Шымкенттің «Қаратауы» – Тәуелсіздіктің төл жемісі Избранное

Пятница, 12 Март 2021 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2386 раз

2014 жылдың желтоқсаны. Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып тұрған кез. Шырайлы Шымшаһардың аумағы жыл өткен сайын кеңейіп, халық саны көбейген соң қалада төртінші аудан құру туралы мәселе күн тәртібіне шықты.

231

 

ОҚО әкімдігі мен мәслихатының «Шымкент қаласында төртінші ауданды құру және қала аудандарының шекараларын белгілеу туралы» бірлескен қаулысы мен шешіміне сәйкес Қаратау ауданы болып құрылды. 2015 жылдың сәуір айында аудан әкімі аппаратының қызметкерлері толық жұмысқа қабылданды. Өткен күнде белгі бар дегендей, сол кезеңде аудан әкімі аппаратында 50-ге жуық қызметкер бар болғаны екі-ақ компьютермен ауданның сайлау жұмыстарын өткізіпті.

234


Жаңа ауданға ат қоюда өңірдің қадірлі азаматтары, қоғам қайраткерлері айтуға тұрарлық бірнеше атауларды ұсынып, көпшілік талқысына салды. Сол кезде жазушы Еркінбек Тұрысов жаңадан ашылатын ауданға қасиетті Қаратау тауының құрметіне «Қаратау ауданы болып аталсын» деп ұсыныс берген. «Қазақта Қаратау мен Алатау таулары қасиетті саналады. Алматы қаласында Алатау ауданы бар, Шымкент қаласында Қаратау ауданы болса, өскелең жас ұрпаққа тарихын біліп жүруге зор ғибрат болар еді», - деп қаламгер өз ойын айтқан екен.
Барша қазаққа мәлім Қаратау қазақ жеріндегі ежелден келе жатқан ең көне тау. Ол туралы небір аңыздар бар. «Қазыналы қарт Қаратау» деген ұғым қалыптасқан қазақ халқында. Тағы бір тоқтала кететін жайт, аудан аумағына қарасты елді мекендер де облыстың теріскей жағын ала, солтүстік шығысын бойлай Қаратау сілемдері беткейіне қарай орналасқан. Сондықтан да Қаратау атауы аудан тұрғындары үшін аса қымбат.
Жаңа ауданның алғашқы әкімі болып әкімдіктің бірлескен отырысында, көпшіліктің дауысымен сол тұстағы қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Исмаилов тағайындалды. Жалпы, ауданның құрылғанына 6 жылға жуық уақыт өтсе, осы жылдар ішінде Ғ.Ыбрайұлынан бөлек үш бірдей әкім басшылық еткен екен. Олар Ғабит Мәуленқұлов, Исамидин Қантөреев және қазіргі таңда Абзал Әліқұлов басқарып келеді.
32,256 гектар аумақты алып жатқан ауданның халық саны – 247 676. Құрамына 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алабы кіретін Қаратауды Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен айтулы жетістігіміз дер едік. Қала сыртындағы 30 шалғай елді мекен Қаратау ауданына қосылды деп айтамыз-ау. Бірақ, ол шағынаудандар мен тұрғын алаптарының инфрақұрылым мәселелері әу бастан өте өткір. Әсіресе, ауыз су, табиғи газ және жарық, жол мәселелеріне келгенде әлі де шешімін күтетін елді мекендер бар. Мұнда атқарылып жатқан, алда атқарылар жұмыстың бәрі де ел игілігі үшін жасалуда.
«Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ» деген әйгілі тіркес бар еді. Сол айтпақшы, Қаратау да әсті-әсті инфрақұрылым, инновация һәм инвестиция иіндігін ақырындап игеріп келеді.
– Зерделеу жұмыстары барысында ауданда қала құрамына қосылған елді мекендер, оның ішінде Сайрам елді мекені аумағында қиындық туындатқан мәселелер өте көп болды. Атап айтар болсақ, тұрғындардың қалада тіркелмеуі, құжаттарының ресми тіркелімдері Сайрам ауданы құрамында болуы, аталған мәселелер салдарынан көпбалалы аналардың әлеуметтік көмек түрлерін алуда қиындықтарға кезігуі және т.б. Сонымен бірге, Азат шағынауданындағы заңсыз жер телімдері, Асар-2 шағынауданының және өзге де елді мекендердің инфрақұрылым мәселелеріндегі қиындықтардың оңтайлы шешімін табуы бойынша аудан әкімдігі алдында үлкен жауапкершілік жүгі тұр, - дейді Абзал Әліқұлов.

