Версия для печати

ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН ҚАЛА Избранное

Пятница, 02 Июль 2021 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2145 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Қазір ғой егемен еліміздің ертеңіне қай-қайсымыз да зор сеніммен қараймыз. Еліміздің бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктеріне қарап, алдағы уақытта мұнан да асқақ асуларды бағындырарына шәк келтірмейміз. Ал, 30 жыл бұрын ше?

368

 

Бір жағынан азаттықтың ақ таңы атқанына жүрегіміз жарыла қуансақ, екінші жағынан «шынымен дербес мемлекет болып кете алар ма екенбіз» деген ішкі қобалжу болғаны рас. Жұрттың көңіліндегі сол алаңдаушылықты басу үшін халықтың өз өзіне деген сенімін арттырып, Тәуелсіздік рухын қалыптастыратын озық идея, батыл шешім керек еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол озық идеяны дөп басып таба білді. Ол — республика астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіріп, жас мемлекеттің еңселі елордасын салу.
Иә, Сарыарқа төріндегі ару қалаға биыл 23 жыл толып отыр. Елорда күні – тек осы қала тұрғындарының ғана емес, бүкіл ел халқының мерейлі мерекесі. Себебі, Нұр-Сұлтан қаласы – әрбір қазақстандықтың көз қуанышы, көңілдегі зор мақтанышы. Қарыштап өсіп келе жатқан жасампаз қалаға қарап жастар жігерленіп, биік мақсаттарға ұмтылса, аға буын өкілдері бүгінгі бейбіт өмірімізге, алаш жұртының қол жеткізген толағай табыстарына шүкіршілік етеді. Расында, тарихи тұрғыдан алғанда қас-қағым сәт болып саналатын қысқа мерзім ішінде Қазақ елінің жауһар қаласы – Нұр-Сұлтан өз атын тәуелсіздік шежіресіне алтын әріптермен жазды.
Тарихтың тылсым қатпарларына көз жіберсеңіз, қай елде де мемлекет астанасы халық тағдырында ерекше маңызға ие болғанын байқайсыз. Қасиетті қазақ жерінің төрінен орын алған Елорданың дамуы да жас мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты. Ғалымдар дәлелдеп бергендей, Сарыарқа төсіндегі өзендер бойында ертеде-ақ қала мәдениеті қалыптасқан екен. Ежелде мәдениет пен ғылым-білімнің, сауда мен қолөнердің орталығы болған Бозоқ қаласы да солардың бірі. Заманында дәуірлеген сол қала тарихтың аласапыран кезеңдерінде тағдыр-талайымен топырақтың астында қалыпты. Қараөткел тұсындағы сол тарихи қаланың маңынан 1832 жылы әскери бекініс ретінде Ақмола қаласының іргетасы қаланған. Ал, арада 166 жыл өткенде, яғни 1998 жылы азат еліміздің астанасы Алматыдан Арқа төріне көшірілді.
Қазақстан секілді жас мемлекетіміздің орталығын бір қаладан екіншісіне ауыстыру, расында да, тарихи шешім еді. Сол уақытта Елбасының «Біз Алатаудың бауырындағы Алматыға сия алмағаннан емес, Алматыны қия алмай кетіп барамыз» деген жүрекжарды лебізі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен Ұлт Көшбасшысының жүрек лүпілі мен жауапкершілігіндей білінген-ді. Расында Алматы да әлі талай жыл, бәлкім сан ғасыр Қазақ елінің елордасы болуға лайық қала еді. Алайда, замана ырғағы, уақыт көші бізден батыл шешімдерді талап етті. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жаңа қала салу арқылы бір жағынан экономиканы өрлетіп, халықтың рухын оятып, ертеңге деген сенімін арттыруға болатынын, екінші жағынан астананы республиканың географиялық орталығына көшірудің ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді екенін күні бұрын бағамдай білді. Кемеңгер саясаткердің осынау көреген шешімінің дұрыс екенін бүгінде уақытты өзі дәлелдеп берді. Көп ұзамай Нұр-Сұлтан еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды.
Бағамдап отырсақ, Нұр-Сұлтан жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «ғасыр жобасына» айналыпты. Әрине, қазіргі заманға сай шаһардың көркін жаңа сәулеттік ғимараттар ашып тұр. Олар қаланың ажарын адам танымастай етіп өзгертті. Нысандардың жобалауына шетелдік сәулетшілер мен алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары тартылды. Сол жылдардың өзінде Елорданың Бас жоспарын жасауға мемлекеттік тұрғыда үлкен көңіл бөлінді. Ең үздік Бас жоспарды таңдау үшін екі конкурс жарияланды. Екінші конкурсқа Ресей, Италия, Жапон, Австралия, Германия, Түркия, Польша, Өзбекстан, Беларусь және тағы басқа елдердің шығармашылық топтары мен шеберлері қатысты. Жеңіске әлемдік сәулет өнерінің шебері және танымал теоретик Кисё Курокава жетті. Ол Елорданы дамыту негізі етіп сембиоз, метаболизм және абстракциялық символизм идеяларын алды. Жапон сәулетшісі үшін қала – бұл қоршаған ортамен тамаша үйлесіп жатқан, жергілікті ландшафтқа көрік беріп тұрған тірі организм. Бұл идея Есілдің жағасында кең далада бой көтеріп келе жатқан Елордаға сәйкес келді. Құрылысшылардың алдына қаланы сәулетті, жарық, үйлесімді және ыңғайлы салуға тапсырмалар жүктелді. Қаланы салуда және оны қайта жаңартуда әлемнің озық тәжірибелері мен дәстүрлі жетістіктер қолданылғанын айта кеткен жөн.
