады.
– Адамдардың санасын өзгерту керек. Жеке сектордағы үйлерде тұратын азаматтар мемлекетке баспанамды жөндеп бер деп айтпайды. Көп қабатты үйлердің тұрғындары да мемлекетке қарап, алақан жаймауы керек. Кондоминиум деп бөлінбейтін мүлікті атайды. Ал көп қабатты үйлер кондоминиумге жатады. Өйткені пәтер адамның жеке мүлкі болғанымен, есік алды, кіреберіс – үй тұрғындарының ортақ мүлкі. Құжатта пәтердің жалпы алаңы, тұратын алаңы көрсетіледі. Негізінде бөлінбейтін мүлікті де үшінші пункт ретінде қосу керек. Сондықтан көп қабатты үйлер кондоминиум нысанына кірмейді деген – қате ұғым. Адамдар мүлік бәріне ортақ екенін сезінсе, үйдің тазалығы мен сәніне көп көңіл бөлер еді, – деді Ә.Балбаев.
Оның сөзінше, үйді күтіп-ұстауды басқарушы компанияға да беруге болады. Ол кезде үй төрағасы компаниямен келісім-шартқа отырады. 10-20 үй бірігіп те басқару ісін сервистік компанияға тапсыра алады. Компанияның қызмет ақысы шоттағы ақшадан төленеді. Көрсетілген қызметтің қаражаты келісім-шарт арқылы аударылады. Яғни, шоттағы ақшаны басқарушы компания да, үй төрағасы да қолма-қол ала алмайды. Бұл қаржы операциясының ашықтығын, тазалығын сақтау үшін қажет. Сонымен бірге сайт арқылы басқарушы компанияның жұмысын, қаржыны қалай, қайда жұмсағанын біліп отыра алады.
Ә.Балбаев сайланатын үй төрағаларында міндетті түрде сертификаты болу керегін айтады. Ол – «Тұрғын үйді басқару менеджері» деген мамандықты растайтын құжат. Онсыз ешкім үй төрағасы қызметін атқара алмайды.
– Өз кезегінде басқарушы компанияның қарамағында істейтін мамандардың да қызметтерін растайтын сертификаттары болуы тиіс. Яғни, компания жұмысшылары кәдімгі кәсіби білікті мамандар болуы қажет. Бұрын слесарь, сантехник секілді мамандық иелері санаттары бойынша жұмысқа қабылданатын. Сол талапты қайтадан күшейтуіміз керек. Жұмыс сапалы атқарылуы үшін оны істейтін адамдар өз ісінің мамандары болмаса, ертең міндетті түрде тұрғындар тарапынан реніш туындайды. Жұмысшылардың біліктілігі, кадр мәселесі басты назардан түспеу керегі сондықтан, – дейді ол.
Ә.Балбаевтың мәліметінше, Шымкентте бүгінгі таңда 29 ПИК бар. Шектейтін заң болмағандықтан, олар бұрынғыдай қызметтерін жалғастыра береді. Дегенмен жаңа заңға сәйкес пәтер иелері кооперативтері басқарушы компанияға ауысса болады. Бірақ қойылатын талап сол біреу ғана – жұмысшылары сертификаты бар білікті мамандар болуы қажет. Ал ПИК-ке кірмейтін үйлерді тұрғындар өздері таңдап сайлаған жеке кісілер басқаруда. Жеке басқарудағы үйлер қалада көп. Бірақ, бір кемшілігі – жөндеу жұмыстары кезінде олар мамандарды еңбек биржасынан іздейді. Жарнама арқылы тапқан мамандардан тиісті сертификат та сұралмайды. Бұл өз кезегінде ертең жұмыстың сапасына кері әсерін тигізіп жатады.
Сонымен бірге Заңда ПИБ меншік иесі берлестігі деп көрсетілген. Сарапшы түсіндіргендей, бұрын көп қабатты үйлердің бірінші қабатындағы дәмхана, дүкендер пәтер иелері кооперативіне кірмеген. Кәсіпкерлер өздерінің ғимаратын кәсіпкерлік нысаны ретінде қабылдағандықтан, бірлестік мүшесі болып саналмаған. Ал жаңа ереже бойынша көп қабатты үйде орналасқан дүкен, дәмхана мен басқа да бизнес нысандары ПИБ-ке өтуі тиіс.
Биылғы 11 қаңтардағы мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан қаласында – 191, Алматыда – 216, Жамбыл облысында – 3, Қызылордада – 1 және Шымкентте 1 пәтер иелері бірлестігі тіркелген.
Ә.Балбаевтың айтуынша, үйлерді ПИБ-ке көшіру – уақыт талабы. Заң бойынша да жаңа бірлестікке өту талап етіледі. Тұрғын үй инспекциясы тұрғындармен екі рет кездесу өткізіп, ПИБ-ке өтуге шақырады. Егер ешқандай әрекет болмаса, үшінші жиналыста басқарушы компанияны мәжбүрлі түрде бекітіп береді. Себебі үйлер әрқашан таза да сәнді болып тұруы керек.