Мегаполис: 6 саладағы ауқымды жұмыстар Избранное

Пятница, 18 Июнь 2021 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1917 раз

Үшінші мегаполис мәртебесіне ие болғалы шаһарда соңғы жылдары құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, жол жөндеу жұмыстарына қала басшылығы ерекше ден қойып отыр. Биыл қалада 168 нысанға – 295,3 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 155 нысан – 248,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Саланың бүгінгі жай-күйін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қаланың стратегиялық дамуы аясында атқарылған жұмыстар бойынша өткізген баспасөз брифингінде баяндады.

228

 

Брифингте қала әкімінің орынбасары алдымен спорттағы жетістіктерге тоқталып өтті. М.Пернебайұлының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кәсіби спортқа бөлінген қаражаттың бір бөлігін үйірмелерді қаржыландыру көзделіп отыр. Пилоттық жоба аясында спорттың 71 түрінен үйірмелер субсидияланады. Бір балаға шаққанда орташа қаражат 13 мың теңге шамасында болатыны айтылды. Ол жоба арнайы портал арқылы жүзеге асырылады. Денешынықтыру және спорт басқармасының бес айдағы негізгі жетістіктері бойынша жыл басынан бері Шымкент қаласының спортшылары ҚР чемпионаттары, кубогтары мен біріншіліктерге қатысып 315 алтын, 239 күміс, 284 қола медаль жеңіп алған. Ал Токиода өтетін ХХХІІ-ші Жазғы Олимпиада ойындарына қаламыздан 10 спортшы жолдамаға ие болып отыр.

229


– Қала спортшылары Азия чемпионаттары мен кубоктарында 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальге қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 1 алтын, 5 күміс және 7 қола медальге ие болды. 5 айда 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 64 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 102 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Әр төрт жылда бір рет өтетін Қазақстан Республикасының V Жастар спорттық Ойындарында қала жастары спорттың 36 түрінен бақ сынауда. Бүгінде Шымкент қаласының құрама командасы 663 ұпаймен жалпы командалық есепте 2-орында келеді. 1-ші және 3-ші орында Алматы қаласы мен Алматы облысы. Жарыстың қорытындысы ағымдағы жылдыңтамыз айында анықталады, - деді М.Исахов.
Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен баспасөз жиынында спикер жол-көлік саласында 5 айда атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Қала әкімінің орынбасары шаһарда 79 маршруттың 57-і немесе 73%-ы кешенді схемаға сәйкес жаңартылатынын атап өтті. Қосымша газ құю бекеті салынғанда 21 жаңа бағыт ашылмақ. Ал «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылғаннан бүгінге дейін 26,8 млн. транзакция жасалған. Жолаушылардың 80%-дан астамы картамен есеп айырысқан. Шаһарда жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін автобустарды онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін «I-kolik» мобильдік қосымшасы іске қосылғанын айтты.
– Биыл 146 нысанда (173,3 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жыл қорытындысы бойынша бұл жұмыстар толығымен аяқталады. Атап айтқанда, 7 магистралды көше, 69 ішкі орам көше, шалғай елдімекендердегі 62 көше, 8 оң жақ өткелі секілді нысандарда құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жолдардың 50 %-ға жуығы шалғай елдімекендерде орналасқан. Жұмыстарды қазан айына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда, - деді қала әкімінің орынбасары.
Еркін форматта өткен жиын барысында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының да 5 айда атқарылған жұмыстары сөз болды. М.Пернебайұлының айтуынша, жыл басынан бері жұмыскерлерден 488 арыз-шағым мен түсіндірме беру жөнінде өтініштер қаралып, оларға тиісті жауаптар берілген. Мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан 76 тексеру жүргізіліп, 89 заңбұзушылық анықталған.
– Мемлекеттік еңбек инспекторларымен атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 33 кәсіпорындағы 1959 жұмыскердің 151,2 млн теңге көлемінде жалақы қарыздары төленіп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтары қорғалды. Сондай-ақ, жыл басынан бері 12 жазатайым оқиға тіркелді. Жалпы 19 адам зардап шеккен, оның ішінде ауыр жарақат алғаны – 11, жеңіл жарақат алғаны – 7, қайтыс болғаны – 1 адам. Орын алған жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, полиция департаменті мен басқармаларға жолданды, – деді қала әкімінің орынбасары.
Баспасөз жиынында қала әкімінің орынбасары цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша қазіргі таңда қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптар аумағына 11 базалық станция орнатылған. Ал екінші кезең бойынша 14 жер қарастырылып, 8 орынға жеке инвестор қаражаты есебінен антенна-матчталық құрылғыларға мобильді байланыс операторларының базалық станцияларын орнату жоспарлануда.
Мұнан соң, Мақсұт Пернебайұлы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жұмыстары жайлы сөз қозғады. Шымкент қаласының туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Республикалық көрсеткішке сәйкес, қалаға келген туристер саны бойынша елімізде Шымкент қаласы 5 орында. Оның ішінде резиденттер (ҚР азаматтары) бойынша да 5 орын болса, шет ел азаматтары тұрғысынан 5 орынға жайғасқан.
Яғни биыл бес айда қалаға келуші туристердің саны – 71 156 адамға жетіп, оны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (47 741 адам) 149,1%-ға ұлғайған. Ішкі туризм бойынша келушілер саны – 69 733 адам, кіру туризмі бойынша келушілер саны – 1 423 адам.
Статистикалық деректер бойынша 3 айда орналастыру орындарында тәулігіне 99 756 төсек-орын ұсынылып, (бір жолғы сыйымдылық) саны – 4 889 бірлікті құрап, 111,5%-ға артып отыр.
Сондай-ақ, биыл туристер үшін «Shymkent Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы құрылып, Visit-shymkent.kz порталы жұмыс істеуде. Ал көлікке қолжетімділікті қамтамасыз етуде өткен жылы Шымкент бағытында «FlyArystan» әуекомпаниясы тарапынан 7 рейс ашылса (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар), биыл қосымша Ақтөбе, Орал және Семей қалаларына тікелей рейстер іске қосылған.
Брифинг барысында Мақсұт Пернебайұлы жақында өзінің кураторлығына қосылған қаланың орта сапасы және бақылау басқармасының жұмысына тоқталды.
– Басқарманың бастамасымен 5 айда жалпы 36 талап-арыз бен хаттама азаматтық іс сот қарауына жолданды. Жыл басынан бері 8 ғимараттың 6-ы сот шешімімен, 2 нысан меншік иелерімен өз бетінше бұзылды. Сонымен қатар, 53 әкімшілік іс қаралып, 22,2 млн. теңге айыппұл салынды. Ал жұмыстарын өз деңгейінде атқармағаны үшін, 12 техникалық және 2 авторлық қадағалаушы сарапшыларға жалпы 2520 АЕК (7 355 840 теңге) айыппұл салынып, аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ, қазіргі таңда басқарма тұрғын үй қорын күтіп ұстау және сақтау бойынша 83 мүлік иелерінің бірлестігін құрып, 294 жай серіктестік құру аясында келісім хаттамаларын жасасты, – деді спикер.
Тізбектеп айта берсек, аталған салаларда ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың атқарылып жатқанын байқауға болады.