Шымкентте 6 маусымда кешкі 18.30 шамасында екпіні секундына 15-тен 28 метрге дейін болатын дауылды жел соқты. Нәтижесінде 1 коммерциялық нысанның, 4 жеке меншік үйдің және 8 көп қабатты үйдің шатырлары ұшты. Ұшқан шатырлардың жалпы ауданы 585 шаршы метр.
Сондай-ақ, ауданы 36 шаршы метрді құрайтын көп пәтерлі тұрғын үйдің сыртқы қаптама материалы, ағаштардың құлауы және үйлердің шатырының бұзылуы салдарынан 8 автокөлік зақымданды.
Дауылды желдің салдарын жою үшін оқиға орындарында Шымкент қаласы ТЖД-ның 6 бірлік техникасы мен жеке құрамның 25 адамы жұмылдырылды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазгидромет» РМК алдағы үш тәуліктегі еліміздегі ауа райы болжамын ұсынды.
«Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағының басым бөлігі фронталды бөліктердің ықпалында болып, жаңбыр жауады. 10 маусымда Қазақстанның орталығында және оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, қатты жел соғады, нөсер жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл сақталады. Солтүстік-батыстан ығысатын кезекті суық антициклон еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасының төмендеуіне алып келеді: түнде 3-8, кей жерлерде 12 градусқа дейін. Күндіз 17-22, кей жерлерде 25 градус жылы болады. Елдің қалған аумағында температуралық фонда айтарлықтай өзгеріс күтілмейді», - деді синоптиктер.