Жиналған көпшілік алдымен Тәуелсіздік саябағына Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы құрметіне 70 көшет отырғызды.
Бұдан кейін жиналғандар этноауылдың ашылуына қатысты. Қонақтарды мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова қарсы алып, таныстырды. Әкім бастаған топ ұлттық аспаптар, қолөнер бұйымдары, кілем-тоқыма бұйымдары шеберлеріне бөлінген киіз үйлерге бас сұғып, шеберлердің жұмыстарымен танысты. Этноауылда бұған қоса алып тайқазан, киіз үй үлгісіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы орналасқан.
Алғашқы қонақтар садақ ату алаңшасында жебе тартып, туристік орталықтың жұмысымен танысты.
– Баршаңызды бүгінгі қадірлі мерекемен құттықтаймын. Қазақстан әлемде баламасы жоқ Ассамблея құрып, дүние жүзіне үлгі болып отыр. Ал бүгінгі ашылған Шымқала этноауылы үшінші мегаполистің үлкен жаңалығы болып отыр. Қаламызға келген қонақтарды ең алдымен осында алып келу керек. Бұл кешен Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске көтереді деп сенеміз, - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, алып кешенде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады. «Этноауылды қала тұрғындары ерте көктемнен күзге дейін, дүйсенбі мен жексенбі аралығында келіп, тамашалай алады», - дейді қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Бейбітжан Мүслимов.