Версия для печати

Істің көзін тапқан Гүлмира Избранное

Среда, 16 Июнь 2021 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 520 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттік Гүлмира Сағымбекованың негізгі мамандығы – экономист-бухгалтер. Бастапқыда өз мамандығымен есеп-қисап саласында жұмыс істеп көрді. Бірақ, көңілі кәсіпкерлікке ауды да тұрды. Көп қазақтың бірі сияқты Гүлмира да о баста «Бірдеңе істеу керек еді...» дегенді жиі айтты. Айтып қана қоймады. Қолынан келетін іске білек түре кірісетін мінезімен көрпе-жастық тігетін цех ашуға бел буды.

200

 

– Кәсіп бастаған аз уақыттың ішінде өз клиенттерімізді жинай алдық. Тапсырыс берушілер қатары күн сайын артты, – дейді кәсіпкер келіншек.
Тапсырыс артқан сайын техникалық жабдық та, жұмыс күші де қажет екені айтпаса да түсінікті. Гүлмираның ұлы Қытайдан Шымкентке көрпе тігетін стонок алдыртып береді. Кәсіпкер келіншектің кәсібін дөңгелетуге ұлы мен қызы септігін тигізіп келеді. Екеуі де Кореяда білім алды. Қызы әлі де сол жақта киім дизайнері бойынша білімін жетілдіруде.
– Көрпе тігетін стонокты ұлым алдырғанда бастапқыда бұл тірлігімнен бірдеңе шығара алар ма екенмін деп уайымдағаным рас. Бірақ, талаптанған адамға істің көзін табу қиын емес екен. Қазір өз цехымыз бар. Көрпе, жастық тігетін цехта 5 адам жұмыс істейді. Одан бөлек құрақ құрайтын тағы 5 құрақшымыз бар, – дейді кәсіпкер.
Құрақ демекші, қазақ үшін құрақ көрпешенің мән-мағынасы ерекше. Ұзатылған қыздың жасауына, енші берілген жас отауға «басың құралсын, әулетті болыңдар» деген ізгі-тілекпен міндетті түрде құрақ көрпеше беретін әже-апаларымыздың әдемі үрдісі әлі күнге сақталған. Өміршең өнерді өлтірмей келе жатқан құрақшылар аз емес. Алайда, сапаға мән беретіндер, құрақтың қыр-сырына жіті қарайтындар нағыз құрақшыны көрпешенің тігісінен-ақ ажыратып алатыны ақиқат. Гүлмира да сөйтті. Құрақшыларды жіті таңдады. Берекесін берсін деп кәсіп бастап жатқан соң өз өнімнің сапалы болуына ерекше мән берді.

201


– Қарасам, құрақты сапалы құрайтындардың көбі жасы үлкен әпке-апаларымыз екен. Оларға ұсыныс тастап едім қуана келісті. Қазір 5 құрақшымыз да өз үйінде отырып фирманың тапсырысын орындайды. Оларға керек мата, мақтаны, ине жіпті жеткізіп беріп тұрамыз. Жұмыстары сапалы болғандықтан тапсырыс берушілер өте көп.
Расында да кәсіп ашқан екі жылдан асар-аспас уақытта Гүлмираның көрпе, көрпешелеріне Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер көбейген. Әсіресе, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Көкшетау облыстарынан жиі хабарласатындар бар.
– Әдетте құрақ көрпешені күнделікті тұрмыста батыс өңірлер жиі тұтынады. Ол жақта құрақшылар көп деп естиміз ғой...-дедім Гүлмираға.
– Мен де солай ойлайтынмын. Әлде біздің құрақтар сапалы болды ма, бағасы арзандау ма, білмедім, бірақ дәл батыс өңірінен тапсырысты жиі қабылдаймыз, – дейді Г. Сағымбекова.
Кәсіпкер келіншек бір дана көрпеге тапсырыс берсе де орындауға тырысады. Себебі ол үшін әрбір клиент маңызды.
– Әдетте бір-екі дана көрпе, көрпешеге тапсырыс беретіндер тауарымыздың сапасын байқап көргісі келетін болу керек. Кейін ризашылығын айтып, бір қатар көрпе, көрпеше тіктіріп жататындары көп. Одан бөлек «Келін келе жатыр еді, сол үшін тек махаббат көрпесі керек еді...» деп хабарласатындар бар. «Құдағима арнап әдемі көрпе тігіп берсеңіз», «Құдама ауа өткізгіш материалдан көрпе тіктірейін деп едім» дейтін де клиенттеріміз бар. Ешқайсының көңілін қалдырмауға тырысамыз. Таңдаған материалдары, матасы бойынша тігіп беруге бармыз.
Көпшілікпен жұмыс істеудің өз қиындығы барын Гүлмира жақсы түсінеді. Оның үстіне өзінің биязы, кішіпейіл мінезі де тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысатындығы да кәсібінің кең етек жаюына негіз болуда. Ең бастысы қол қусырып отырмай, кәсіптің көзін тапқан келіншекке көпшілік риза.