Шымкент қайырымды істердің көш басында Избранное

Пятница, 14 Май 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1953 раз

Қаламызда 30 күн оразаның әрбір күні сауапты істермен өрілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Рамазан – қайырымдылық айы» деп ұран тастап, қайырымды қаланың тұрғындары бұл бастаманы іліп әкетті. Қайырымды азаматтар ораза ұстаған жандарға және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығын үлестірді.

800

 

Қайырымдылық акциясы шаһардағы орталық «Ақмешіт», «Қаттани», «Байғұт баба» және өзге де бірқатар мешіттерде күн сайын жалғасып жатты. Игі іске депутаттар, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары белсенді атсалысты.
Қасиетті айдың соңғы күнінде де «Ақмешіт» және Байғұт баба мешітінде шымкенттік отбасыларға азық-түлік қорабы таратылды.
– Рамазан айты – мұсылмандардың ең ұлық мерекелерінің бірі. Ол бірлікке, ынтымақ пен бауырмашылыққа насихаттайды.Баршамызға белгілі, биыл Рамазан айы ерекше болды. Бұрынғы жылдармен, басқа өңірлермен салыстырмалы түрде қарасақ, ауқымды жұмыстар атқарылды. Қала әкімдігінің және мешіттерінің ұйымдастыруымен Рамазан айында аз қамтылған 32 мыңнан аса отбасыға қайырымдылық шарасы жасалды. Рамазан қоржынын таратылды. Осы игі шараға атсалысқан барша кәсіпкерлерге, жергілікті билік өкілдеріне алғысымызды білдіреміз, - деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.
Жалпы бұл қайырымдылық шарасы жыл он екі ай жалғасын таппақ. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» 30 мың отбасына азық-түлік тарату жоспарланса, бүгінде 32 мың отбасы Рамазан қоржынын алып үлгеріпті.
Қайырымдылық айында демеуші азаматтардың, жанашыр жамағаттың атсалысуымен мұқтаж және көпбалалы отбасыларға 32 500 азық-түлік қорабы мен 42 255 ауызашар себеті үлестіріліпті. Жалпы 74 755 адамға қайырымдылық шарапаты тиген.
Тағы айта кететін жәйт, былтыр пандемияға байланысты барлық мешіттер жабық болса, биыл айт намазы Алла үйінің ауласында, ашық алаңқайда барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып оқылды.
Қасиетті айда қайырлы іспен айналысып, қайырымдылық жасаған атпал азаматтардың игі ісі бір жағынан сауапқа жазылса, екінші жағынан өскелең ұрпаққа үлгі болғаны сөзсіз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.