Версия для печати

Ұлттық журналистиканы дамытуға мемлекеттік деңгейде қолдау керек Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 08:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 663 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елдiң iшiндегі ескерусiз қалған проблеманы көтерiп, билiктiң алдына көлденең тартатын да, қоғамдағы жақсылықтардың жаршысы болып, келеңсiздiктердi сынап, сол арқылы қоғамдық ойды қалыптастырып, ел дамуының қозғаушы күшi болып жүрген де – журналистер қауымы. Өмірлік қиын жағдайға тап болған, әдiлетсіздікке ұшыраған адамдардың де ең соңғы келетiні – бұқаралық ақпарат құралдары.

321

 

Бiрақ, көптiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, өзгенiң тағдырына арашашы болып, мәселесiн шешiп берiп жүрген журналистер өздерiнiң мұңын кiмге шағарын бiлмейдi. Олай дейтiнiмiз, елдегi БАҚ-тың барлығы, мейлi, құрылтайшысы мемлекет болсын, мейлi, жеке тұлғалар болсын, акционерлiк қоғам немесе жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк болып тiркелген. Ал заң бойынша АҚ мен ЖШС-нiң қызметкерлерi мемлекеттiк қызметкерлердiң де, азаматтық немесе бюджеттік сала қызметкерлерінiң де қатарына жатпайды. Содан келiп журналистер қауымының әлеуметтiк статусы анықталмаған болып отыр. Тиiсiнше, қаламды өмiрлiк серiк еткендер үй кезегіне тұрып, мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды, өзгедей жеңiлдiктерге де иегi қышымайды.
Жалпы, мемлекет соңғы жылдары халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесiне шындап ден қойды. Бұл – аталған проблеманы жылдар бойы үздiксiз, табанды түрде көтерiп келген қазақ журналистерi еңбегiнiң жемiсi. Соның нәтижесінде қазiр мемлекеттiк қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, әскерилер мен арнаулы органдарда жұмыс iстейтiндер, бiлiм, медицина, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерi баспана алуда түрлi жеңiлдiктерге ие болып жатыр. Бастапқы төлем мөлшері азайтылған, пайыздық үстемақысы арзандатылған пәтерлерді сол санаттағылар алуда. Қызғанып немiз бар, «елде болса, ерiнге тиерiн» жақсы бiлемiз. Бiрақ, әдiлiн айтыңызшы, журналистер қоғамның дамуына жоғарыда аталғандардың қайсысынан аз үлес қосып жүр?
ХХI ғасыр – ақпарат ғасыры. Қазiр бiр ел екiншi елге бұрынғыдай баса-көктеп әскерiмен кiрмейдi. Соғыс алдымен ақпарат майданында болады. Демек, журналистердiң бiлiктiлiгi, БАҚ-тың қарымдылығы ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi деп сенiммен айта аламыз. Журналисi жалаңаяқ елдiң саясаты солқылдақ, идеологиясы икемсiз болмақ. Ал өз елiнде аядай баспанаға зар болып, айлығы шайлығына жетпей жүрген тiлшiден қандай бiлiктiлiк пен қарым-қабiлеттi талап етуге болады?
Журналистердің жалақысының аздығы, олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалмағаны, ешқандай статусқа ие еместігі жиі айтылғанымен, мемлекет әзірге бұл мәселеге назар аудара қойған жоқ. Мұның салдары қандай? Бір ауыз сөзбен айтқанда, осының салдарынан Қазақстанда журналистиканың абырой-беделі төмендеп, дарынды жастар бұл салаға келмейтін бола бастады.
Мысалы, биыл Шымкенттегі білім-инновация лицейінің Әміржан Сқақов, Әлихан
Кеңесбек, Иманәлі Жасдәуренұлы атты үш бірдей түлегі АҚШ пен Еуропаның үздік университеттерінен тегін оқуға шақыру алды. Мұндай жас дарындар
Назарбаев зияткерлік мектептерінен де шығып жатыр. Бүкіл елдегі ауыл мектептерінің ең дарынды балаларын арнайы олимпиада ұйымдастыру арқылы іріктеп, сүттің бетіндегі қаймағындай алып, бір жерге жинап оқытып жатқан «IQanat high school of Burabay» элиталы мектебі де биыл өзінің алғашқы түлектеріне үлкен өмірге жолдама береді. Айтайын дегеніміз, жан-жақты сапалы білім алған, шетел тілдерін еркін меңгерген, халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүрген, шығармашылық және сыни ойлау қабілетіне ие шын дарынды балалар көп. Бірақ, соның қайсысы журналистика мамандығына оқуға түсіп жатыр? Қайсысы осы салаға келуге ынтызар болып жүр? Ондай жоқ. Журналистикаға шын мықтылар, нағыз дарындар келмеген соң оның орнын жартылай дарынды, шала білімді адамдар басып жүр.
