Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысты. Елшібек батыр көшесінің бойында орналасқан дүкен 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Аталған жобаға бөлінген инвестиция құны – 50 млн теңге. Бұл дүкенде тек қана Шымкентте өндірілген азық-түлік тауарлары, жылыжай өнімдері жинақталған. Яғни, азық-түлік тауарын өндірушілер мен дүкен иесі арасында ешқандай делдал жоқ. Сонымен қатар, мұнда өнімдер қаладағы орташа нарықтан 20 пайыз төмен бағада сатылады.
Қала әкімі жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін осындай дүкендер бойынша үйлестіруді ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысына тапсырды. Тауарлардың түрлерін көбейтуді де міндеттеді.
М. Әйтенов экономикадағы бағаны тұрақтандырудың бірден бір жолы ретінде осындай дүкендерді көбейту бағытында жұмыс жанданатынын атап өтті.