iKomek: жедел әрі сапалы жұмыс Избранное

Среда, 21 Апрель 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1309 раз

Өздеріңізге белгілі бүгінде шымкенттік  тұрғындардың тұрмыстық, әлеуметтік мәселелеріне тиісті сала мамандарының назарын аудартуда бұқара мен биліктің арасында көмекші қызмет атқаратын «Шымкент қаласының Ситуациялық Ikomek109 орталығы» бар.

653

 

– Орталыққа соңғы 3 айда 52 325 арыз-шағым келіп түссе, оның 51 539-ы бойынша нақты шешімдер шықты. Яғни өтініш орындалды. 81 арыз-шағымға қатысты тиісті мекемелерден жауаптары берілген. Қазір бұл бойынша да тұрғындардан кері-байланыс күтілуде. Ал қалған 705 арыз-шағым қаралуда.
Айта кету керек, көптеген арыз-шағымдар жол инфрақұрылымына қатысты. Жолдарды жөндеуге байланысты сұрақтар өте көп. Өткен аптадан бастап қала көшелерінде шұңқырларды жамау, асфальт төсеу, жолды ретке келтіру ісі қолға алына бастады, – дейді орталықтың басшысы Азат Әміртай.
Дегенмен, орталыққа келіп түскен арыз-шағымдардың басым көпшілігі бойынша жұмыстар 2022-2023 жылдары атқарылатыны да жасырын емес. Себебі, инфрақұрылымдық жоба, құрылыс жұмыстарын алдын ала жоспарлауға байланысты кейбір өтініштердің орындалуы уақыт оздыруға тура келеді екен.
Жоғарыда атап өткеніміздей қала тұрғындарынан келетін өтініштер сан алуан. Мысалы, өзін Нұргүл Аралбаева деп таныстырған қала тұрғыны сапалы интернетпен қамту мәселесін айтып хабарласқан. Абай ауданына қарасты Құрсай шағынауданында тұратын ол «Абай ауданының әкімінің қабылдауында ақпанда болдым. Біз тұратын аймақта интернет мәселесі наурыз айына дейін шешіледі деген еді. Ал қазір сәуір айы да өтіп барады. Ешқандай өзгеріс жоқ» дейді.
Осыған орай, iKomek орталығының мамандары аудан әкімінің бұл орайда нақты қандай іс атқарып отырғанын, қала тұрғынына тез арада ол туралы хабарлама беруін сұраған. Абай ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Оңғар Әбілқайырдың жауабына сүйенсек, Құрсай шағынауданын интернет жүйесімен қамтамасыз ету үшін №49 орта мектептің аумағынан жер телімі бөлініп, биыл қыркүйек айында шағынаудан тұрғындары сапалы интернет желісіне қосылу мүмкіндігін алмақ.
Тағы бір қала тұрғыны Альвира «Шымкентте неге күнбағыс майының бағасы қымбаттап кетті? Дүкендерде 800-1000 тг-ден 1 литріне сатып жатыр. Бағаны кім қадағалайды? Қай жерден қолайлы бағада сатып алуға болады?» деп сұрайды.
Орталықта тұрғындардың арыз-шағымдарына жауапты мекемелердің назар аударып, мәселенің дер кезінде шешілген не шешілмегеніне мониторинг жүргізіліп тұрады. Азат Әміртаевтың айтуынша әзірге 8 басқарма белсенді дейді.

Орталыққа келіп түскен арыз-шағымдарды 100% сапалы орындаған басқармалар:

№ Басқармалар
1.  Білім басқармасы
2.  Мемлекеттік сатып алу басқармасы
3.  Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы
4.  Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы
5.  Тұрғын үй басқармасы
6.  Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы
7.  Дене шынықтыру және спорт басқармасы
8.  Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы

Осы кестеден көріп отырғандарыңыздай, шымкенттіктердің өтінішіне қай басқарма қаншалықты құлақ асатыны көрініп-ақ тұр. Ал тұрғындардың өтінішіне салғырт қараған басқармалардағы жауапты мамандар жазасыз қалмайтыны тағы да белгілі. Олай болса қандай да бір көмек қажет болса iKomek-ке хабарласыңыз.