Журналистер – жарыс алаңында Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 07:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1689 раз

28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай Шымкентте 19-26 маусым аралығында журналистер арасында дәстүрлі спартакиада өтуде. Спорттық іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, ҚР Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалы мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Оған миллионды қаладағы ақпарат айдынында жүрген медиа саласының үздік командалары қатысып, бақ сынауда.

310

 

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымының кәсіби мерекесі осы аптада тойланбақ. Төртінші билік өкілдері жарыс алаңында да мықты екендерін анықтауға кірісті.
Спартакиада жалауы көтерілген күні шағын футбол сайысына 6 команда қатысып, қаламды қару еткен ақпарат саласының қызметкерлері тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды «Ernur-press» ЖШС командасы жеңіп алса, екінші орын «Үшінші мегаполис» командасына бұйырды, ал үшінші орынды «Собкор» ЖШС ("Отырар" ТВ) иеленді. Бұған қоса үздік қақпашы, үздік шабуылшы, үздік қорғаушы номинациялары белгілі болды.
Дәстүрлі спартакиаданың екінші күні журналистер қауымы арқан тартыстан сайысқа түсті. Спорттың бұл түрінен 6 команда өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде «Ontustik» телеарнасы командасының бәсі биік болды. Олар білектің күшімен бірінші орынды қанжығаларына байлады. Сайыстың күміс жүлдегерлері – «Ernur-press» корпорациясы. Үздік үштікті бұл жолы «Рейтинг-Собкор» командасы қорытындылады.
Журналистер волейбол алаңында да бас қосты. Командалық сайыстың жеңімпазы «Ontustik» телеарнасы болды. «Ernur-press» корпорациясының ойыншылары екінші орынға жайғасты. Ал үшінші орын ақпараттық коммуникация орталығы командасының үлесіне бұйырды.
Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орайластырылған дәстүрлі спартакиаданың үшінші күні командалар шахмат, бильярд және үстел теннисіне сайысты.

311


Бильярдтан бірінші орынды Самат Мырзалиев ("Шымкент келбеті") жеңіп алды. Екінші орын Ержан Бектұрғановтың («Ernur-press» корпорациясы) еншісінде. Ал үшінші орынды «Ontustik» телеарнасының қызметкері Ержан Утепов қорытындылады. Бұдан бөлек, төрт номинация иегерлері анықталды.
Ал шахматтан ерлер арасында бірінші орынды Асылбек Түйетаев алды. Екінші орын Мақсат Балтабекұлының қанжығасында. Үшінші орын Асхат Шотаевқа бұйырды.
Спартакиада ойындарының қорытындысы жалпы командалық есеппен ұпай саны бойынша анықталып, арнайы дипломдармен 26 маусым күні салтанатты жабылу рәсімінде марапатталады.
«Шымкент келбеті» газетінің ұжымы арқан тартыстан төртінші орынға ие болса, бильярдтан бірінші орыннан көрінді.