Версия для печати

Біз қандай журналист болдық? Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 08:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1813 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кәсіби мереке қарсаңында «Шымкент келбеті» газетінде жұмыс істеген ардагер журналистерді сөзге тарттық. Шырайлы қаланың гүлденуіне қаламымен үлес қосқан азаматтардың айтары аз емес. Алдыңғы буын аға-апалардың тәжірибесінен көп үлгі, өнеге алуға болады.

313

 

Ляззат СҮЙЕУОВА-НОҒАЙБАЕВА,

«Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары:

315

– Біз – журналистиканы ардың ісі деп келген ұрпақпыз. Қоғамның кемшілігін ашық айта жүріп, бұқараның қамын жеуді басты міндетіміз санадық. Билік пен бұқараның арасын жалғаушы алтын көпір болсақ та барды бар, жоқты жоқ деп жаза алдық. Бұл орайда маған сол кезде
Жұмамұрат Тұяқбаев басқаратын «Шымкент келбеті» газеті үлкен мектеп болды. «Шымкент шина» зауытының көп тиражды басылымында жұмыс істеп жүрген жерімнен қаланың бас басылымына ауыстым. Кәсіпорынның ішкі тіршілігінен көбірек хабарым болғандықтан, «Шымкент келбеті» газетінде басшылық маған көбіне экономика тақырыбын тапсыратын.
Мысалы, сол кезде «Химфарм» зауытын басқаратын Өмірзақ Мелдехановпен болған шынайы сұхбатымыз оқырмандар тарапынан қызу талқыға түскен тақырып болғаны әлі есімде. Шымкент мұңай өңдеу зауытының канадалықтарға арзымайтын ақшаға сатылып кеткені де
«Шымкент келбеті» газетінде үлкен мәселе ретінде көтерілді. «Алып өндіріс неге арзанға сатылады» деп біз көтерген мәселе одан кейінгі зауыт-фарбрикалардың сатылуына біршама уақыт тосқауыл болғаны да рас.
Тіпті бір жолы Белорусиядан шикізат алатын «Шымкент сыра» зауытына сол елдің жоғары лауазымды басшылары бастаған делегация келген. Сол сапарды да айшықтап жазуға, мәртебелі меймандар сапында бірге жүріп, репортаж беруге тек «Шымкент келбеті» газетінің тілшісіне рұқсат етіліп еді. Бұл биліктің газетті құрметтейтінін, қаланың бас басылымына қолдау көрсететінін аңғартады. Есесіне біз де атқарылып жатқан игі істерді оқырманға жеткізуге атсалысатынбыз. Редакцияның еңселі ғимаратына күн сайын ондаған оқырман келіп, өз ойларын ортаға салып жататын. Ғалымдар, өнер қайраткерлері жиі келуші еді. Газеттің оқырманы көп болды. Тек шымкенттіктер ғана емес, біздің газетті облыс халқы, аудан тұрғындары жаздырып алып оқитын. Бірде бізді арыстық оқырмандар кездесуге шақырды. Мәдениет үйінде өткен кездесуде арыстықтар «Мына тақырыпты жазсаңыздар, ана мәселені көтерсеңіздер» деп ұсыныстарын айтқанда көңіліміз марқайып қалған. Нәтижесінде газетімізде «Зиялы қауым: ар оянбай, адам жоқ», «Ақ отау», «Ақ шам», Тәуелсіз елді кім қорғайды?!», «Жазира», «Таразы» сияқты арнаулы беттер болды. Бәрі де оқырманның талап-тілегіне орай, қыз баланың тәрбиесі, ене мен келіннің қарым-қатынасы, әдептілік, құқықтық сауаттылық, студент жастардың шығармашылығы сияқты мазмұндағы мақалалармен өріліп жататын.
Бас редакторымыз Жұмамұрат Тұяқбаев ағайдан мақтау сөз есту өте сирек болатын. Сирек те болса мақтау айтса, үлкен атақ бергендей марқайып қалушы едік. Сөйтсек, бұл ол кісінің талапшылдығы, мазмұнды газет шығаруға бізді бағыттағаны екен ғой.
«Шымкент келбеті» газетінде жүріп мені 1999 жылы әкімшілікке жауапты қызметке шақырды. Соған дейін жеті жылдай уақыт қаланың айнасы болған басылымда қызмет атқарғанымды әлі күнге дейін мақтанышпен айтамын.

Айгүл МАМЫТ,
«ЗАҢНАМА» қоғамдық-құқықтық заң газетінің бас редакторы:

