Елорда қазақ елінің ортақ мақтанышы

Пятница, 02 Июль 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2472 раз

Құрметті шымкенттіктер! Қадірменді Қазақ елі!

Өздеріңізге белгілі, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Парламентінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады.

364

 

1997 жылы 10 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи Жарлыққа қол қойды. Осылайша, республика астанасын көшіру туралы озық идея алғаш рет айтылған 6 шілде күні – Елорда күні ретінде тойланып келеді.
Бұл күн – тек астана тұрғындарының ғана емес, бүкіл ел халқының мерейлі мерекесі. Баршаңызды осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Нұр-Сұлтан – жасампаздық пен үйлесімділіктің үлгісі, ең бастысы – елім деген Елбасы еңбегінің жемісі һәм жеңісі. Елбасы жаңа қала салу арқылы бір жағынан экономиканы өрлетіп, халықтың рухын оятып, ертеңге деген сенімін арттыруға болатынын, екінші жағынан астананы республиканың географиялық орталығына көшірудің ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді екенін күні бұрын бағамдай білді. Кемеңгер саясаткердің осынау көреген шешімінің дұрыс екенін бүгінде уақытты өзі дәлелдеп берді.
Елорда – әрбір қазақстандықтың көз қуанышы, көңілдегі зор мақтанышы. Әлемдік талаптарға сай келетін, сәулеттік келбеті келісті шаһарда бүгінде халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар тұрақты ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылдануда. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, «ЭКСПО» халықаралық көрмесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиттері, Еуразиялық Экономикалық одақ елдері көшбасшыларының басқосулары Астана экономикалық форумы сынды алқалы жиындардың Елордада өтуі – сөзіміздің айғағы. Бұл өз кезегінде Қазақстанның абыройын асқақтатып, беделін бекемдеуге септігін тигізуде. Тәуелсіз Қазақстанның қабырғасы толық қатпаған кезде Н.Назарбаевтың батыл тарихи шешім қабылдап, бас қаланың бас сәулетшісі болғандығы да ақиқат. Ұлт Көшбасшысының сол жылдардағы нар тәуекелінің арқасында бүгінде Елорда халқымыздың мақтанышына, болашаққа жетелеп, жаңа болмысты қалыптастырып отырған тарихи жобаға айналды.
Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл! Еліміздің Тәуелсіздік жылдар ішінде жүріп өткен жолдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өтіп, қуатты Қазақстанның іргесін қаладық. Еліміздің алдында жаңа кезеңнің үлкен-үлкен мақсат-міндеттері тұр.
Құрметті қала тұрғындары!
Елордамыздың қарышты қадамдары өңірлердің дамуына да серпін берген қозғаушы күшке айналды. Тәуелсіздік жылдарындағы даму мен өркендеудің арқасында бүгінде Шымкент елдегі республикалық маңызға ие үшінші қала мәртебесіне ие болды. Шырайлы шаһар Нұр-Сұлтанға қарап бой түзеп, заманауи мегаполис ретінде дамып келеді.
Сарыарқаның төрінде орын тепкен бабалар рухын қастерлеудің үлгісіндей, баянды болашақтың ордасындай болған ару қала Астананың туған күні құтты болсын, Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.