Версия для печати

Балалар үшін рухани мекен Избранное

Пятница, 09 Апрель 2021 03:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3548 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі Забадам елдімекенінде ашылған Отбасылық кітапхана бүгінде үлкен-кішінің көңілінен шығып үлгерді. Сырттай қарағанда үйге көбірек ұқсайтын рухани мекеменің жарқыраған қасбеті келушілердің назарын еріксіз өзіне аударады.

590

 

Бізді қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасының әдіскері Нұржамал Бектұрғанова жылы қарсы алды. Әдіскер мұнда көп жыл бұрын балалар кітапханасы болғанын жеткізді. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында оған «отбасылық» тіркесін қосып, балалармен қатар үлкендердің де келуіне мүмкіндік жасалыпты.

 

Екінің бірі телефонға телмірген уақытта мұны көпшілікті одан алыстатудың тиімді тәсілі деуге болады. Әсіресе, гаджет пен смартфоннан бас алмайтын балалар онда әке-шеше, ата-әжелерімен бірге уақытты ұтымды өткізе алады. Көңілі қалаған кітапты оқимын десе, мархабат! Тіпті мұнда үйірме жұмысын ұйымдастырып, клуб, коворкинг-офис құруға мүмкіндік бар. Мұнан бөлек, ата-әжесі, әке-шешесі кітап таңдап, газет-журнал парақтап отырғанда балалар аулада емін-еркін ойнай алады. Ал шахмат бұрышында балалар үстел үсті ойындарының қызығын арттырады. Мұнда әртүрлі шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.

 

«Ғимараттың жаңарып, келушілердің саны артқаны көңіл қуантады. Өйткені жан-жағында мектеп, балабақша, үйлер орналасқан. Қорымызда 35 мың кітап бар, оның 6 мыңы қазақ тілінде. Соңғы жылдары көптеген кітап, оның ішінде қазіргі заманғы авторлардың еңбектерімен толығуда. Жастарды психология, көшбасшылық қасиетті, іскерлік белсенділікті арттыру жөніндегі жаңа дүниелер қызықтырады. Олар үшін әлемдік бестселлерге айналған Дейл Карнеги, Стив Джобс еңбектері қойылған. Ал аға буын өкілдері әлемдік классикаға, тарихи шығармаларға әуес,- дейді Нұржамал Бектұрғанова.

 

Отбасылық кітапханада үйреншікті интерьердің орнын барлық оқу залында жұмсақ жиһаз бен орындықтар, ерекше тартымды сәкілер, терезе тұсындағы әдемі үстелдер мен орындықтар алмастырған. Қазақстандық суретшілердің картинасы орнатылған.

 

Жаңа кейіпке енген кітапхананың ерекшелігі сонда, оқырман отбасыға түгел абонент беріледі. Арнайы электронды карточкада отбасы мүшелері туралы ақпарат толық көрсетілген. Кітапханашы компьютерлік бағдарламаның көмегімен олар қандай кітапты қашан алғанын, кітапты уақытылы әлде кешіктіріп қайтарғанын, ұқыпты ұстаған-ұстамағанын тексере алады.

 

Бонусты жүйе тұрақты оқырмандарға түрлі жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Оларға әртүрлі шараларға, қойылымдар мен концерттерге тегін билет ұсынылады.

 

Тамаша жобаны алматылық «Креативті бюро» командасы жүзеге асырыпты. Аталған команда әртүрлі жастағы келушілердің сұранысын өтеу мақсатында жаңарған кітапханалардың дизайнына көңіл бөліп келеді. Идея авторы Кристина Бекмурзаеваның айтуынша, үй үлгісіндегі кітапхана қаланың орталығында емес, шеткері бөлігінде орналасқан.

 

Қазір жастар селфи жасауға үйір. Дизайнерлер мұны да ұмытқан жоқ. Отбасылық кітапханада бірнеше фотоаймақ ұйымдастырылған.

 

«Біз оларды «тыныш» және «белсенді» деп бөліп қарастырдық. Филиал аумағы үлкен емес. Осыны ескеру арқылы «Шахматты үйшік» тұжырымдамасы негізінде маусымдық емес павильон бой көтерді», – дейді Кристина Бекмурзаева.

 

591


Кітапханаға көп жылдан бері Нина Сечина жетекшілік жасап келеді. Ол балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін көптеген жұмыстар жасалып жатқанын айтады. Мәселен, Нина Петровна келген балаға сөреден сиқырлы таяқшасын алады. Сөйтіп 3D форматында безендірілген «Адам денесі» атты кітап мен арнайы көзілдірігін ұсынады. Көз алдындағы ірі көлемді әріптердің баурап алғаны сондай, бала жанындағы басқа кітаптарға қол созғанын байқамай да қалады. Бір сөзбен айтқанда, рухани ордадан үлкен де, кіші де кеткісі келмейді. Үлкендермен жиі еріп келген балалар, зообақ, цирк қойылымдары мен мәдени орындардағы шараларға барып, тегін тамашалай алады.

 

Белгілі болғандай, қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы да жаңартылуда. Руханият ордасының директоры Жанар Сауғамбаева жас оқырмандарды кітап оқиға тартуға әсер ететін ең маңызды әрі басты институт – отбасы екенін айтады. Кітапхана сәті түссе, 1 маусым- Халықаралық балаларды қорғау күнінде кішкентай оқырмандарымен қайта қауышпақ.

 

Қазіргі таңда балаларды кітап оқуға баулу, кітап үрдісін қалыптастыру ерекше назарда. Бүлдіршін кезінен бастап кітап оқыған жасөспірімнің болашағынан саналы ұрпақ көруге болады. Осы орайда кітапхананың басты мақсаты – балалар әдебиетін дамыту, оқу мәдениетін арттыру, қазіргі заманғы оқырман келбетін қалыптастыру.

 

Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл ретте балалар кітапханаларына көп жұмыс атқаруға тура келеді.

 

Қалалық балалар кітапханасында алдағы уақытта түрлі тренинг, шеберлік дәрістері, дайындық курстары мен тіл үйрену бұрыштары қызмет көрсететін болады. Бұның бәрі баланың зейінін арттыруға барынша көмектеседі.

Последнее изменение Пятница, 09 Апрель 2021 04:11
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.