Шымкентте «Егемен Қазақстан» көшесі бар

Среда, 14 Апрель 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2787 раз

Бозарық шағынауданында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің атына көше берілді. Салтанатты іс-шараға журналист-жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

613

 

–«Егемен Қазақстан» сәулесі бар, тарихы терең, жөні бөлек, жосығы ерек басылым. Арысы Алаш арыстары, берісі Шерхан, Әбіш, Сауытбек секілді тұлғалар басқарған, қазір Ұлттық ғылым академиясының академигі Дархан Қыдырәлі басқаратын еліміздің бас газеті. Қазір адамзат пандемиямен ымырасыз күрес жүргізуде. Бұл ауруды жеңіп шығу үшін санитарлық ережені мүлтіксіз орындауымыз қажет. Індет жауапкершілікті, темірдей тәртіпті, мұнтаздай тазалықты талап етеді. Өзім «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі болып 5 жылдай жұмыс істедім. Сондықтан мен үшін бұл басылымның орны әрдайым жоғары, қадірі биік. Құдай қаласа осы көшеде шаттықты күндер көп болсын. Ұрпақтар көбейіп, еліміздің несібесі арта берсін, - деді қаламгер М.Байғұт.
Басылымның бас редакторы Д.Қыдырәлі осынау бастаманы шымкенттік ноу-хау деп атап, аталмыш жобаның жүзеге асуына мұрындық болған қала әкімдігіне шын жүректен алғыс білдірді.
–Бұл күн қазақ баспасөзі үшін тарихи сәт. Күні кеше «Егемен Қазақстанның» жүз жылдығы аталып өткен еді. Енді міне тағы бір қуаныштың куәсі атанып отырмыз. Бұл тек газетке емес, оны басқарған Алаш арыстарына, жалпы қазақ баспасөзіне көрсетілген құрмет деп білемін. Газеттің ең үлкен оқырманы Шымкент қаласында. Мұнда 50 мыңнан астам оқырманымыз бар. Өткен жылы үшінші мегаполиске арнап арнайы бет аштық. Шымкент әрдайым жақсылықтың жаршысы бола берсін. Жас буын жетілген сайын оқырман да көбейеді деген сенімдеміз, - деді ол.
Қуанышпен бөлісуге келген ауыл биі Байсапаров Серік ақсақал жиналған көпшілікке ақ батасын беріп, көшені таза ұстауға тұрғындар атынан уәде беретінін айтып, басқа да аты жоқ көшелерге тезірек атау берілсе деген тілегін жеткізді.
Салтанатты іс-шара соңында көше атауы жазылған тақтайша символикалық түрде жазушы Мархабат Байғұт пен ауыл биі Серік Байсапаровқа тапсырылды.