Версия для печати

Көктемнің Шымкенттен лебі еседі Избранное

Пятница, 19 Февраль 2021 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2107 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте шомылу маусымы басталғаны жайлы видео-ролик әлеуметтік желіні шарлап кетті. Балалардың суға түсіп жатқанын көргендер «Суықтап ауырып қалмай ма?» деп алаңдаулы.

102

 

Бұл, әсіресе, қыс ызғары кете қоймаған өңірлердегі тұрғындардың таңданысын туғызды. Тіпті, қар құрсауынан арылмаған, ақ түтек бораны басылмаған Солтүстік пен Шығыстың және Орталық
Қазақстанның жұртшылығы үшін таңғаларлық жайт болды. Әлі пешінен оты үзілмеген тұрғындарға шомылу маусымының ауылы алыс екені белгілі. Осындай сәтте өзенге шомылу өзге өңірдегілерге таң-тамаша боп көрінгені рас.

103


Расымен, үшінші мегаполисте ауа райы 20 градусқа жылыды. Сол екен, табиғат оянып, ағаштар бүршік жара бастады. Жердің сәніне айналған шым да
көгеріп жатыр. Ал көктем хабаршысындай бәйшешектердің гүлдегеніне біраз болды. Шуақты мегаполисте қаланың қақ ортасынан ағып өтетін Қошқар ата өзенінің жағасынан жыл бойы үлкен-кішінің қарасы үзілмейді. Шымкенттіктер үшін халықтың емдік терапиясына бергісіз денені сергітіп, 62 тамырыңа қан жүгіртетін Қошқар ата өзенінің орны бөлек.
– Мұнда күн сайын келемін. Негізі басым мен аяғым ауыратын еді. Осы бұлақтың суына шомылғалы денсаулығым жақсарды. Өзен суының емдік
қасиетін сезіндім. Әдепкіде суы тас төбеңді шымырлататын суық болғанымен, соңынан аяғың ысиды. Қан қысымы мен қан айналымы қалыпқа келеді. Тері
ауруларын, ас қорыту мүшелерін емдейтін қасиеті де бар, - дейді қала тұрғыны Сәкен Іздібаев.

105


Өзен жағасында шомылатындардан бөлек, денесін шынықтыруды әдетке айналдырған тұрғындар да бар. Таң алагеуімнен шақырымды бағындыратын желаяқтар жетерлік. Сондықтан қыстың соңғы айында шомылып жүргендерге шымқалалықтар таңданбайды. Өзен суына шомылу, жағасында серуендеу, жаттығу жасау қаланың күнделікті күйбең тірлігінен бөлек әдет пен дағдыға айналғаны қашан?!
Ал жазда өзеннің жағасы қала тұрғындары мен қонақтарына лық толады. Тіпті ине шаншар орын табылмайды. Аптап ыстықтан сая іздеген үлкен-кіші Қошқар атаның бойынан бір-ақ шығады. Табиғат-ананың керемет тартуы болған бұлақтың пайдасы мен игілігі шаш-етектен.
Бүгінге келіп жеткен өзен жайлы аңыз көп.
Бұрын бұл жерде бұлақ көп болған деседі. Сол себепті жұрт «Мыңбұлақ» атаған екен. Қошқар ата соның біразының көзін ашып, халықтың алғысына
бөленген көрінеді. Деректерге сүйенсек, Қошқар ата XI ғасырда өмір сүрген. Шын аты – Қылыш. Төртінші атасы Арқар деген ержүрек, батыр кісі болыпты. Сол: «Сен Арқардай бола алмассың, қошқардай бол», – деп бата берген екен. Қылыш кішкентайынан алғырлығымен, зеректігімен көзге түседі. Талабын ерте байқаған ата-анасы оны 7 жасында Бұқараға оқуға жібереді. Ол мұнда да дарын, қабілетімен ұстазының көңілінен шығады.

104


Көзі ашық, білімді Қылыш оқуын аяқтаған соң оңтүстік өңірге қайтып оралады. Мешіт, медресе ашады. Халықтың діни сауаттылығын көтеруге атсалысады. Алланың берген қасиетіменің көптеген бұлақтың көзін ашып, жерді суландырумен айналысқан. Содан бері «Қошқар ата» атанған деседі. Бұл өзен бастауын Қазығұрт тауының төменгі тұсынан алады.
Жазда жанға сая болатын, емінің өзі бір бөлек Қошқар ата өзені қаланың бойтұмарындай көрінеді. Тек республиканың түкпір-түкпіріндегі ағайынды таңырқатып қоймай, денсаулыққа пайдалы, дертке шипалы екенін ұмытпай, тазалықты сақтасақ болғаны!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.