– 2020-2021 жылдар денсаулық саласы үшін өте ауыр болды. Сын сағатта медицина қызметкерлері ажалмен арпалысып, ауыр бейнеттің ортасында жүрді. Сіздерге үлкен міндеттер қойылып, сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Коронавирус індетіне қарсы күресте жанкешті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! - деген шаһар басшысы сала үздіктерінің қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарындағы медицина саласының жетістіктерін атап өтті. Денсаулық сақтау саласындағы бюджет 30 жылда 50,8 млн.теңгеден 79,1 млрд. теңгеге дейін өскен. 3000 бірліктен астам медициналық техника сатып алынған. Бүгінгі күні қаланың медициналық ұйымдарының жарақтандырылуы 25,3 пайыздан республикалық көрсеткішке 77,5 пайызға дейін жеткізілді. Дәрігерлер саны 1991 жылғы 2205 дәрігерден 2021 жылы 4205-ке дейін өсті. Ана өлімі 10 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 3 есеге төмендеді. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейін төмендеді. Нәтижесінде халықтың күтілетін орта жасы он жылға өсіп, 70 жастан асты.