Версия для печати

Елордада жүрсе де Шымкентке елеңдейді Избранное

Пятница, 09 Июль 2021 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2018 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Еліміздің әр аймағында тамырын Шымкенттен тартатын азаматтар аз емес. Бірі білім қуалап, енді бірі қызмет бабымен еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Дегенмен, Шымқаланы кезінде түлетуге, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың орны бөлек. Олар бүгінде алыста жүрсе де туған қаласына елеңдеп, кем-кетігін байқаса, түзетуге дайын тұрады. Сондай жандардың бірі – Нұрлан Әуесбаев.

409

 

Елордаға мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығына оқуға барып, біршама уақыт ақпарат министрлігінде жемісті қызмет атқарған Нұрлан ағамыздың Шымкентке сіңірген еңбегі аз емес.
Бәрін тізбелемесек те, бұл орайда бір ғана Наурыз поселкелік әкімдігі қалай құрылғанын айтсақ та жетеді.
Сонау тоқсаныншы жылдардың сан тарапты тоқыраулы кезеңінде Нұрлан Әуесбаев қорғасын зауытында балқыту цехында еңбек етіп жүрген. Еліміз өз тәуелсіздігін алуға ұмтылып жатқан шақ. Зауытта өзі құралпы жігіттермен тізе қосып, «Қазақ тілі» қоғамын алғашқылардың бірі болып құрып, ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына сүбелі үлес қосты.
– Ол кезде қоғамда ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз бен ана тілімізді жаңғыртуға қатысты толқулар белең ала бастаған еді. «Өз елімізде тұрып неге өз тілімізде сөйлей алмаймыз?!» деген жалынды жігіттер топтаса кеттік. Сол кездегі зауыт басшысы Қылышбек Ізбасқановқа көп рахмет, біздің талабымызды орынды деп қолдап, бастауыш қоғам құруға рұқсат етті. Игі істі естіген көрші зауыттарда да жігіттер топтаса бастады. Әлі есімде, «Пресс-автоматов» зауытында Қабыл Дүйсенби дәл біздегідей «Қазақ тілі» қоғамын құруда белсенді болды. Біртіндеп бұл ұйым Абай аудандық «Қазақ тілі» қоғамы болып құрылуына негіз болды. Оның басшылығына ұзақ жыл білім беру саласында жемісті еңбек еткен ұстаз Үсен Қарасаев ағамыз келді, – дейді кешегі күндерді еске алған Нұрлан Сатыбалдыұлы.

