Версия для печати

БАҚ пен басқарманың алтын көпірі Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 08:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2190 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Баспасөз хатшысын қоғаммен байланыс орнату, яғни, PR маманы деуге де келеді. Зерттеушілердің пікірі баспасөз қызметі қоғамдық институт ретінде АҚШ-та ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қалыптасты дегенге тоқайласады. Ал Қазақстан, Ресей және басқа тәуелсіз мемлекеттер кіретін посткеңестік кеңістікте билік органдарында, коммерциялық құрылымдарда баспасөзбен жұмыс 1990 жылдары жолға қойылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметшісі Ербол Шаймерденұлы – еліміздің тұңғыш кәсіби баспасөз хатшысы.
Мемлекет пен қоғамның, билік пен халықтың арасын жалғастыруда, жұртшылықты елде, жаһанда болып жатқан жаңалықтармен таныстырып, хабардар етуде баспасөз хатшысының рөлі жоғары. Мерекеге орай журналистермен тікелей жұмыс істейтін, ақпараттық технологиялар мен нарық заманында ең жедел ақпарат беріп, қоғамдық имидж қалыптастырып жүрген бірқатар баспасөз хатшысы туралы қалам тербесек дедік.

322

 

Бесаспап баспасөз хатшысы

Айгүл Әлішер –

Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының баспасөз хатшысы.

317

Айгүл қала әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы басшылық ететін жол, спорт және туризм салаларының ақпаратын да жеткізуден жалыққан емес. Бірнеше саланы БАҚ-пен байланыстырып жүрген бесаспап. Айгүл жиі ақпарат тарататын саланың бірі – транспорт. Баршамызға белгілі, былтырдан бері қалада жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Барлығы да қала тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс. Бұл басқарма жұмысы бір дамылдамайды, үнемі динамикада. Сала басшысы бір жерге бара жатса, ақпараты өзінен бұрын
«жетеді». А.Әлішердің күнделікті жұмысын жедел әрі тыңғылықты атқаратыны сондай, мегаполисте соңғы 3 жылда 200 шақырымнан астам жол төселгенін, облыс құрамында болған кезде мұнша жол он жылдың ішінде салынғанын жаттап та алдық. Яғни, басқармасының қоғамдық оң имиджі қалыптасты деп айта аламыз.
– Кез келген жұмысқа кіріспес бұрын, оны қай деңгейге дейін жеткізетінімді белгілеп аламын. Жоспар құрамын. Мен үшін нәтиже жалақыдан, жұмыс барысынан, жұмыстағы ыңғайлылықтан маңызды. Егер адам бір нәрсені қолға алса, барынша жоғары деңгейде атқаруы керек деп санаймын. Ол үйде дайындаған тамағы не жазған ақпараты, болмаса мойнына алған жауапкершілігі болсын, мінсіз нәтижеге талпынуы тиіс, – дейді Айгүл.

БАҚ һәм халықпен жұмыс...

Алтынай Татаева – «Азаматтарға арнаналған үкіметтің» Шымкент қалалық филиалының PR менеджері. БАҚ-пен жұмысты жүйелі жолға қойған маман. 2015 жылдан бері қоғаммен байланыс саласында қызмет атқаратын ол журналистер мен мекеме арасындағы «алтын көпірге» айналған.

318

– Біздің мекеме өңір бойынша жарияланған рейтингте үнемі алдыңғы қатарда жүреді. Әлі де үлкен белестерді бағындырамыз деген сенімдеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет түрлерінің қатары күн санап артуда. Оның ішінде, әрине, электронды қызмет түрлері көп. Сол себепті, жұмыс күнім жаңа қызмет түрлерін жандандыру, оңтайландыру жұмыстарын ақпараттандырудан басталады, – дейді маман.
Баспасөз хатшысы жедел ақпарат берумен қатар ол ақпараттың сапасына көңіл бөлуі қажет. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасағандықтан, корпорацияда тек ақпараттандырудан бөлек, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға құлақ түре отырып, мемлекеттік қызмет түрлерін алуға көмектесу керек. Әлеуметтік желіден түскен әр өтінішке немқұрайлы қарамай, жедел түрде жауап беру маңызды. Сыни пікірлерге қарсы шығудың орнына, шешімін табуға тырысса, мекемеде де, халық арасында да абыройы артары сөзсіз. Алтынай сол абырой биігінен көрініп жүрген маман.

