Шымкент қаласындағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада жұмыс істейтін Ербек Мейрамбайұлы 2016 жылдан бері телеарнада да еңбек етіп жүр. Бұған қоса республикалық «Шабыт» газетінің негізін қалап, елдегі елеулі жаңалықтар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жеткен жетістіктері, қоғамда атқарылып жатқан жұмыстарын жарыққа шығарған.
– Бұл салаға 2016 жылы келдім. 12 желтоқсан күні «Отырар-TV» телеарнасының басшылығымен келісіп, «Ерекше жандар» бағдарламасын аштық. Осы кітапханада істейтін
Мадина Ермаханова әріптесіммен бірге тікелей эфирдегі «Жаңа күн» бағдарламасында қонақтармен жүздесіп жүрдік. Бағдарламамызда 100-ден аса кейіпкер болды. Басында зағип жандар эфирде қалай жүргізеді деген сенімсіздік болғанымен, жалпы, бағдарлама көңілден шықты. Ерекше жандардың қоғамдағы өмірі мен жеткен жетістігін елге таныстыру мақсатымыз болды, – дейді Ербек.
Кітапхана маманын бұдан кейін «Оңтүстік» телеарнасының басшылығы шақырады.
– 2019 жылы «Оңтүстік» телеарнасынан «Шалқар шабыт» айдарын ашып, 1 жыл бойы сол Мадина әріптесім екеуіміз жүргіздік. «Таң нұры» бағдарламасының арасындағы айдарда ерекше қонақтармен жүздестік. Ал биылғы мамыр айынан бастап «Оңтүстік» телеарнасы мен біздің кітапханамыздың ұжымы бірге «Ізгілік мекені» хабарын аштық. Кітапхананың әр бөлімінде түсірілетін бағдарламаға қалалық, облыстық, республикалық деңгейден түрлі қонақтар келеді. Басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың, қоғамның әдебиет, спорт, мәдениет сияқты түрлі салаларындағы тұлғалардың өмірін, жетістігін көрсету арқылы өзге жандарға мотивация беру, – дейді белсенді азамат. Ерекше азаматтың бұл еңбегі назардан тыс қалмай, 2014-2018 жылғы Қазақстанның Кинэс рекордтар кітабына әріптесі Мадина екеуі Қазақстандағы алғашқы зағип тележүргізушілер ретінде, еліміздегі ерекше бағдарламаның ерекше жүргізушілері ретінде енген. Ал «Шалқар шабыр» айдарындағы жетістігі – 2020 жылғы «Қазақстанның Алтын кітабына» еніп, медалін алды.