Версия для печати

«Бір үй – бір МИБ – бір есеп-шот» Избранное

Пятница, 04 Июнь 2021 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2806 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ТҰРҒЫН ҮЙДІ БАСҚАРУ РЕФОРМАСЫ НЕСІМЕН ТИІМДІ?

 

Әр адам өз үйін, баспанасын күтіп ұстайтыны белгілі. Әсіресе, жеке үйде тұрсаңыз, мүмкіндігінше айналаны қоршайсыз, ауланы абаттандырып, тұрғын жайлардың кем-кетігін жөндейтініңіз белгілі. Мегаполистегі көп қабатты үйлерде де бұл мәселе өзекті. Тек «өз пәтерім, жеке меншігім» дейтін принцип мұнда жүре қоймайды. Тұрғындардың барлығы ортақ үйлерін күтімге алып, жанашырлық танытуы тиіс.

940

 

Жергілікті билік тұрғындарға бұл тұрғыдан қолдау көрсетіп келді.
Мәселен, бұған дейін көп қабатты үйлер кондоминиум нысаны ретінде пәтер иелерінің кооперативі (орысша – КСК) арқылы басқарылып келсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап қалалардағы тұрғын үйлерді басқару саласында реформа жүзеге асырылуда. Атап айтқанда бұрынғы КСК-нің орнына мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) ұғымы қолданысқа енгізіліп, көп пәтерлі үйлер енді жаңа формамен басқарылады. Яғни, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін көп қабатты үй тұрғындары кондоминиумды басқару түрі ретінде осы екі басқару түрінің бірі таңдалады.
Жаңа басқару формасының артықшылығы неде?
– Мүлік иелерінің бірлестігі (МБИ) немесе жай серіктестіктің тұрғындар үшін тиімді жағы – көп қабатты үйге қатысты қандай жұмыс істелгені, қандай сервистік мекемелердің қызметін тұтынғаны ашық көрінеді. Қазір, жасыратыны жоқ, ондай жұмыстар сапасыз атқарылса да ақшасы төленетін жағдайлар кездесіп тұрады. Немесе бір КСК-ның құрамында бірнеше үй бар десек, барлық тұрғыннан жиналған қаржы бір үйге ғана жұмсалуы мүмкін. Ал МИБ-те әр үйдің өз есеп-шоты болады, тұрғындар жинаған қаржы өз үйлеріне мақсатты түрде жұмсалады, – дейді Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Досбол Есілбек.

938


Мамандардың айтуынша, осылайша үй басқарушы (МБИ төрағасы) жиналған қаржыны қайда жұмсағанын ревизиялық комиссиямен бірге бақылауға болады, сосын жұмыс нәтижесі бойынша тұрғындарға есеп беріледі. МИБ құрылса, ауладағы қоқысты тазарту, қар тазалау секілді жұмыстардың қалай атқарылып жатқанына ендігі жерде бақылау болмақ. Есепті басқарушы береді. Ай сайын жұмысты атқарған мекеме-фирмаларға қызмет ақысы банк арқылы төленеді. Мысалы, аула аптасына 4 рет емес, 2 рет тазартылса, жұмыс ақысы да тиісінше төленеді.
Ол үшін пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері жалпы кездесу өткізіп, ортақ мүлікті басқару және күтіп-ұстау бойынша өз мүдделерін қорғайтын үй кеңесінің мүшелерін сайлайды. Кондоминиум объектісін басқару нысаны немесе басқару формасын таңдау үшін осындай өкілетті үй кеңесіне береді. Содан кейін үйді басқарудың екі формасының бірін таңдау қажет:
* Мүлік иелерінің бірлестігі – тұрғын емес үй-жайдағы пәтер иелері құрған заңды тұлға;
* Жай серіктестік – заңды тұлға құрмай, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың барлық иелерін тікелей бірлесіп басқару.
Тұрғындар одан әрі МИБ (ЖС) төрағасын, тексеру комиссиясының құрамын сайлайды. Айта кетейік, бірлестік төрағасы комиссияға мүше бола алмайды.