Рейтингі жоғары басқарма

Мақпал Сауранбек – Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының баспасөз хатшысы.

320

Қазіргі таңда мәдениет басқармасы шаһарда маңызды мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, бұрын-соңды болмаған жаңалықтарымен қуантып жүр.
Былтыр ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы шаһар мәдениетінің екінші тынысы ашылғандай. «Наурыз Шымкенттен басталады» жобасында он күн бойы естен кетпес іс шараларды тамашаладық. Өткен аптада қала күні мерекесінде бір апта ерекше жобалардың куәсі болдық. Соның бәрінде тынбай, шапқылап, басқарма мен көрерменнің, журналистердің арасында байланыс болып жүрген осы Мақпал әріптесіміз.
– Мамандығым бойынша қызмет атқарған емеспін. Жастайымнан көркем шығарма мен мақала жазуды жақсы көрдім. Ниет еттім, еңбектендім, мақсатыма жеттім. Осыдан 4 жыл бұрын балаларға арналған «Әжір» журналын ашып, қызу жұмыс жүргізілді. Журналистика саласына алғашқы қадамым осылай басталған. Қоғамдық ортамен араласып, ақпарат айдынының қыр-сырын ұғына түстім. Содан болар, баспасөз хатшы болу аса қиындық туғызбады. Жаныма жақын саламды, өзімнің жолымды енді тапқандаймын, – дейді Мақпал.
Мәдениет басқармасының қоғамдық рейтінгі жоғары деп айтуға әбден негіз бар. Мәдениет саласындағы жаңалықтар лек-легімен өз арнасын тауып келеді. БАҚ-пен жұмыс оңтайлы жолға қойылған. Әлеумет арасында ұдайы пікірталас туғызып, алғысты да жиі алып жүргенін көріп жүрміз. Оқырмандар тарапынан өнерге, руханиятқа, мәдениетке деген сүйіспеншілік, құрмет жоғарыламаса, төмендеген емес.

Тәжірибелі журналист

Мақпал Рыспаева – Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

319

Білім саласына баспасөз хатшылыққа келу де үлкен білім мен білікті қажет ететіні белгілі. Бұған дейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында БАҚ-пен байланыс маманы болып істеген Мақпалды тәжірибелі баспасөз хатшысы деп айтсақ жарасады. Сонымен бірге журналистиканы да қатар алып жүргені тағы бар. «Ontustik» телеарнасында
жаңалықтар бөлімінің журналисі болып істейді.
Мақпалдың баспасөз хатшылығы туралы әңгіме қозғағанда оның білім саласының оң имиджін қалыптастыруға аянбай тер төгіп жүргенін айту ләзім.
– Біз арқылы, біз ұсынған материалдар арқылы журналистерде басқарма басшысынан бастап қарапайым ұстаздарға деген көзқарас оң болуы тиіс. Менің жұмысым арқылы БАҚ өкілдерінің білім саласының қызметкерлеріне деген құрметі қалыптасуы керек деп ойлаймын, – дейді әріптесіміз ағынан жарылып.
«Журналистерді әр іс-шараға шақыру оңай емес шығар» деген сауалымызға Мақпал былай деп жауап берді:
– Мұндай оқиғалар тележурналистерге қатысты көбірек орын алады. Кейде басқарма тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға телеарна мамандарын жеткізе алмай қаламыз. Аяқ астынан ақпарат тарату керек болады. Әр редакцияның өз жоспары бар дегендей. Сондай қысылтаяң кезде ақпаратымның лидін (аңдатпасын) қызықты етіп беруге тырысамын. Бұл – журналистерді тартатын бір ғана жол. Тақырыптың «изюминкасын» табуға тырысамын. Журналистер оқығанда бірден қызығушылығы туа қалатындай жолдарды іздеймін.

P.S.

Қалалық әкімдікке қарасты 22 басқарма болса, оның әрқайсысында қоғаммен байланыс маманы бар. Солардың ішінде жұмысы көзге көрініп, мекемесінің имиджін қалыптастыра білгендері санаулы. Кабинет деңгейінде ақпарат беретін баспасөз хатшылары да жоқ емес. Ақпарат айдынында алдыңғы қатарлы байланыс маманы болып жүрген әріптестеріміздің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз. Мереке құтты болсын!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.