Версия для печати

ҚОҚЫС ТАСТАУ МӘДЕНИЕТІН ҚАШАН ҮЙРЕНЕМІЗ? Избранное

Пятница, 11 Июнь 2021 03:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3878 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Әкімдік қайда қарап жүр, неге қоқыс тазаланбайды?». Осы тақылеттес арыз-шағымды күн сайын естиміз. Әсіресе, жаз мезгілінде көпқабатты үйлердің ауласында бей-берекет тасталған қоқыстан қоламса иіс шығып, қоршаған ортаға қолайсыздық туғызып жатады. Осыған байланысты инстаграм әлеуметтік желісінде https://www.instagram.com/_kuda_smotrit_akimat/ арнайы парақша ашылыпты. Оған кірсеңіз, күл-қоқысқа толы өмірдің виртуалды нұсқасын көресіз. Сол жерде қойылған сауалдардың дені «Әкімдік не істеп жүр?» дегенге саяды. Жалпы, қоқыс – ғасыр мәселесі. Қыста да, жазда да жиналмайтын қоқыс тақырыбы қашан да өзекті. Шаһардың ең жас ауданы Қаратау ауданын мысалға ала отырып, қоқыстың неге жиналмайтынын зерттеп көрдік.

971

 

Қаратау ауданының құрамына 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алабы кіреді. Онда 1272 көше бар болса, оның 97-сі орталық көшелер. Қаратау ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаев аудан құрылған кезден әкімдікте істейді. «Алғашқы жылдары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару көрсеткіші 27 пайыз еді» дейді ол. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылында бұл ауданда елдімекендердің қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару көрсеткіші 99, 9 пайызға артып отыр. 0,1 пайызы шалғайдағы жаңа құрылыс аумақтарында толық қоныстанбаған үйлерге тиесілі. Алдағы уақытта ол аумақтарға шағал тас төселіп, жүйеленсе, қоқыс мәселесі бір ізге түседі.
Негізінен қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау ұйымдастырылған аумақтарда қоқыс бей-берекет тасталмауы тиіс. Алайда, тазалық компаниялары тұрғын үйлердің есігінің не ауласының алдынан күн сайын алып кетіп жатса да қоқыстан арылмайтын аумақтар жетерлік.
– Ауданда 10 тазалау аумағы бар. Қаңтар айынан бері ішкі орам көшелер мен аулалардың тазалау жұмыстарына «Ақсемсер строй сервис» ЖШС жауапты болып бекітілген. Себебі, сатып алу конкурсын жеңіп алған еді. Алайда, ақпан айынан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының №5265210022/769 ұйғарымы негізінде «Ақсемсер строй сервис» мердігер мекемесінің жұмысы тоқтатылды. Сәуір айынан бастап ішкі орам көшелер мен аулалардың тазалығын ұйымдастыру, жуу, қардан тазалау, инертті материалдарды себу, күл-қоқыстарды шығару, ирригациялық жүйелер мен бордюрлер жанын тазалау, т.б. механикалық жұмыстар «Жасыл жер» ЖШС-не берілді. Ақпан мен сәуір айларының аралығында көпқабатты үйлердің ауласында көптеген тұрмыстық қалдықтар жинақталып қалғаны сол мердігер компаниялардың ауысуынан орын алды. Осы аралықта аудан әкімдігі қарап отырған жоқ. Көпқабатты үйлердің аулаларын тазалау бойынша 10 адамды арнайы бекіттік, - дейді Бауыржан Қалдыбаев.