314

– Біз оқуды бітіріп келген 1983 жылы қалада облыстық газет және зауыттардың бір-екі көп тиражды газеті болмаса, қазіргідей газеттердің қаптаған заманы жоқ болатын.
Амал жоқтан еңбек жолымызды кітапханадан бастап, баспада аудандық газеттерді шығарушы редактор бола жүріп, қалада «Шымкент келбеті» газеті ашылған тұста осында жұмысқа орналастым.
Ол кез қаламыз емес, еліміздің өзі жолайрықта тұрған шақ. Төл теңгеміз ауысып, дүкендер бос қалған уақыт. Осындай сәтте елді бірлікке шақырып, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін қалыптастыруда газеттің ықпалы мол болғанын мойындау керек.
Бас редактор Жұмамұрат
Тұяқбаев ағамыздың жүрегі жұмсақ болғанымен жұмыста қаталдығы, талапшылдығы, ешкімді маңдайынан
сипап еркелетпейтіні және өз мамандығын жанымен сүйген журналистердің еңбегімен оқырмандарымыз көбеймесе, азайған жоқ.
Редактордың орынбасары Бекзаттар Дінәсілов, жауапты хатшы Нұрлан Кенжеғұловтың басшылығымен журналистер – Атанбек Наурыз, Ләззат
Сүйеуова, Жәмила Мамырәлі газет бетінде қалада болып жатқан жетістіктерге қуана қалам сермесе, кемшін түсіп жатқан жерлеріне де көз жұмып қарап қалмады.
Сондай сәтте редакторымыз
Жұмамұрат ағамыздың болмашы айлықпен балаларға білімі мен тәрбиесін беріп отырған ұстаздар қауымының мәртебесін көтеріп, газеттің бетінен түсірмей отыруы да олардың ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға жәрдемі болғаны рас.
Журналистер де бесаспап болатын, өйткені газетте ол кезде арнайы бөлім болмады. Қазіргідей журналистер әрқайсысы өз бөлімінің бағытымен жұмыс істемеді.
Бүгін білім саласын жазсақ, ертең өндіріс, арғы күні құқық саласын, одан әрі спорт, театр саласын жазып, ұйымшылдықпен, санаспай еңбек еттік. Мұндай тәртіппен журналистер жаман болған жоқ, кез келген сала қаламының оңынан келетін. «Шымкент келбетінің» журналистерінің мықтылығы да осында еді. Қала көз алдымызда өсті. Жаңадан ашылған шағынаудандар – Азат, Қазығұрт, Құрсай елдімекендерінің бүкіл мәселесі газет бетінде сыналып, жақсылығы мақталып жатты.
Қаланың тазалығы, жол, көлік, базардағы сауда мәселесі – газеттің
тұрақты тақырыптары. Әсіресе, сол кездегі қалалық соттың төрағасы Ақылбек Елшібаев, қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Қасымхан Ақтаев, облыстық МАИ-дың басшысы Әшірәлі Қаныбеков, осы мекеменің баспасөзбен байланыс бөлімінің қызметкері Роза Әбдіханова көптеген тақырыпта редакциямен қоян-қолтық жұмыс атқаратын. Қоғамның келеңсіздігін бірге шешу жолында бірлескен рейдтер, дөңгелек үстел басындағы сұхбаттар өтетін.
1997-98 жылдары қаланы қараңғылық басты, не жарық, не газ, не айлық жоқ, қиналған халық. Газет сонда да шығуын тоқтатқан жоқ. Осы мамандықты таңдағаныма, осы қаланың тұрғыны болғаныма, осы қаланың газетінде еңбек еткеніме мақтанамын. Халық әлі күнге мені «Шымкент келбеті» арқасында таниды, құрметтейді. Сол үшін де алғысым шексіз! Әріптестер, келе жатқан төл мерекеміз құтты болсын!

Әбдуәлі РОЗМЕТОВ,
ардагер фото-тілші:

316

– Жылына бір келетін журналистер күні, шынында да, өткен кеткенді еске түсіріп, «не істей алдым?» деген сұраққа жауап беруге тырысатын күн. Қалалық газеттің қызметкері ретінде өз қаламыздың гүлденуіне редакциядағы әрбіріміз жауапты болдық. Көшеде кетіп бара жатып қисық жатқан ағашты, құлағалы тұрған бағананы, сыры көшкен ғимаратты көрсек, суретке түсіріп алып, «Фотоайыптау» деп жариялайтынбыз. Ол үшін ұрыс емес, алғыс еститінбіз. «Аудан әкімдеріне тапсырма берілді. Дұрыс, солай кемшілікті көрсетпесеңіздер, олар көрмей қалады» дейтін.
Газетке сурет таңдауда Жұмамұрат ағамыз өте қатал еді. «Міндетті түрде сурет сөйлеп тұруы керек. Мақаланың жартысын сурет айтқаны жөн. Оқырман суретке бір қарап-ақ мақала не туралы екенін білуге тиіс» дейтін. Айналасында адамы жоқ ғимараттардың суретін газетке салынбайтын. «Адамдар қайда? Соғыс кезі емес қой...» дейтін. Негізгі кадрдың фондағы көрінісіне де жіті мән беретін. «Шымкент келбеті»
газетінің бірінші бетінде қаланың көрікті жерінен үлкен плакатты фото жариялануы бұлжымас қағида болатын. Ұдайы ізденіс үстінде жүргендіктен, жол бойы кездескен жарқын жүзді еңбек адамын кездестірсем, ол туралы ақпаратты жазып алып, суретке түсіріп қалуға тырысатынмын. Қазіргідей компьютер жоқ емес, бір суреттің жүздеген нұсқасын түсіріп, шығаратынбыз. Арасынан ең сәттісін таңдап алатын. Бүгінгі фототілшілерге мүмкіндік көп. Газеттің бетінен түрлі-түсті, кең көлемде берілген суреттерді көргенде қуанамын. Ол газеттің ажарын ашады. Мақаланың мазмұнына ықпал етеді. Мереке құтты болсын, әріптестер!