АБАТТАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ Избранное

Пятница, 09 Июль 2021 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1591 раз

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен қаланы көріктендіру және жасыл желекті күтіп ұстау мәселесіне арналған жиын өтті.

414

 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғ.Ильясовтың баяндамасы тыңдалды.
Басқарма басшысы берген мәліметке сәйкес, қала аумағында 8 саябақ, 39 гүлзар мен аллея, 50 ескерткіш күтімге алынған. Басқарма теңгеріміндегі жасыл желек көлемі 152 гектарды құраса, оның 115 гектары саябақ аймақтарына тиесілі. Сондай-ақ, қаладағы 37 субұрқақ пен 44 ұңғыманы күтіп-ұстау міндеттері де осы басқармаға жүктелген.
Салада атқарылып жатқан жұмыс туралы мұқият тыңдаған қала әкімі М.Әйтенов парктер мен гүлзарлар тұрғындарға мейлінше қолайлы болуы керегіне назар аударды. Мұнда шағын сәулеттік пішіндер қойылып, жасыл желек қорын сауықтыру, жаңарту жұмыстары жүйелі түрде атқарылу керегін айтты.
Қала әкімі саябақтардың барлығы дерлік қаланың ескі орталығында қалып отырғанын назарға алды. Құрылыс қарқын алып жатқан жаңа шағынаудандарда саябақтар мен аллеялар құрылысын жүргізу, жасыл желек қорын қалыптастыру керегін айтты. Ол үшін осы салаға жауап беретін негізгі мекеме – қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы урбанист мамандар мен жергілікті ғалымдарды кеңінен тарта отырып, қаланы абаттандырудың салалық стратегиясын жасауы керек деді. Абаттандыру стратегиясында қаланың жасыл желек қорының бүгінгі ахуалы толық зерделеніп, барлық аумақтарды теңдей көгалдандырудың кешені қалыптастырылмақ. Оның ішінде жаңадан салынған шағынаудандарда саябақтар мен скверлер, аллеялар салу, тұрғын үй аулаларында тал егу, көгалдарға суару жүйесін орнату, жасыл желекті күтіп-ұстау міндеттемелерін бөлу сынды мәселелер қамтылатын болады.
Қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарды абаттандыруды назарға алған шаһар басшысы сай-салаларда егілген көгалды аумақтарды кәдеге жаратудың тиімді жолдарын белгілеуді тапсырды.
Құрылыс қалдықтарын жойып, экологияны сауықтыру бойынша пәрменді жұмыстар атқаруды жүктеді.
– Қаланы абаттандыру талаптары қалалық мәслихат шешімімен бекітілген ережеде қамтылған. Аудан әкімдері осы талаптардың орындалуын күнделікті бақылауы тиіс. Айналаның тазалығына жауапкершілікті арттыру жөнінде коммерциялық нысан иелері және мердігер ұйымдар арасында нақты жауапкершілік міндеттемелерін бөліп, бекітіп беру керек. Мердігер ұйымдарда мониторинг және бақылау құрылымдары ашылып, атқарылған жұмыстарға бақылау жүйесі күшейтіледі. Бұл өз кезегінде қаланы абаттандыру және санитарлық тазалығын сақтау саласындағы жұмыстарды жүйелендіруге ықпал етеді, – деді қала әкімі.
Жиында қаладағы абаттандыру жұмыстарының тиімділігін арттыру, жасыл желектің өнімділігін бақылау мақсатында осы саладағы жұмыстарды автоматтандыру мәселесі де айтылды.
Жиында көтерілген осы міндеттердің барлығы Шымкент қаласын абаттандырудың жаңа тұжырымдамасында қамтылатын болады. Әкім қала үшін маңызы зор құжат жобасын тамыз айында ұсынуды тапсырды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.