Версия для печати

ШЫМКЕНТ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН Избранное

Среда, 16 Июнь 2021 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3806 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент – Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен жолдарының қиылысында орналасқан, мәдениеті дамыған, тарихы бай, көне қала. Тарихи, археологиялық деректерге сүйенсек, қала б.з.д. II ғасырда салынған.

204

 

Археолог, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры, т.ғ.д., академик Бауыржан Байтанаевтың жетекшілігімен Шымкентте жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде тарихи жәдігерлерімен айғақталып, қаланың тарихы тым тереңде, кем дегенде 2200 жылды құрайтыны ғылыми негізде анықталды.
Шымкент қаласының тарихына байланысты деректер Сюань-Цзанның жазбасында, «Зафар-наме» атты Шараф ад-Дин Али Йаздидің, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбектерінде, Қадырғали Жалаири «Жылнамалар жинағында», Шоқан Уәлихановтың жазбаларында, атақты ақындар Майлықожа және Шәді төре шығармаларында, «Дала уалаятының» және «Қазақ» газеттері сандарында, саяхатшы мен зерттеуші жазбагерлер еңбектерінде кездеседі.

202


Кейбір зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, «Шымкент» сөзі көне шығыс тіліндегі «чиминь» яғни, көгалды, гүлденген алқап, ал бұған «кент» сөзінің жалғануымен, «жасыл (гүлденген) қала» деген мағынаны береді. Ортағасырлық тарихи деректерде қазіргі Шымкент шаһары Чаманкент, Чимыгэт, Чимин, Ćimken, Шымбастау, Нучицзянь, Нушицзе, Синьчэн, Сяошиго, Nujakath, Нужкет, Жетікент, Йети-Канд, Йети-Кент үлгілерінде аталғаны көрсетіледі.
Шымкент алғаш рет елдімекен ретінде парсы тарихшысы Шарафад-дин Али Йездидің Әмір Темірдің әскери жорықтары туралы жазылған «Зафарнаме» атты кітабында кездеседі. Шымкент қаласы көптеген тарихи оқиғаларға куә болған. 1391 жылы Ақсақ Темір Тоқтамыс ханды шабуға бара жатқанда Шымкент шаһарында болып, одан кейін 200 мың әскермен Ұлытауға барып тоқтапты.
Шымкент қаласының көне атауларына назар салғанда атақты ақын Майлықожаның мына жолдарына ерекше көңіл бөлу керек:
«Жеті кенттің біреуі
Шымкент пенен Сайрам».
Шымкент қаласының Жеті кенттің біреуіне жатқызу бұрын зерттелмеген мәселе. Алайда нақты деректердегі мәліметтер Жетікенттің біздің Оңтүстік Қазақстан аймағында болғанын көрсетеді. Оны Шәді төренің Абылай ханның Ташкентке жорық жасамай тұрып Жеті кентті өзіне қаратқаны мына жолдардан байқалады:
«Ташкеннің Шымкент шаһары жолында еді,
Әкімі өзі бастап алып келді.
Ордағы Абылай ханды түсіріп,
Неше күн бар қосынға тағам берді.

Шымкенттен қарар алып, аз күн тұрып,
Одан да жүріп кетті жолға кіріп.
Ташкенде фарманашы Абылай ханнан,
Тұрарды жансыздардан хабар біліп.
Ханменен ұрыспаққа көңілі кетті,
Бекітіп дарбазасын меһкам етті.
Шаһардың әр шетіне топ орнатып,
Әр түрлі аспаптарын құп түзетті.