939


– Бұл ретте кондоминиум нысандарын басқарудың екі нысаны да «Бір үй – бір МИБ (ЖС) – бір есеп-шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, әр бірлестіктің банкте ашылған екі шоты болады – ағымдағы шот және жинақтау шоты. Ағымдағы шоттағы қаржы күнделікті жұмыстарға жұмсалса, жинақтау шотындағы қаржы арқылы кейін төмен пайызбен қомақты қаржы несиеге алып, мысалы, үйді толық жөндеуге, шатырын ауыстыруға жұмсауға болады, – дейді Досбол Күздікбайұлы.
Әл-Фараби ауданында көп қабатты 672 үй бар. 598 үй әділет органдарында кондоминиум ретінде тіркелген. Қазіргі таңда 3 үйдің құжаттары әзірленіп, 71 үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағы 7 аумаққа бөлініп, әр аумаққа куратор бекітілген. Күнделікті жұмыс жүргізіліп, бүгінге дейін тұрғындармен 200-ден аса кездесу өткен.
– Мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік – істейтін жұмысы, мақсаты бір, тек тіркелу формасы басқаша. МИБ төрағасы болады, төраға және кеңес үй тұрғындарының 60-дан астамының даусымен сайланады, кеңес мүшелері 3 тұрғыннан кем болмауы тиіс. Әр МИБ-тің өз жарғысы болады. Соған сәйкес үйді басқару жолдары анықталады. Қазіргі таңда, жасыратыны жоқ, кейбір көп қабатты үйлердің қарайтын адамы жоқ, жертөлесін су басып немесе тозып кеткен, подъездің есігі ашық, кім көрінген еркін кіріп-шығып жатады. Тұрғындар бір-бірімен араласпайды, әркім өз пәтерін ғана ойлайды. Ал мына жаңашылдық осы келеңсіздіктерді жоюға сеп болады деп сенеміз, – дейді Досбол Күздікбайұлы.
Бұл күндері Шымкентте мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік құру бағытындағы жұмыстар қызу атқарылуда. Тұрғындар арасында өткен жиынның қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, араларынан бір адамды төраға ретінде тағайындайды. Одан кейін жарғыларын бекітіп, құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Содан кейін Әділет департаментінде МИБ немесе ЖС түрінде, заңды тұлға ретінде тіркеледі.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын сәйкес, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік енгізу туралы реформасы бойынша көп қабатты үй тұрғындарына МИБ және жай серіктестік құру бойынша түсіндірудің жол картасы бекітілген, соған сәйкес тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Президент тапсырмасының орындалуы күнделікті бақылауда. Аудан тұрғындарымен аулаларда өткен кездесулерден бөлек санитарлық талаптарды сақтай отырып 15-ке жуық үй басқарушылармен залдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға бейне-роликтер көрсетіліп, Нұр-Сұлтан қаласынан Тұрғын үй коммуналды шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының мамандары келді. МИБ-тің тиімді жақтарын түсіндірді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мамандардың айтуынша, бұл реформа түптеп келгенде тұрғындардың өз үйлерін ұқыпты пайдалануға, күтіп-ұстауға жұмылдыру мақсатымен туындап отыр. Ең алдымен тұрғындардың өздеріне қажет дейді. Кезінде кондоминиум қолданысқа енгізілген кезде де тұрғындар бірден түсінбеген еді. Ал қазір кондоминиум болмаса, үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндете алмайды.
Досбол Күздікбайұлының айтуынша, 25 мамыр күнгі мәліметке сәйкес Әл-Фараби ауданында 13 үй мүлік иелерінің бірлестігі, ал 76 үй жай серіктестік болып тіркеліп үлгерді. Тағы бір 56 үйдің құжаттары дайындалуда.
Аудан бойынша ең алғаш тіркелген – Тәуке хан даңғылы, 33 үй. Басқарушысы – Роза Байымбетова. Ол кісімен жолығып, сөйлесу үшін келгенімде тап-тұйнақтай жиналған үйдің ауласына тап болдым. Екі жағынан шлагбаум қойылған, аулаға басқа көліктер кіре алмайды.
– Мұның барлығы тұрғындардың, балалардың қауіпсіздігі үшін. Әр үйдің тұрғындары, үй басқарушылары өз үйіне жаны ашыса, ортақ мүлкім деп қараса, күтіп-ұстағанға не жетсін? Бізде бұл мәселе жолға қойылған, жаңалықтарға үнемі ілесіп отыруға тырысамыз. Тұрғын үйді басқару саласына енгізілген реформа туралы аудан әкімдігінің өкілдерінен естіген соң бірден кірістік. Құжаттарды тапсырып, 2021 жылдың 19 сәуірі күні мүлік иелерінің бірлестігі тіркелгені туралы құжатты алдым. 2-3 тұрғын қарсы болғанымен, көпшілігі қолдап дауыс берді, – деді Роза ханым.
Роза Сейітжанқызы осы үйде 20 жылдан астам уақыттан бері тұрады. «Әр үй басқарушысында, жалпы, әр тұрғында моральді және материалды жауапкершілік болуы тиіс» дейді жерлесіміз.
– Осыдан оншақты жыл бұрын ауламыз бүгінгідей емес еді, осы маңға келген кісілер көлігін қойып кететін немесе ары-бері өтіп жүретін. Содан ауланың учаскесін кондоминиум нысаны ретінде тіркеп, барлық құжатын алдық. Ауламызға балалар ойын алаңшасы алғашқылардың бірі болып 2009 жылы жасалды. Нәтижесінде көрші аулалардың балаларын қойғанда, ересектер де біздің алаңшаға келіп отыратын. Қазіргі жағдай басқаша, барлық аула дерлік абаттандырылған. Ең бастысы – тұрғындар өз пәтерлеріне ғана емес, ортақ үйі мен ауласына жауапкершілікпен қарай бастады, – деп аяқтады сөзін тәжірибелі үй басқарушысы Роза Сейітжанқызы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.