Версия для печати

Әлеуметтік мәні бар маршруттар көбейді Избранное

Среда, 14 Июль 2021 04:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 306 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызға ие бағыттары көбейді. Бұған дейін қалада мұндай маршруттардың саны 36 болса, оның 14-інің қозғалыс сызбасы оңтайландырылып, тағы 21 бағыт жаңадан қосылған. Осылайша шаһарда ендігі жерде әлеуметтік мәні бар 57 маршрут жұмыс істейді. Бұл жөнінде Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов әңгімелеп берді.

426

 

—Жуырда Шымкент қаласында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы жасалғаны белгілі. Схеманы әзірлеу барысында онлайн сауалнама жүргізіліп, оған 21 мыңнан астам адам қатысты. Олардың 75 пайызы қоғамдық көлікті модернизациялауды, қолданыстағы маршруттарды өзгертіп, қызмет сапасын жақсартуды қолдаған. Схема жалпы 78 бағыттан тұрады. Оның 6-ы ХАБ, 33-і жеткізуші, 6-ы радиалды, 29-ы ішкі орамдық, 2 магистралды және 8 қарапайым бағыт қарастырылған, – дейді Е.Жолдасов.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес 56 маршрут оңтайландырылып, олардың қозғалыс сызбасына өзгертулер енгізілген. Мұның барлығы тұрғындардың діттеген жеріне тез және ыңғайлы жетіп алуы үшін жасалған. Алайда, қала шетіндегі шалғай елді мекендер мен тұрғын алаптарында таңертең және кешкі уақыттарда жолаушылар көп болғанымен, күндіз жолаушылар ағыны айтарлықтай азайып қалады. Осы уақытта аталған бағыттар бойынша автобустардың қатынауы тасымалдаушы компаниялар үшін тиімсіз. Себебі, кейде жолақысы жанармай шығындарын да өтемей қалуы мүмкін. Осыдан кейін автобустардың қозғалыс интервалын сақтамауы жиі кездесетін еді. Түскі уақытта шалғай тұрғын алаптан шығып, орталыққа жету үшін автобусты жарты сағат күтуге мәжбүр болған тұрғындар наразы болып жатады.
Мамандардың айтуынша, мұндай проблеманы шешудің бір ғана жолы бар. Ол – тасымалдаушы компаниялардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау.
—Өткен айдың басында қалалық мәслихаттың Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік мәні бар қоғамдық көлік маршруттардың тізбесін айқындау жөніндегі шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Депутаттар аталған тізбеге жаңадан 21 маршрутты қосу туралы бастаманы қолдап, бекітіп берді. Сәйкесінше, осы жылдың 1 шілдесінен бастап аталған 21 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 8 компанияның шығындары бюджет қаражаты есебінен субсиядиялау басталды. Өз кезегінде бұл компаниялар өз маршруттары бойынша автобустардың бекітілген интервалмен уақтылы және үздіксіз қатынап тұруын қамтамасыз етеді, — деді Ержан Жақсылықұлы.
Басқарма басшысы егер тасымалдаушы компаниялар өз міндеттерін дұрыс орындамай, автобустар уақтылы жүрмей жатса, тұрғындар дереу басқармаға шағымдануы керектігін айтты. Мұндай жағдайда тасымалдаушы компанияның шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау дереу тоқтатылады.
Жалпы, Шымкентте қоғамдық көлік желісі жылдан жылға дамып, жетіліп келеді. Басқарманың мәліметі бойынша, бүгінде 79 бағыт бойынша қызмет көрсететін 1 050 қоғамдық көлік болса, оның ішінде қызмет көрсету мерзімі 3 жылға толмаған автобустардың саны – 600, яғни, 57 пайызды құрайды. Ал, 150 автобустың (14 пайыз) жолаушылар тасымалдап жүргеніне 7 жылдан асқан. Өткен жылы жаңадан сатып алынған 590 автобустың 300-і тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қалған 290 автобус газ құю станциясының салынып бітпеуіне байланысты әзірге тоқтап тұр. Оларды жылдың соңына дейін маршрутқа қосу, сол арқылы мерзімі 3 жылға дейінгі жаңа автобустардың үлесін 80 пайызға жеткізу көзделген.