Туристердің назары – «Бүркітте» Избранное

Среда, 26 Май 2021 04:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2968 раз

Шымкентті туристерге тартымды етудің мүмкіндіктері қарастырылуда. Сондай нысанның бірі – Сайрам тұрғын алабындағы «Бүркіт» әскери-спорттық базасы.

872

 

Туристік аймақта Шымкент қаласының парашютты спорт федерациясының базасы жұмыс істейді. Мұнда келушілер бес сағаттық инструктаж дайындығынан соң парашютпен секіріп, адреналин алаңының шексіз кереметіне бөлінуіне болады.
Таяуда БАҚ, туристік ұйым өкілдерінің, жастардың қатысуымен спорттық базада «Media Camp» шарасы ұйымдастырылды. Оған қалалық туризм басқармасы, Tourizme centre және «Online gid» компаниялары атсалысты. Базада экскурсияны Шымкент парашюттік спорт федерациясы төрағасы Юрий Савченко өткізді. Мұнда казарма, асхана, парашют қоймасы, авиақойма, монша, демалыс үйлері орналасқан. Ашық спорттық алаңда әртүрлі турниктер, секіруге әзірлік жасауға көмектесетін ұшақ макеті бар.
Мұнда парашютпен секіру бағасы – 21 мың теңге. Адамның салмағына қарай, құны да арта береді. Мысалы, 90 келіден жоғары болса, қызметі де қымбаттай түседі. Юрий Савченконың айтуынша, бұған жалдау ақысының жоғары болуы себеп болып отыр. Дегенмен спорттың бұл түріне өткен жылы екі мыңнан астам адам сұраныс берген.
– Біз «Shym Tour», «Гид Онлайн» компанияларымен бірге «Медиа-кэмпинг» шарасын өткіздік. Қазіргі таңда көпшілік демалысты табиғат аясында өткізуді қалайды. Шара барысында келушілердің экстремалды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндігі бар. Республикамыздың тек үш аймағында жылына орта есеппен 500 экстремалды спорттың жанкүйерлері осында атбасын бұрады. Базаның туристік нысан ретінде маңызын арттыру біздің алдымызда тұрған мақсатымыздың бірі – дейді туризм және сыртқы байланыс басқармасының бас маманы Азамат Нұрымбетов.
«Shym Tour» туристік компаниясының директоры Ләйла Бисекенованың айтуынша, Шымкент пен Түркістанда зиярат ету және тарихпен танысу туризмі жақсы дамыған. Содан болар, аталған белсенді демалыс түрлері тур құрамына енгізілген. Компания жетекшісі «Бүркіт» әскери-спорттық базасы көп ұзамай үшінші мегаполистің басты туристік нысаны болатынына сенімді.
Демалыс аймағында келушілер тек парашютпен секіріп ғана қоймайды, сүйіктісіне әуе кеңістігінде ұсыныс жасап, фотосессия ұйымдастыруына болады.
Іс-шара аясында қатысушылар ашық аспан астында фильм тамашалап, интеллектуалды ойындарға қатысып, шеберліктерін көрсетті. Жарыста «Жанұя» тобы үздік атанып, туристік фирма тарапынан өңіріміздің киелі орындарына тегін жолдама ұтып алды.
Айта кетейік, сенбі, жексенбіні көңілді өткіземін десеңіз, «Бүркіт» әскери спорттық базасына келіңіз! Сізді онда
адреналин алаңы күтеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.