410


Ұлттық мүддені бәрінен биік қойған сол кездегі зауыт жұмысшыларының көбінің басында баспана жоқ еді. Жатаған там салып алайын десе, жер алу да мұң болатын. «Тұрғын үй–91» бағдарламасы елдегі экономикалық дағдарыстың салдарынан жүзеге аспай, басталған баспана құрылысы жарты жолда тоқтап қалды. Қорғасын зауытының жігіттері енді «Тым болмаса жер беріңдер, өз күшімізбен үй салып алайық» десті. Әріптестерінің мұңын айтып, сол кездегі Шымкент қалалық халық депутаттары кеңесіне Нұрлан Әуесбаев бірнеше рет келді. Жергілікті билік жұмысшы жастардың талап-тілегі орынды екенін алға тартқанымен, инфрақұрылым жоқ жерді бере алмайтынын, ал әл-әзір дағдарыс кезеңінде жол салып, су құбырын тартып, жарық апарып беретіндей бюджет қауқарсыз екенін ашық айтты. Екі тараптың талап-тілек тартысы тарқамады. Болмаған соң Қазығұрт шағынауданынан зауыт жұмысшыларына 6 соттықтан жер берілді.
– Сұраған жер берілгенімен, жаңа шағынауданда инфрақұрылымның жоғы әбден қинады. Шын тығырыққа тірелген жеріміз осы болды. Бірақ қиындыққа мойымадық. Мәселені Жоғарғы Кеңеске айтып, хат жаздық, – дейді Нұрлан Сатыбалдыұлы.
Жігерлі жастың қажыр-қайраты Шымкентті дамыту жолында қажет-ақ екенін сол кездегі билік басындағылар да байқады. Сөйтті де Нұрланға «Поселкелік кеңес құрылса, төраға болып барасың ба?» деді. Сенімді ақтау жолында аянары жоқ жастық жігері жалындап тұрған шақта жауапкершіліктен бой тасалайтын Әуесбаев па? «Барамын» деді. Осылайша республика бойынша сол кезде екі-ақ поселкелік кеңес құрылды. Біріншісі – Шымкент қаласындағы Наурыз поселкелік кеңесі, екіншісі Семей облысында. Бұл 1991 жылдың 15 мамыры болатын.
– Поселкелік кеңеске Наурыз атауын берудің өзі тектен тек емес. Сол кезде ұлттық мерекеміз – Ұлыстың Ұлы күні мейрамы жалпыхалықтық сипатқа ие болып, ел болып тойлауға рұқсат алынған кезең болатын. Сондықтан жаңа кеңеске Наурыз атауын беруді ұсындық. Ұсынысымыз қабылданды.
Осылайша Наурыз поселкелік кеңесіне Қазығұрт, Құрсай, Карл Маркс елдімекендері кірді.
Не ауыз су құбыры жоқ, не жол төселмеген, жарық жиі өшетін поселкелік кеңестің жұмысын Нұрлан Сатыбалдыұлы күні-түні жүріп істеуіне тура келді.
– Бұл орайда «Шымкент келбеті» газетіне мың алғыс! Елдің мұңын айтып, «Қазығұртқа қашан су беріледі? Кілең қазақтар тұратын аумақтан қашан қара бұлт сейіледі» деп, бірнеше рет мәселе көтеріп, мақалалар жариялап тұрды. Соның да ықпалы көп болды. Өмірге жаңа келген әкімдік жүйе шалғайдағы (ол кезде бұл аумақ расында да шалғай болатын) елдімекеннің мәселесіне назар аудара бастады. «Свет ұрланып жатыр» деген соң, әр трансформаторға жауапты адамдар бекітіліп, кезекшілік қойдық. Ақсақалдар алқасын құрып, поселкенің мәселесін әкімдерге жеткізуге тырыстық. Олар елдімекендегі басқа да әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етті. Қалталы азаматтар да қолғабыс бере бастады. Халықты ұйымдастырып, 25 көшеге асарлатып тас түсіріп, жол салынды, – дейді Н.Әуесбаев.
Айтпақшы, асарлатып тас төселген 25 көшеге қазақтың ұлт мақтаныштарының есімін беру, қазақша атау беру ісі де осы кезде жүзеге асты. «Қазығұртта кілең ұлтшылдар тұрады» деген дақпырттың шығып жүргені де содан ғой. Әлі кеңестік жүйенің тоңы толық сөгіле қоймаған, мемлекеттік тіл ретінде екі тіл қатар қолданылып жүрген жылдар. Тізеге салып, мәселені белден басып жіберуге тағы да болмайды. Қоғамның біртұтастығын белінен шорт үзіп алу қаупі тағы бар.
«Наурыз» поселкелік кеңесінің төрағасы Нұрлан Әуесбаев бастаған азаматтар мәселені тиісті мекемелерге қайта-қайта айтып жүріп, суармалы алқап көлемін арттыру, су шығару ісін реттеді. Ендігі бір кезекте тұрғындарды ұйымдастырып, Ташкентке бағыт алатын автожол бойындағы «Қасқа» зиратын ретке келтіру, тазалап, көркейту ісіне мұрындық болды. Осы үрдіс кейін дәстүрлі іске айналып, жыл сайын Қазығұрт шағынауданының тұрғындары зират маңын ретке келтіріп, тазалығын сақтауда белсенді болып жүр.
Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Н.Әуесбаевтай жігіттер көзге түспей қала ма?! Әкімшілік жүйеге елдің жайын білетін осындай азаматтар керек болды. Сөйтті де Нұрлан ағаны ендігі кезекте Қызылжар ауылына әкім етіп тағайындады. Бұл 1999 жылдар болатын.
Уақыт өте келе Нұрлан Сатыбалдыұлына жауапты қызметтер ұсыныла берді. Қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімін басқару ісі де осындай сенімнен туындаған міндет болатын. Бәрін де абыроймен атқарған ол Президенттік мемлекеттік қызметкерлер даярлау оқу орталығына оқуға жіберілді. Білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырған Н.Әуесбаевты ҚР Ақпарат министрлігіне жауапты қызметке шақырды. Барды. 2004 жылы Астанада дүние жүзінен дінбасылар жиналған алқалы дәстүрлі діндер съезінің абыроймен өтуіне Нұрлан аға да өзіндік үлесін қосқан азамат. Сосын ауыл шаруашылығы министрлігінде лауазымды қызмет ұсынылды. Ол жақта да жемісті қызмет атқарды.
Бүгінгі таңда Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік қызметтен алысырақ болғанымен, туризмді дамыту ісінде жең түре еңбек етуде. Өз еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілік болмай, оны өркендету қиын. Ал бұл қасиет, отаншылдық рух о бастан Нұрлан ағада бар. Содан да болса керек, бұл салада да қол жеткізген табысы аз емес.
– Қайда жүрсем де Шымкенттегі күндеріме жетпейді. Сондықтан жыл сайын Шымкентте волейболдан спартакиада өткізіп тұрамын. Өзім демеушілік жасап, спортшы жастардың талабын құптаудан аянған емеспін, – дейді.
Расында да жақында Нұрлан Әуесбаевтың бәйгесіне Шымкентте волейболдан қыздар арасында турнир өткізіліп, жүлделі бірінші орынға №86 мектеп командасы ие болды. Екінші орын №49, үшінші орын №129 мектептің спортшы қыздарына бұйырды. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар беріліп, жүлделі орындарға арнайы дипломдар, кубоктар табыс етілді.