Атаулы әлеуметтік көмекке құжатты қалай тапсырады? Избранное

Среда, 21 Апрель 2021 04:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3033 раз

Мемлекет тарапынан көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына түрлі дәрежедегі әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Солардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Сәуір айынан бастап екінші тоқсанға АӘК өтініштер қабылдануда. Көмектің бұл түріне қалай құжат тапсыруға болады? Құжаттарды қайда апару керек?
Оқырмандарымыздан осыған ұқсас сұрақтар өте көп келуде. Біз сауалдарды топтастыра отырып, негізгі дегендеріне мамандардың жауабын алдық. Сонымен, атаулы әлеуметтік көмек мәселесі бойынша орайы келген сауалдарға Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына қарасты Еңбекші ауданы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Зухриддин ДАВЛЕТОВ жауап береді.

654

 

Сұрақ:
–АӘК алушылар алдағы үш айға арналған құжатты қалай тапсырады?

Жауап:
– Қазіргідей жұқпалы вирус өршіп тұрған шақта тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, жұмыспен қамту мекемелерінде кезек қалыптастырмау және санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң ұстану мақсатында биыл ІІ тоқсаннан бастап (сәуір айынан бастап) АӘК алушылардың өтініштері «Электрондық үкімет» порталы (egov) арқылы қабылданады. Өтінімді қала тұрғыны жеке компьютері арқылы тапсырады. Сонымен қатар, өтінім білдіру бейненұсқасы мен тәртібі қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram-дағы zhumispen.kamtu және «Шымкент жұмыспен қамту орталығы» Facebook әлеуметтік желі парақшаларында жарияланды.

Сұрақ:
– Ол үшін қандай құжаттар қажет? Телеграм арқылы да тапсыруға бола ма? Электрондық үкімет порталы арқылы қалай тапсырады?

Жауап:
– Егер де өтінім білдіруші 2021 жылы І тоқсанында АӘК алып жүрген болса, «Электрондық үкімет» порталы (egov) арқылы өтінім білдіру нұсқасы қиынға соқпайды. Ал, егер де басынан, жаңадан өтінім білдіретін болса кейбір тармақтарды толтыру қажет (тұрғылықты мекенжайы, отбасы мүшелерін толтықтыру, қосу).

Сұрақ:
– Былтыр карантин алдында жұмысы болып, кейін карантинге байланысты жұмыстан қысқартылғандар АӘК ала ала ма?

Жауап:
– Иә, алуға мүмкіндігі бар. Алдымен мұндай азаматтарға жұмыспен қамту орталығы тарапынан қайта жұмысқа орналастыру жолдарын ұсынады. Жалпы, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2 түрде тағайындалады. Ол – шартты және шартсыз түрі.
Шартсыз ақшалай көмек - жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) көрсетіледі. Оларға:
1) жалғызілікті және жалғыз тұратын табысы аз:
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар;
бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
екі айдан астам мерзімге уақытша еңбекке қабілетсіздік белгіленетін аурулары бар адамдар;
2) құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетіледі.
Шартсыз ақшалай көмек өтініш берген айдан бастап алдағы үш айға, тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Ескерту, 16-тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген адамдар (отбасылар) үшін атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қайтадан өтініш берілген жағдайда атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген күннен бастап алты ай мерзім өткеннен кейін тағайындалады.
Ал Шартты ақшалай көмек түріне келетін болсақ, ол - жалғызілікті немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері), оның ішінде бірыңғай жиынтық төлем төлеушілері («Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес)болып табылатын жеке тұлғалар бар табысы аз отбасыларға, ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.
Шартты ақшалай көмекті тағайындау үшін әлеуметтік келісімшарт жасалады. Онда тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мен әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы бойынша міндеттемелері көрсетіледі. Бұл жерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, күндізгі оқу бөлімінің оқушыларына, студенттерге, тыңдаушыларға, курсанттар мен магистранттарға қатысы жоқ. Екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарға да жеңілдік жасалады. Сонымен бірге, үш жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедек баланы, бөгде адамның күтіміне және жәрдеміне мұқтаж қарттарға күтім жасайтын адамдарға, тұрақты жұмысы бар адамдарға қатысы жоқ.
Орталық бос жұмыс орындары пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелгендерге, еңбекке қабілетті адамдарға немесе отбасының еңбекке қабілетті мүшелеріне бос жұмыс орындары (лайықты жұмыс) туралы хабарлама жібереді, оларға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, сондай-ақ әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және кәсіптік оқыту бойынша қызметтер көрсетеді.

Сұрақ:
–АӘК заңды тағайындалған, тағайындалмағанына тексеру жұмыстары жүргізіле ме? Заң бұзушылықтарды қалай анықтайсыздар?

Жауап:
– Жалпы, жұмыспен қамту орталығы тарапынан тек азаматтардың өтінімдерін қабылдау, құжаттарды рәсімдеу жүзеге асырылады. Барлық құжаттар дұрыс және АӘК алу талаптарына сай болған жағдайда, орталық мамандары өтінімді тиісті аудан әкімдігіне жолдайды. Содан кейін, аталған аудан әкімдігінің учаскелік комиссиясы өтінім иесінің тұрғылықты мекенжайына барып, әлеуметтік жағдайын зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, ол азаматтың әлеуметтік жағдайы расында «мұқтаж» болып табылса, қорытындысына байланысты жұмыспен қамту орталығы АӘК тағайындайды. Төлем жұмыстары қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан жүзеге асырылады.

Сұрақ:
– Қазір Шымкентте карантин. Соған қарамастан АӘК-ке құжат тапсыруға сабылып жүргендер баршылық. Карантин талаптары қаншалықты сақталып жатыр?

Жауап:
– Өтінімдер онлайн түрде тапсырылады. Кейбір жағдайларда қала тұрғындары жұмыспен қамту орталығында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына келіп, компьютер құрылғысы арқылы тапсыруына болады. Әрине , қазіргі жағдайда барлық санитарлық тәртіптерді сақтай отырып, жеке компьютері жоқ азаматтардың ішінде орталық мамандарының көмегіне жүгінетіндер бар. Орталық мамандары маска режимін, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептикпен қолдану және әлеуметтік қашықтықты сақтайды.

Сұрақ:
– Құжаттарды қай уақытқа дейін тапсыру қажет?

Жауап:
– Биылға ІІ тоқсанға (сәуір, мамыр, маусым) құжат қабылдау жүріп жатыр. Осы мерзім ішінде тапсырып үлгеруі қажет.

Сұрақ:
– Өтініш берушілердің үйіне тексерушілер қанша уақытта барады?

Жауап:
– Тиісті аудандық учаскелік комиссиясы 10 жұмыс күні мерзімінде АӘК өтінім білдіруішінің тұрғылықты
мекенжайына барады.