Төртінші тоқсан, ҰБТ: не өзгеріс бар? Избранное

Пятница, 02 Апрель 2021 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2559 раз

Шымкентте жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары IV тоқсанды сыныптардағы бала санын 25 адамнан асырмай, аралас форматта оқытылатын болады. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баспасөз брифингінде мәлімдеді.

556

 

– Контингенті 300 оқушыға дейінгі мектептерде сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға, білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады, - деді Жанат Арысбекқызы.
Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан берілген шағымдардың басым бөлігі мектептегі асхана мәселесіне қатысты болып отыр. Жанат Арысбекқызы «менің балам ыстық тамақ ішкен жоқ, орнына қаржысын беріңіз» дейтін ата-аналарға қолма-қол ақша беру ешқандай Заңда қарастырылмағанын айтады.
Сала басшысының айтуынша, білім беру нысандары «Infokazakhstan.kz» порталына тіркеліп, ҚР Денсаулық сақтау министрі бұйрығының талаптарын сақтаған кезде білім беру мекемелеріндегі қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметіне рұқсат беріледі.

Арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арналған (оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға) арнайы, мамандандырылған ұйымдардың, арнайы мектеп-интернаттардың, жалпы типтегі мектеп-интернаттардың, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың қызметі қалыпты жағдайда ұйымдастырылады.
Колледждердің 1 курс студенттері екінші семестрде штаттық режимде білім алады. Білім беру процесінің барлық қатысушылары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс. Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етеді. Білім алушылар мен педагогтер жеке гигиена ережелерін және санитариялық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Яғни, балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бетперде тағып, ара қашықтықты сақтау, сабақ арасында терезелерді ашып отыру мәселесі басты назарда.
Ата-аналар тарапынан балалардың жеке гигиенаны және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін түсіндіруі өте маңызды.
– Бұл тоқсандағы негізгі мақсат – жалпы пәндерді қайталау, жіберілген олқылықтарды толтыру, қосымша сабақтар арқылы білімін жетілдіру. Ол үшін маусым айында тағы бір ай қосымша үйірме сабақтарын ұйымдастыру туралы ұсынымызды Білім және ғылым министрлігіне жолдадық, – дейді Ж.Тәжиева.
Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ.
Тағы бір жаңалық, биыл елімізде бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесіне де өзгерістер енгізілген. Енді ЖОО-на түсуге талапкерлерге төрт рет тестілеуден өтуге мүмкіндік қарастырылған. Оның екеуі – ақылы, екеуі – ақысыз. ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша тест 140 сұрақтан 120 сұраққа төмендетілді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.