Риддер, біз біргеміз! Избранное

Среда, 19 Май 2021 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2476 раз

15 мамырда Шымкенттен гуманитарлық көмек тиелген көліктер Риддерге аман-есен жетті. Бұл туралы ерікті Олжас Мамыр хабарлады. Жастар орталығы ғимаратынан жөнелтілген көліктер керуенін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың депутаттары мен «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері сәт-сапар тілеп, шығарып салған болатын.

836

 

– Жастардың белсенділігі, ынтымақ пен ауызбіршілік елдің басына қиындық түскен кезде көрінеді. Қала жастары Риддердегі ағайынға көмектесіп, 2 жүк көлігін жасақтады. Бұған қаламыздағы кәсіпкерлер де үлес қосты. Олар зардап шеккен отбасыларға қажетті тұрмыстық заттарды жіберіп жатыр. Игі іске атсалысқан азаматтарға, жанашыр жастарға шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлының атынан алғыс айтамыз, – деді Шыңғыс Мұқан.

Жуырда Риддер қаласының Лесхоз кентіндегі болған төтенше жағдайға қазақстандықтар бей-жай қарай алмады. Қай-қайсысы да «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, зардап шеккен тұрғындарға қамқорлық көрсетуде. Құрылымдық мекемелер бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Қайырымдылық шарасынан шымкенттіктер де шет қалмай, алапат өрттің кесірінен үй-жайынан айырылған тұрғындарға барынша көмек көрсетуде.
Сын шақта шымкенттік еріктілер небәрі 2 күнде тұрмысқа қажетті заттарды жинап үлгерді. Оған ерікті, блогер Олжас Мамыр, Silkway халықаралық университетінің кәсіподақ басшысы Рахат Арғынбай, Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының қоғаммен байланыс және ақпаратты талдау бөлімінің басшысы Бижан Садыбек, қалалық жастар мәслихатының депутаты Жасмин Әшімова белсенді атсалысты. Гуманитарлық көмек есебінде алғашқы болып Silkway халықаралық университеті 400 мың теңгеге азық-түлік алса, депутат Мұрат Джолдықожаев 200 мың теңге қаржылай көмек берген. Ал қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков 206 мың теңгеге ыдыс-аяқ жеткізсе, жас депутаттар Аслан Әлімбек пен Нұрсұлтан Балабиев 500 мың теңге аударған. Бұл ақшаға еріктілер риддерліктердің отбасына қажетті ыдыс-аяқ алып берді. Ал қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов компаниялармен бірігіп, 1 миллоннан астам теңгеге 35 қысқа толқынды пеш, 35 қоларба жеткізіпті. Мұнан бөлек «Бал Текстиль» фабрикасы өрттен зардап шеккен лесхоздықтарға 35 кілем тарту етті.
Сондай-ақ Риддерге көліктің барып-келуіне Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев демеушілік көрсетті.
– Карантин кезінде халыққа ауыртпалық салғымыз келмеді. Ешкімді көмек беріңіз деп қолқаламадық. Барынша көпшілікке бейнеүндеу жолдадық. Біз Риддермен хабарласқанымызда азық-түліктің жеткілікті екенін айтты. Сондықтан тұрмысқа қажетті заттар алдық. Жеткізілген гуманитарлық көмектің 95 пайызы – күнделікті тұтынатын ыдыс аяқтар, – дейді игі істің басы-қасында жүрген азамат Олжас Мамыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ауыр кезеңде елдің басына түскен ауыртпашылықты бірлесе жеңеміз деген азаматтардың көптігі қуантады. Өйткені қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.