Тағы бір мысал айтайық, қайсыбір жылдары «Алаш айнасы» газетінде жұмыс істеген өткір, сапалы материалдарымен танылған Құбаш Меңдіғалиев дейтін журналист бар. Кейінірек ол АҚШ-тағы әлемге әйгілі Джордж Вашингтон университетінің докторантурасын тәмамдап қайтты. Осыдан кейін оның қаншалықты білімді, қабілетті азамат екенін айтып жатудың өзі артық шығар. Сондай мықты маман елге келген соң жалақының мардымсыздығына байланысты журналистиканы тастап, өзге салаға ауысып кетті.
Енді қараңыз, біз бәсекеге қабілетті, дамыған, өркениетті елге айналып, толық мағынасындағы демократиялық қоғам орнатамыз десек, онда ұлттық журналистика ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаумен шектелмей, оның нақты мүдделерін қорғай алатындай іргелі қоғамдық институт, қуатты құрал болуы тиіс.
Сол деңгейге жету үшін не істеу керек? Біздіңше, үш мәселеге назар аудару керек: біріншісі – сөз бостандығы, ашықтық пен жариялылық, екіншісі – ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырысқа, саяси немесе корпоративтік топтардың демеушілігіне тәуелді болмайтындай қаржылық еркіндік, үшіншісі – журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл үш бағытта да бізде проблема жетеді.
Ашықтық пен жариялылық, сөз бостандығы, шындық жоқ жерде оның орнын көзбояушылық, жасандылық пен жағымпаздық басып кетеді. Ал кез келген ақпарат құралының ең басты капиталы не? Өз аудиториясының сенімі. Оқырманының, көрерменінің сенімінен айрылған газеттің де, сайттың да, телеарнаның да сөзі желге ұшады.
Қазір газет-журналдардың таралымы жылдан-жылға азайып барады. Тәуелсіз зерттеулер қазір шындықты айтатын телеарналардың өзіне тұрғындардың небәрі 30 пайызы сенетінін көрсеткен. Мұның бәрінің түпкі себебі – жұрт айтып жүргендей интернеттің дамып кетуі, адамдардың оқымайтын болып кеткені емес, дәстүрлі БАҚ-тың өз аудиториясының сенімінен айрылып қалғаны.
Екінші бір күрделі проблема – жоғарыда айтқанымыздай, қаржылық тәуелсіздік. Жалпы, мемлекеттің өз ақпарат құралдарына қолдау көрсеткені өте құптарлық қадам. Бірақ, мемлекеттік тапсырысты тек имидждік материалдарға ғана бөлмей, осы елдің, қоғамның, белгілі бір өңірдің немесе саланың өзекті проблемаларын ашып көрсеткен, тиісті органдарға орынды сын айтып, мәселені шешудің жолын іздеген сараптамалық мақалалар, терең және сапалы журналистік зерттеулер жариялағаны үшін де БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыстың аясында қомақты қаржы төленуі тиіс. Және оның бағасы сайттардың бәрі бір-бірінен көшіріп басатын екі абзац сүйінші хабарлардан әлдеқайда қымбат болуы тиіс. Яғни, бұл жерде идеологияға жауапты органдар «Дос жылатып айтады» дейтін қисынды басшылыққа алуы тиіс. Тіпті, БАҚ-ты мемлекеттік тапсырысқа таңып қоймай, оны қаржыландырудың басқа бір жолдарын, механизмдерін қарастыратын уақыт жетті.
Ең маңызды мәселенің бірі – журналистердің біліктілігін арттыру. Қазір мемлекет мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Ал қатардағы журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға ешкім назар аудармайтын сыңайлы. Сонда қалай, мына ақпарат ғасырында бұл қоғам мен мемлекетке білікті дәрігер мен мұғалім, полицей мен мемлекеттік қызметкер керек те, білікті, шебер журналистер керек емес пе?
Олай болса, қазақ журналистерінің біліктілігін арттыру, жалпы ұлттық журналистиканы дамыту ісі де мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Осы бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданса да артықтық етпейтін сыңайлы.
Ақтамбердi жыраудың:
«Қанша батыр болса да – жауға салма жалғызды,
Қанша шешен болса да – дауға салма малсызды», –
деген толғауын жұрт жақсы біледі. Журналистiң кәсiбi – дау, кәсiбiн айтасыз, өмiрi – дау. Дау болғанда қара басының қамы үшiн болатын дау емес, әдiлетсiздiкке, қырсыздыққа, немкеттiлiкке қарсы дау, елдiң ертеңi, мемлекеттiң мүддесi, ұлттың болашағы үшiн жалғасып келе жатқан дау. Олай болса, журналистердiң әлеуметтiк жағдайына немқұрайды қарау – ұлт мүддесiне немқұрайды қараудың бiр көрiнiсi.