Инновациялық жобаларға – 5 миллион Избранное

Пятница, 14 Май 2021 03:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2479 раз

Шымкент қаласында ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша гранттық байқаудың қорытындысы жарияланды.

814

 

Брифингте қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Үсен Исаев, конкурстық комиссия төрайымы кәсіпкер Айжан Наимбекова және «Бағбандар қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Мақсат Абдукаримов байқаудың шарттары және жеңімпаздары туралы айтып берді.
–«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамның осал топтағы азаматтары инновациялық жобаларымен 2-5 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік беретін байқауға қатыса алады. Биыл 5-19 сәуір аралығында қаламыздағы «Заңғар» бизнес орталығында үміткерлерден құжаттар қабылданды. Жалпы 212 өтініш түсті. Алайда құжаттардың толық болмауына байланысты олар иелеріне толықтыруға кері қайтарылды. Оның ішінде 9 кәсіпкер құжаттарын толықтырып, түзетіп қайта тапсырды. Нәтижесінде комиссияның қарауына ұсынылған 183 кәсіпкер өз жобаларын қорғады, - деді Үсен Исаев. Ережеге сәйкес, конкурстық өтінімдерді қарау кезінде комиссия мынадай өлшемшарттарды негізге алды. Яғни жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грантты беру немесе бермеуде келесідей талаптарға сүйенді.
Біріншіден, бизнес-идеялардың жаңашылдығы қажет. Дегенмен халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін бұл шарт міндетті емес. Екіншіден, бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі болуы керек. Мұнда нарықтық қажеттілік ескеріліп, маркетингтік талдау жасалуы тиіс. Үшіншіден, бизнес-жобаны қолданысқа енгізудің дайындығы қаралады. Сонымен гранттық конкурсқа жергілікті бюджеттен жалпы құны 150 млн. теңге бөлініп отыр. Оның 20 млн. теңгесі комиссия шешімімен 4 кәсіпкердің еншісіне бұйырған. Бұл туралы комиссия төрайымының орынбасары Мақсат Абдукаримов айтып өтті.
–Грант ұтып алған азаматтарды атайтын болсақ, ол – Умарова Гульзира. Фирмасының атауы «Тотили». Үй жағдайында науқастарға барып УДЗ аппаратына түсіру бойынша грант иегері. Ол әлеуметтік осал топқа жататындықтан бұл жерде жобаның инновациялық шарты рөл ойнамайды. «Агротоп» ЖШС иесі Эльмира Бейсенбаеваның ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерін жаппай аулауға арналған желім тұзақтарын өндіру жобасын комиссия грантқа лайық деп шешті.
Қожан Кәмилә «WORLD AGRO TRADE» ЖШС-ін басқарады. Қияр, бұрыш және баклажан зиянкестеріне қарсы Amblyseius swirskii және Amblyseius californicus жыртқыш кенелерін өсіру және сату бойынша жобасын сәтті қорғап, жеңімпаз атанды. Пирматов Әзімбек «Doiyr Electronics» ЖШС-нің басшысы. Кәсіпорынды өнеркәсіптік автоматтандыру үшін «Дойыр» бақылау аппаратын құрастыратын өндірістік желіні іске қоспақ. Мұның да жобасы грантқа лайықты деп табылды,- деді М.Абдукаримов.
Өз кезегінде грант иегерлерін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» мамандары жылына екі мәрте тексеріп отырады. Егер грант қаражаты өз мақсатына сай жұмсалмағандығы анықталса, онда кәсіпкер алған қаржыны кері қайтарады.