ҒАСЫРЛАР ҚОЙНАУЫНАН ЖЕТКЕН АЛҒЫС Избранное

Среда, 03 Март 2021 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 968 раз

130-тан астам ұлт бір шаңырақ астында

Шымкентте Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты жанындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.
Салтанатты жиынға қаламыздағы түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олар Қазақ елінің дархан көңіліне алғыс айтып, құрмет көрсетті.

182

 

–Шымкенттіктер биыл Алғыс айту күнін бесінші рет атап өтуде. «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі түрлі этностардың қолдауымен бой көтерген болатын. Тоталитарлық жүйенің өктемдігімен түрлі ұлттардың күштеп жер аударылғаны белгілі. Дала пейілді, дархан көңілді қазақ халқы оларды жатсынбады. Барын тосты, бауырына тартты. Міне, ынтымақ пен бірліктің арқасында қазақ елі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астына ұйыстырды. Тату-тәтті тұрып жатқан бейбіт елге айналды,- дейді «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гауһар Төлепова.

«Қазақ еліне мың алғыс!»

Қала әкімдігінде түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен өткен жиын «Ғасырлар қойнауынан жеткен алғыс» деректі фильмінің көрсетілімінен басталды. Басқосуда өткен ғасырда қуғын-сүргінге ұшырап, тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдері басынан өткерген өмір тарихы мен бүгінгі ғұмырының игіліктері үшін алғыс айтты. Шешен этномәдени бірлестігінің өкілі Якуб Дагаев қазақ халқынан жамандық көрмегенін, қазіргі күніне шүкірлік ететінін айтса, Роза Пак корей халқының атынан ақ жүректен, ақ ниеттен туған ізгі тілегін жеткізді.
Ал шаһар басшысы Мұрат Әйтенов көктемнің алғашқы жайма-шуағымен бірге көңілдерге қуаныш сыйлайтын, ізгілік пен құрметке толы Алғыс айту күніне арналған игі тілегін былай жеткізді:
–Бұл мереке өмірімізге нық еніп, игі дәстүрге айналды. Ел халқының ынтымағын арттырып, ауызбіршілігін нығайтуға қызмет етіп келеді. Қиын-қыстау жағдайда жабыққанда жебеу, тарыққанда демеу болып бір-біріне қол ұшын созып көмек көрсету – халқымыздың қанында бар ізгі қасиет, - деді М.Дүйсенбекұлы.

Құрт – Алғыстың символы

184

Бұдан кейін айтулы мерекеге орай қаламыздың бірнеше локациясынан этнос өкілдері тікелей эфир арқылы байланысқа шықты. Тәуелсіздік саябағында Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете орындады. Қайтпас шағынауданында тұратын түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі, 82 жастағы қария Башат Алиев пандемия кезінде отбасын коронавирустан емдеген дәрігерлерге алғыс айтып, өз тілінде
«Жаса, Қазақстан!» әнін шырқады. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 30 этностың жастары және кәріс ұлтының өкілі Павел Ким де қазақ еліне алғысын білдірді. Шымкент қаласының тұрғыны, шешен-ингуш этносының өкілі Кабайха Ингашова қиын-қыстау заманда депортацияланып, пана тапқандығы жөнінде еске алып, қазақ еліне алғыс айтты. «Барлық балаларым Қазақстан Республикасының азаматтары. Құдайға шүкір, үйіміз де, күйіміз де бар. Қазақ-шешен болып ауызбірлігімізден ажыратпасын», - деп ағынан жарылды.
88 жастағы Еңбек ардагері Садыр Хасанов: «1944 жылы 12 жастағы бала едім. Қараша айының ызғарлы түндерінің бірінде Сталиннің суық әскері келіп, бала-шаға, әйелдерді мұздай вагонға күштеп тиеп алып кетті. Пойыздан түскенде бізді қазақ халқы күтіп тұр екен. Ат арбаларға мінгізіп, үйлеріне апарып, қоныс берді. Әрқайсымызға бір-бір құрт пен наннан беріп, әл жинағанымыз әлі есімнен кетпейді. Қиын қыстау кезеңде бізге пана болып, аман қалуымызға ықпал еткен қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Менің немерелерімнің көбісі түрік тілін білмейді де. Өйткені, біз қазақ халқымен біте қайнасып кеткенбіз», - деді.
20 ғасырда депортацияға ұшырап, елімізге келіп қосылған Башқұрт этномәдени бірлестігінің мәдениет қызметкері Зейтуна Шафикова баянның сүйемелдеуімен «Арыс жағасында» әнін орындап берді. Ол әкесінің ашаршылық жылдары Созақ жеріне қоныс аударып, Қаратаудың етегінде Төлеген Момбековтің күйін тыңдап өскенін, қанында башқұрттың қаны аққанымен, тілі, ділі, жүрегі қазақтыкі екенін тебірене жеткізді.
Жиын соңында барлық қатысушыларға құрт таратылды. Бұл іс шараның ең бір әсерлі сәті де осы еді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өзінің Фейзбук әлеуметтік парақшасында: «Мерекенің символдық мәнін ашу үшін Шымкент қаласы бұл күнді құрт таратумен бастап отыр. Қазақтың құрты – Алғыстың символы. 30-40-жылдары Кеңес өкіметі «сенімсіз халықтар» мен «халық жауларын» қазақ даласына айдаған. Қазақтар қамақта отырғандарға көмектескісі келеді. Алайда көмектесейін десе, өздері қудалауға ұшырайды. Не істеуге болады? Үлкен кісілер ақылдасып, балаларға лагерьлерде жұмысқа жегілген тұтқындарға құрт лақтыртады екен. Оны көрген күзетшілер «халық жауларын жергілікті халық та қорлап жатыр» деп мәз болысады.
Қамақтағылар түрі әкке, пішіні тасқа ұқсайтын белгісіз затты тіске басса, үгітіліп, кепкен сүзбенің дәмі татиды. Оның тағам екенін ұғып, содан бастап «тас» лақтырған балаларға бас изеп, алғыс айтып, құртты теріп алып жүрген екен.
Міне, осындай тапқыр ата-әжелеріміздің рухының разылығы үшін Шымкентте Алғыс айту күнінде құрт таратайық деп шештік. Осы жерді мұра еткен ата-бабаларға, өмір берген ата-анамызға, азамат етіп отырған елімізге мың алғыс!», - деген ойымен бөлісті.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.