ТҰРҒЫНДАР ӘКІМ ЕСЕБІНЕ БЕЛСЕНДІ ТҮРДЕ ҚАТЫСТЫ Избранное

Пятница, 26 Февраль 2021 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2818 раз

Шымкент қаласында білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін 5 жылға жоспар жасалған. Соған сәйкес, 2025 жылға дейін Шымкентте 85 мектеп ашылады. Оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, 40 мектепті жеке инвесторлар салады. Оның ішінде биыл 32 мектептің құрылысы басталады. Алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі.

158

 

Бұл туралы өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
— Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының небәрі 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Ол үшін бұрынғы Фосфоршылар сарайын қайта жөндеп, Жастар сарайы етіп қайта ашамыз. Одан бөлек, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастауды көздеп отырмыз. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қосымша біліммен қамтуды қазіргі 16 пайыздан 55 пайызға жеткізуді жоспарладық, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, білім саласындағы келесі үлкен мәселе – материалдық-техникалық база. Оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Биыл мектептерді жабдықтауға 6 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Мектептер 259 арнайы пәндік кабинетпен жарақтандырылады.
—Былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл жұмыс биыл жалғасады. Одан бөлек, биыл 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынады. Былтыр балаларымыздың қауіпсіздігі үшін іште әжетханасы жоқ 36 мектепке әжетхана орнатып, бұл мәселе толық шешілсе, биыл білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау және турникет қойылады және ол полициямен қосылады, — деді М.Әйтенов.

161


Айта кетейік, Шымкентте 14 үш ауысымды, 21 оқушы орны тапшы, 1 апатты мектеп бар. 13 тұрғын алабында мектеп мүлде жоқ. Оған қоса, халық саны өсіп келе жатыр. Мектеп оқушыларының саны былтыр бір жылда 20 889 балаға көбейді. Сондықтан білім саласының инфрақұрылымын үздіксіз дамыту айрықша маңызға ие.

Қала әкімі есеп беру кезінде денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне де айрықша назар аударды. Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, былтыр қала тұрғындарына кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсетуге бөлінген қаржы 88 пайызға артқан. Осы мақсатқа 2019 жылы шамамен 42 млрд. теңге бөлінсе, былтыр 80 млрд. теңгеге жуық бөлінген. Шаһар басшысы Шымкентке бұрын-соңды мұнша қаржы бөлінбегенін, биыл да осы деңгейде қаражат қаралатынын атап өтті.
—Медицина саласында тағы бір үлкен жаңалық болғалы тұр. Онкологиялық ауруханада биыл ПЭТ/КТ орталығы мен сәулелі терапия орталығы ашылады. Мұндай орталықтар Қазақстанда қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана бар. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік медицина ұйымдарының бәсекелестікке қабілеттігін арттыра түседі. Бас дәрігерлердің міндеті науқасқа жағдай жасау, адам емханадан көңілі тоқ болып шығуы тиіс. Жақсы дәрігер сөзбен де емдеп жібереді. Басы ауырып, балтыры сыздап келген науқасты емдеуден бұрын, оны күлімдеп қарсы алу, мейіріммен қабылдау да аса маңызды, — деді М.Әйтенов.
Өткен жылы Шымкентте 31 455 сәби дүниеге келді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға жақсарып келе жатыр. Сондықтан қала әкімі М.Әйтенов перзентханалардағы орын тапшылығын жою, ондағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға баса назар аударып отыр. Соның нәтижесінде бүгінде қаладағы 4 перзентхананың 2-еуі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жақында қайта іске қосылады. Мұрат Дүйсенбекұлы нөмірі бірінші аурухананың жанынан бесінші перзентхананы ашу көзделіп отырғанын айтты. Былтыр медициналық құрал-жабдыққа бюджеттен 6 млрд. теңге қаржы бөлінгенін айтқан шаһар басшысы биыл да материалдық-техникалық базаны нығайту жалғасатынын жеткізді.
—Шымкенттің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалып жатыр. Бастапқы медициналық көмекке көп көңіл бөлетін боламыз. Бұл салаға жеке инвесторлар да келіп жатыр. Жеке емханалардан бөлек, биыл бір мың орындық заманауи аурухана құрылысын бастау жоспарланып отыр, — деді қала әкімі.

159

Есеп кезінде қала әкімі экономикаға инвестиция тарту, өнеркәсіп, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй құрылысы, жол, ауыз су, сапалы электр қуатымен қамту, газдандыру, кәріз бен жылу жүйелерін жаңарту мәселелерін сөз етіп, атқарылған істермен бірге алдағы жоба жоспарларымен де бөлісті.
ZOOM формасы мен барлық әлеуметтік желілерде онлайн режимде өткен есепті кездесу барысында тұрғындар қала басшысына өздерін мазалаған сауалдарын жолдады. Мәселен, қала тұрғыны Ақжол Қожақұлов Құрсай шағын ауданындағы көптеген көшелердің атауы жоқ, тек реттік нөмірі бар екенін, сондықтан мекенжайды табу қиынға соғатынын айтты. Осыған байланысты М.Әйтенов ономастикалық комиссия 2 жыл бұрын жаңа атау беруге уақытша мораторий жариялағанын, өткен жылы сол шектеу алынып тасталғанын атап өтті. Шаһар басшысының айтуынша, өткен жылдың соңында Шымкент қаласы Абай ауданында 318 көшеге жаңадан атау берілген. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, көше атауы жазылған тақтайшаларға тапсырыс беріліпті. Соның ішінде Құрсай шағын ауданындағы 30 көше де бар. Тақтайшалар мамыр айына дейін орнатылады.
Ал, №16 шағын аудандағы 4-үйдің тұрғыны Нина Томина көпқабатты үйдің ауласындағы арық-атыздардың толып, бекітіліп қалуына байланысты жауын-шашын кезінде су жиналып, үйдің жертөлесіне құйылып жатқанын айтып шағымданды. Осыған байланысты ол ауладағы ирригациялық жүйені жаңартып беруді сұрап отыр. Аталған сауалға байланысты М.Әйтенов жауын-шашын суы жинақталатын 24 орын анықталып, проблеманы шешу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар жасалғанын айтты. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатқанын, жеңімпаз анықталған соң биыл қалада 2 900 метр ирригация жүйесі жаңартылатынын алға тартты.

160


Жалпы, онлайн кездесуге қала тұрғындары белсенді түрде қатысып, көптеген сауалдар жолдады. Қала әкімі барлық сұрақтар назарға алынып, тұрғындар көтерген проблемаларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалатынын, оның орындалу барысы туралы есеп тоқсан сайын қала әкімдігінің ресми интернет ресурстары мен БАҚ-та жарияланатынын атап өтті.