Есілдің бойы еліміздің жүрегіне айналған сәттен бастап мұнда еліміздің түпкір-түпкірінен адамдар ағылып келе бастады. Жас қала алып құрылыс алаңына ғана емес, мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, сауда мен кәсіпкерліктің де орталығына айналды. Шаһар тұрғындарының саны аз жылдарда еселеп артты. Бұл жергілікті биліктің алдына мәдени-әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды тездетіп дамыту міндетін қойды. Сөйтіп, ерке өзеннің сол жағалауында Ана мен бала республикалық ғылыми орталығы, Балалар сауықтыру орталығы, Ұлттық нейрохирургиялық орталық, жедел медициналық орталық, бір уақытта 500 адамды қабылдай алатын диагностикалық орталық, 30 мың көрерменге арналған стадион және 3 500 адамға арналған концерт залы және көптеген тұрғын үйлер бой көтерді. Сәл бертінде Астананың картасында Ақорда, Парламент Сенаты мен Мәжілісі үйі, Транспорт және коммуникация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Жоғарғы сот, Кардиологиялық орталық, тағы да басқа көптеген стратегиялық маңызы бар нысандар пайда болды. Көп ұзамай тағы бір маңызды әкімшілік орталық – Министрліктер үйі пайдалануға берілді.
Елордада бой көтерген жеке нысандарға шетелдік сәулетшілер де өзінің үлесін қосты. Британдық шебер Норман Фостердің екі жобасын алуға болады. Оның бірі Бейбітшілік пен келісім сарайы болса, екіншісі «Хан шатыры» сауда – ойын-сауық орталығы. Бұл нысан ұлы көшпенділердің озық дәстүрі мен мәдениетін негізге ала отырып бой көтерді. Ал, Бейбітшілік пен келісім сарайы сияқты архитектуралық наным нысанын бүкіл әлемнен кездестіру қиын. Әрине, әртүрлі діни дәстүрлерді бір шаңырақтың астына жинайтын ғимараттар бар, дегенмен, бұл ғимараттың олардан айырмашылығы – өзара келісім аясында тиімді сұхбат құруға арналған ортақ алаң болуында. Бұл жерге әртүрлі әлемдік және дәстүлі дін көшбасшыларының жиылатыны, осындағы Мәдениет мұржайында, Өркениет Университетінде, 1500 орынды Опера театрында бас қосатыны бұл сарайдың даңқын асқақтата түседі.
Иә, келешекке қол созған Елордамыздың картасында бірегей сәулеттік құрылыс нысандары пайда болды. Мәселен, Президенттік мәдени орталығы, Ислам мәдени орталығы, еркіндік пен елдіктің символына айналған «Бәйтерек» кешені, «Атамекен» этномемориалдық паркі, «Думан» ойын-сауық орталығы және цирк ғимараты, «Сарыарқа» велотрек кешені, «Қазақ Елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешіттері, «Астана-Арена» стадионы, Ұлттық академиялық кітапхана мен Ұлттық мұрағат – бәрі-бәрі өз сәулетімен Сарыарқаға сән беріп тұрған ерекше ғимараттар. Олар бүгінде елордамыз бен Отанымыздың символына айналып үлгірді.
Бүгінде Астана тек сәулетімен ғана мақтанбайды. Ол әлемдегі ірі саяси-экономикалық және мәдени-ғылыми орталықтардың біріне айналды. Әлемдік деңгейдегі түрлі басқосулар Нұр-Сұлтан қаласында өтіп келеді. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиттері, Еуразиялық Экономикалық одақ елдері көшбасшыларының бақосулары, Астана экономикалық форумы сынды алқалы жиындар Нұр-Сұлтанның адамзаттың тағдыршешті мәселелері талқыланатын, жаһандық саяси шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын дәлелдейді.
Елорда туралы айтқанда Елбасы бастамасымен ашылған Назарбаев Университетіне тоқталмай кетуге болмайды. Бұл университеттің миссиясы – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі тұңғыш зерттеу университеті болу, себебі оның қызметі елдің негізгі басымдықтарының іске асырылуына, оның ішінде зерттеу әлеуетінің жедел қарқынмен өсуіне, елдің индустриялық-инновациялық дамуына, өзгеріп отыратын және жаһандық ықпалдастырылған экономика талаптарына сай келетін білім беруге көшудің қамтамасыз етілуіне байланысты. Университеттегі оқу процесі халықаралық білім беру стандарттары негізінде құрылған. Бұл отандық білім және ғылым жүйесінің қарқынды дамуына және әлемдік деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл – қызметі дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы ең алғашқы университет.
Қазірде жиі айтылып жүрген «Елорда – Елбасының ерлігі» деген баға өте орынды айтылған. Егер Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде Қазақ елінің мақтанышы, әлем алдындағы абыройымыздың өлшемі болса, ол үшін ең әуелі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтуға тиіспіз. XXІ ғасырдағы Қазақ елін бүгінгі Елордасыз көз алдыңызға елестету қиын десек, айтулы шаһардың қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген, оны өзінің перзентіндей мәпелеп өсірген, үнемі қадағалауында ұстап, қамқорлығын танытқан Елбасының ерлігі қандай мадақ пен жоғары бағаға да лайық. Сол себепті, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешімі – тарихи әділеттіліктің орнауы десек қателеспейміз.