233


Бұл аудан – қаланың жаңа заманауи орталығы. Көркімен көз тартатын әсем ғимараттардан бөлек, ең алдымен магистральдық жүйелер (АГРС, «Бозарық» подстанциясы) Тұран шағынауданынан басталып, ретімен әр елді мекеннен өтетін болады. Аудан басшылығы дәл қазіргі кезеңде қалаға шалғай елді мекендерде жарықтың жиі сөнетіні жасырын емес екенін, соның бәрін реттеу үшін аты аталған магистральдық жүйелер салынып жатқанын, бұл тұрғыда ауданның 5 жылдық даму жоспары жасалғанын айтады. Расымен, бұған дейін қала іргесінде орналасса да, су тасып, көмір жағып, топырақ кешіп келген елді мекендер бүгінде қасиетті тәуелсіздіктің, мамыражай өмірдің, берекет тіршіліктің дәмін татқаны көзі қарақты әрбір жанға сезілердей.
«Ауданымыздағы жалпы 47 202 тұрғын үйдің 34 833-і, яғни 73,7% табиғи газбен қамтылған. 37 169 үй, яғни (78,8%) – қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің балансында. 10 033 үй (21,2%) жеке меншіктегі электр трансформаторлары арқылы электр жарығын пайдалануда. 36 324 яғни, 77% тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 5 937 тұрғын үй, 12,6% – кесте бойынша, ал тасымал сумен қамтылғаны – 4 941 үй, бұл – 10,4 % құрайды», - деді Абзал Шымкентбайұлы.
Қала бойынша құрылыс жұмыстарының 60 пайызы Қаратау ауданына тиесілі. Аудан аумағында азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Олар негізінен ӘІО, Тұран шағынаудандарында «BІ-group», «Отау-строй», «Оңтүстікқұрылыссервис» компанияларының тұрғын үй кешендері салынуда. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 2020 жылдың қорытындысымен 537616 шаршы метрді құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Ал осыдан 6 жыл бұрын ауданда бірыңғай жер үйлер ғана болатын. Бүгінде аудан өсіп, өркендеп, келбетті, заманауи аудан ретінде қанатын кеңге жайып келеді.
Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 154,9 млрд. теңгені құрап, 76,9 пайызға өскен. Жалпы қала бойынша инвестицияның 54,6 пайызы Қаратау ауданына құйылады.
Аудан аумағында жалпы 989 кәсіпкерлік нысан орналасқан. Әкімдіктің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Гүлсина Бердібекованың айтуынша, аудан кәсіпкерлері қайырымдылық жасаудан бірде-бір рет бас тартпапты. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ауданда ретсіз орналасқан сауда орындары мүлде жоқ деуге болады.
Өткен күнге көз жүгіртер болсақ, 2015 жыл аудан әкімдігінің құрылуы «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Ата Заңға – 20 жыл» секілді тарихи маңызды даталармен тұспа-тұс келді. Аудан әкімінің бастамасымен аудандық «Ардагерлер кеңесі», «Аналар кеңесі» құрылды. Сол жылы «Қазақ хандығына – 550 жыл» толуына орай, аудан жастарын қолдау мақсатында «Тәуелсіз ел жастары» форумы өткізіліп, дәстүрлі іс-шараға айналды.
Көп балалы аналарды, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында да бүгінге дейін көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазірге дейін аудан бойынша жалпы 700-ге жуық көп балалы ана Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған арнайы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алғандар саны – 14 444 (2020 жылы). Сондай-ақ, ауданның көп балалы аналарына, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларына аудан кәсіпкерлерінің демеушілігі есебінен тұрақты түрде көмек беріліп келеді.

P.S. 

Қаратау – Шымкенттің кенже баласы. 30 жылдық тәуелсіздігіміздің жемісі. Алты жылдық тарихы бар аймақ шалғай елді мекендердің, жалпы тұрғындарының мәселесін шешуге бет бұрған. 2020-2025 жылдарға арналған «Қаратау ауданы аумағындағы тұрғын алаптар мен шағынаудандардағы туындаған өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары» бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстарды уақытылы атқару межесі қойылып отыр. Оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамту, жарықтандыру жұмысын жүргізу, жолдарды асфальттау, аялдамалар орнату, табиғи газбен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікпен қамту, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие, отансүйгіштікке баулу, салауатты өмір салтын ұстану жұмыстарын жалғастыру, аудан аумағының санитарлық тазалығын тұрақты түрде қамтамасыз ету және аулаларды абаттандыру.
Байқасақ, алты жылда ауданның жеткен жетістіктері аз емес. Аудан аумағындағы 46 мектепте 59 109 оқушы білім алуда. 2023 жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешімін табатын болады. 2015 жылы аудан бюджеті 212 964 мың теңгені құраса, аудан әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз етуге 2020 жылға 1 964 033,0 мың теңге қаржы қаралған. Бұл да болса, тәу етіп отырған тәуелсіздігіміздің арқасында шыққан бір биік белес деп айтсақ жарасады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.