979


Бөлім басшысы жыл басынан 7824 метр ирригациялық арық, 152 544 м² аумақтың тазаланғанын және 9 рет сенбілік ұйымдастырылғанын жеткізді. Сенбіліктерге 58 техника жұмылдырылып, 15 мыңдай қала тұрғыны қатысқан. Сондай-ақ 85 шақырым ирригациялық арық тазартылып, 10 мыңдай ағаш көшеті отырғызылып, 1190 метр³ күл-қоқыс шығарылыпты. Бірақ, оның көбісі мекеме қызметкерлері, әлеуметтік, амбулаториялық нысан жұмысшылары екен.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, көктем және күзде сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жалпықалалық тазалық іс-шарасы әлеуметтік желі арқылы алдын ала хабарланады. Бірақ, тұрғындардың белсенділігі төмен. «Әсіресе, сенбілікке қатысуға ниет білдіретін көпқабатты үйлердің тұрғындары көп емес. Дегенмен шашылған қоқыстарды әлеуметтік желіге суретке түсіріп салып, шағым жазғандар қарасы көп. Сөзге бар, іске келгенде көлденең жатқан бір пакетті көтеруге қиналады. Бұл бағытта да аудан мамандарымен бірлесіп көпқабатты үйлердің ауласында жиналыс өткізіп жүрміз. Үй басқарушылары мен тұрғындардың басын қосып ауладағы қалыптасқан жағдайды бірлесіп ретке келтіруге шақырамыз. «Аулаларыңызды таза ұстаңыздар, қоқысты бей-берекет тастамаңыздар» деп түсіндіреміз», - дейді Б.Балтабайұлы атқарып жүрген жұмысының бір парасымен бөлісіп.
– Ауданымызда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 8 мекеме («Экоспецтранс», «Спецавтотранспорт» ЖШС, «Жан Мейр» ЖШС, «Вейсалидзе» ЖК, «Қайнарбұлақ» ЖК, «Шымкент спецкомплекс» ЖШС, «Таза қала» ЖК, «АБК 2020» ЖШС) айналысады. Бұл мекемелермен жұмыс келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Бюджеттен ақша бөлінбейді. Егер тұрғындар аталған мекемелердің үстінен шағымданса, қоқысты уақтылы әкетпейтін болса, СЭС пен экологиялық полиция айыппұл салады. Бәріне ортақ талап – қоқысты дер кезінде алып кету, - деді бөлім басшысы.
Аудандағы көпқабатты үйлерге жалпы 67 қоқыс алаңшасы қойылған. Тасымалдаушы мекемелер кесте бойынша күніне 2 рет қоқыс тасымалдап, оны Ақтастағы қоқыс полигонына алып барады. Онымен қоса жаз мезгілінде дезинфекция жұмыстары да жүргізіліп тұрады. Бір сөзбен, ауданда тазалық үшін қыруар жұмыстар атқарылуда. Бірақ көзге көрінбейді. Кейбір қала тазалығына бей-жай қарайтын тұрғындар әкімдік пен тазалыққа жауапты мердігер мекемелердің істеген қыруар жұмысын бір пакет қоқысты лақтырып кете салу арқылы жоққа шығара салады. Қаланың тазалығына тек әкімдік жауапты емес екенін түйсінетін кез әлдеқашан жетті. Әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындары салғырттық танытпаса екен дейсің. Жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылған кезде белсенді болса... Ата-ананың тырбанып жер тазалап жатқанын көрген бала келесіде аулаға қоқыс тастамайтын болады. Тазалықпен айналысатын мекеме қызметкерлері ала таңнан қара кешке дейін тынбай еңбек етеді. +40 градус ыстықта, -20 градус суықта тазалық жұмыстарын жүргізу оңай емес. Осыны да ескерсек... Яғни, санамызға тазалық мәдениетін сіңіру – күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе.
Бұл бағытта бір ай бұрын
Қаратау ауданында экологиялық полиция қызметі құрылды. Экологиялық полицияның міндеті – қала тазалығын қадағалап, тәртіпке шақыру. Қала тазалығы туралы айтқанда тек қоқыс тастауды ғана ойлаймыз. Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандықтан, ауыр жүк көліктері құм мен топырақты артып, асфальтты лайлап, ластап, елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзып жатқанынан да бейхабармыз. Құрылыс талаптарына сәйкес, олардың әрқайсысы доңғалақтарын жуып, көшені ластамауы керек. Экологиялық полиция өкілі Асхат Булаттың айтуынша, жыл басынан бері 6 ауыр жүк көлігіне әкімшілік хаттама толтырылған. ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 434 бабы бойынша – 14, 505 бабы бойынша 112 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 43-не әкімшілік айыппұл салынған. 434 баптың 2-1 тармағы бойынша жеке және заңды тұлға қоқыс қалдықтарын тастап, ұсақ бұзақылыққа барса 14585 теңге айыппұл салынады. 505 баптың 1 тармағына сәйкес екі түрлі бағыт қаралған. Біріншісі – ескерту беру, екіншісі – айыппұл салу.
– Көп жағдайда тұрғындарға алдын ала ескертеміз. Ал айыппұл жеке тұлғаға – 58 340 теңге, орта деңгейдегі заңды тұлғаға – 116 680 теңге. Ірі кәсібі бар заңды тұлғаға – 291 700 теңге айыппұл салынады. Мәселен, кейбір азаматтар абаттандыру қағидасын бұзып, ирригацияны жауып тастайды. Автожуу бекетін саламын дейді де, тротуарды бұзады. Құрылыс нормасынан ауытқып істейді де, оның соңы айыппұл төлеуге алып келеді. Егер төлеуден қашса, заңға бағынбаушылық бабымен сотқа жолданады. 10 күнге дейін қамауға алынады. Ал оның соңы «сотты болған» деген айып алып, қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, - дейді Қаратау аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Асхат
Тайырханұлы.
Сын айту орынды. Мұны қала тазалығына жанашырлық білдіруі деп түсінеміз. Ал өзі қоқыс тастауға бала-шағасын жұмсап, ойын баласы ойынға айналып, қолындағы қоқысы көрінген жерде қалып, қоршаған ортаға зияны тиіп жатса, әкімдікке не мердігер компанияға кінә арту қаншалықты орынды деп ойланып көрдік пе?! Бала былай тұрсын, кейбір ересек адамдар да пәтерінен шыққан бір пакет қоқысын тиісті контейнерге жеткізуге ерініп, есік алдына қойып кете салатыны жасырын емес. «Әкімдік қайда қарап жүр?» деп ұрандай бергеннен гөрі көз алдымыздағы кем-кетікті өзіміз де түзеуге атсалысып, мегаполис тұрғынына сай ішкі мәдениетімізді көтеруге тырыссақ нұр үстіне нұр болар еді...

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.