Абылай хан жеті кентке бұрын келді,
Ұрыспай оның халқы үкіміне енді.
Ш. Уәлиханов Абылайдың Ташкент және Ходжентпен соғысы барысында оның Жеті кентті алғанын жазды - «увенчалась взятием семи городов». ХІХ ғ. басында орыстар жасаған және «Изображающую степь прилегающую к Российской границе и занимаемую Киргиз-кайсаками большой, средней, и малой орды...» деген картада Арыс пен Бадам өзені ортасында қала белгісі салынып оны «гор. Житы Кент» деп көрсеткен. 1867 жылы Шымкент уезі туралы жазылған орыс тілді бір мақалада осы аймақта «Джетыкенд (семиград)» атты қалалардың бары, оларға Шымкент, Сайрам, Манкент, Қарабұлақ, Қарамұрт, Султанрабат, Джанганглык жататыны көрсетіледі. Яғни, Жетікент деп Шымкент және оның айналасындағы елдімекендер аталған (5, 10-б.).
1781 жылы Қазақтың ханы Абылай Үргеніштен келе жатып, осы Шымкент шаһарына ат басып тоқтатып, дем алғаны белгілі.
XVII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында Қоқан және Бұхар хандықтары Шымкент қаласы үшін күресті. 1810 жылы Әлім хан Шымкентті бағындырып, Қоқан хандығына қаратты.
1864 жылға дейін қала Қоқан хандығының иелігіндегі әскері көп және ханның өкілі орналасқан әскери-бекініске айналды.
1864 жылы Түркістанның болашақ генерал-губернаторы, ол кезде полковник Черняев шағын отрядпен Шымкентті басып алды. Шымкент қаласын алғаны үшін Черняев 3 дәрежелі Әулие Георгий орденімен марапатталды.
1914 жылы Шымкентті Ресей империясының жаулап алуының 50 жылдығы қарсаңында Ресей билігі қалаға Черняев атын берді, бірақ 1921 жылы Кеңес билігі қаланың бұрынғы атауын қайтарды.
Кеңес өкіметі тұсында Шымкентте зауыт-фабрикалар салынып, өндіріс дамыды. 1930 жылдары Шымкентте қорғасын зауыты салынды. Ол кеңес одағындағы қорғасынның жалпы көлемінің 70% өндіретін. 1932 жылы ауылшаруашылық авиацияның базасы құрылып, бұл Шымкент әуежайының негізін қалады.
Шұлық өндірісінің өзіндік дәстүрі қалыптасты. Бұл дәстүр Ұлы Отан Соғысы кезінде немістің қол астында қалуы мүмкін деп Харьков қаласынан Шымкентке шұлық шығаратын жабдықты әкелгеннен басталды. Осылайша өнімдері көп шетелдерге тасымалданған атақты «Эластик» фабрикасы пайда болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Шымкентке елдің өндірістік кәсіпорындарының біразы көшірілді.
Майдан жүріп жатқан елдімекендерден қалаға 17 зауыт және фабрика көшіріліп әкелінді. Фашистерге атылған он оқтың жетеуі Шымкенттің қорғасынынан құйылды, жеті шымкенттік азамат Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Шымкент қорғасын зауыты ұжымы елді индустрияландыруға және Ұлы Отан соғысы жылдарында жауды жеңуге елеулі үлес қосқан Оңтүстік Қазақстанның бірінші металлургиялық кәсіпорны.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қаладағы өндіріс орындарының жұмыстары тоқтап, өзгерістерге ұшырады. Кейбіреулері қайта құрылып, біртіндеп жандандырылуда. Мысалы, 1993 жылы Шымкент май комбинатының базасында «Шымкентмай» акционерлік қоғамы құрылды. Бүгінде «Шымкентмай» АҚ
Қазақстан Республикасындағы май өндірісі саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Бұрынғы кеңестік өнеркәсіптің алыбы - Шымкент фосфор зауытының орнында қаланың индустриалды зонасы пайда болды.
Тәуелсіздік жылдары Шымкент қаласы инфрақұрылымы жақсы дамыған ірі өнеркәсіптік және мәдени орталықтардың біріне айналды.
Бүгінде қаланың солтүстік бөлігінен биік-биік үйлер, сауда орталықтары және заманауи құрылыс кешендермен бірге жаңа әкімшілік-басқару орталығы бой көтерді. Онда қала әкімшілігі ғимараты, «Әл-Фараби» кітапханасы, «Түркістан» сарайы, Көрме орталығы, Ж.Шанин атындағы
қазақ драма театры және тағы басқа нысандар орналасқан.
Қаланың екі шетінде Бәйдібек би мен Алпамыс батырдың алып ескерткіштері орнатылған және олар ең биік болып саналады.
Шымкентте 19 ұлттық мәдени орталық: қазақ, славян, неміс, өзбек, татар, еврей, корей, поляк, башқұрт, әзірбайжан және тағы басқалар белсенді жұмыс жасайды. Олардың қатысуымен халықтық мейрамдар өткізіледі. Қала көшелері көп қабатты ғимараттармен көз тартады.
Шымкент қаласы мәдени, тарихи-танымдық орындарға бай. Мәселен, қаладағы «Қасірет», «Даңқ» мемориалдары, «Тәуелсіздік» саябағы, «Шәмші» аллеясы, «Ардагерлер аллеясы» тек мәдени демалыс орындары ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін танытатын, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін бірегей танымдық кешендер екені сөзсіз.
«Шымкент – жасыл қала» деген атауға лайық. Себебі, Қазақстан қалаларының ішінде ең саябақтары және су бұрқақтары көп қала. Олардың үшеуі 19 ғасырдан бері қолданыста. Оңтүстік қаласының көркем демалыс аймақтары: «Қазына» этно-тарихи кешені, Кеңбаба саябағы, Орталық саябақ, Жеңіс саябағы, Металлургтер саябағы, Тәуелсіздік саябағы, Қиял әлемі саябағы, Абай саябағы, Дендросаябак, Зообақ, Ипподром.
Ал, «MegaCenter», «Shymkent Plaza», «Rahima Plaza» ойын-сауық және сауда кешендері, «Nimex Land», «Бамзик», «Firkan Sity» ойын-сауық орталықтары, қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысы үшін үздіксіз қызмет көрсетеді.
1920 жылдан бері жұмыс жасайтын облыстық аймақтық мұражайда тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі экспонаттар орналасқан. Сондай-ақ, Шымкентте Көркемсурет галереясы жұмыс істейді. Онда суретшілер өздерінің туындыларын көрмеге шығарып көрсетуге мүмкіндік алған. Оңтүстіктегі ауа райының ыстықтығына қарамастан, Мұз сарайы жыл бойына жұмыс жасайды.
Шымкент қаласында 10-ға жуық жоғары оқу орындары, 31 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, 150-ге жуық орта және орта арнаулы мектептер бар. Олардың ішінде музыка, спорт, өнер және Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Шымкенттегі ертеден мамандар даярлап келе жатқан жоғары оқу орындары: Оңтүстіктегі білімнің қарашаңырағы 84 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, 78 жылдық тарихы бар, көп салалы М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шырайлы Шымкент шаһарына келген бір сапарында: «Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы - еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді» деген.
2018 жылы 19 маусымда Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Шырайлы Шымкент шаһарына ресми деңгейдегі үшінші мегаполис мәртебесі берілді.
Шымкент тарихын білу – әрқайсысымыз үшін борыш болса, зерттеу – үлкен мақтаныш. «Ел дегенде емініп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Шырайлы Шымкентімізді озық өңірге айналдыру жолында шаршамай, талмай тер төгуге бәріңізді шақырамын.

Баршагүл Исабек,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Оқу және
оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.