Версия для печати

Үнді штамы неге қауіпті? Избранное

Среда, 14 Июль 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1890 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Коронавирустың «Дельта» – үнді штамы деп таңбаланған түрі өкінішке қарай қазақ жеріне де жетті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректері көңіл көншітпейді. Шымкент қаласы әлі де «қызыл» аймақта. Адамдар арасында коронавирустың мутацияланған бұл түрі сәт сайын таралуын тоқтатпауда. Қала аумағында санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту шаралары, жұқпалы дерттің кең етек жайып кетпеуіне тосқауыл жасау амалдары күшейтілген.
Дегенмен мәселенің мән-жайын айтып беру үшін Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВПЕН сұхбаттастық.

427

 

– Әбдіманап Қошқарұлы, мутацияға енген вирустың түрі Шымкентке де жеткенін естіген елде алаңдаушылық бар. Жалпы, коронавирусқа қарсы күресте тиімді әдіс қайсы?

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Шымкент қаласында өткен екі апта ішінде коронавирус аурушаңдығының 1500 жағдайы тіркелді. Оның ішінде симптомды 70,2%, симптомсызы 28,7%. 18 жасқа дейінгілер арасында 18,1% құрайды. Пневмонияның 85 жағдайы бар. Егер, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстыратын болсақ, 1210 жағдай тіркелген, оның ішінде симптомды 510 (42,2%), симптомсызы 700 (57,8%). 18 жасқа дейінгілер арасында 49 жағдай 2,5% құраған.

436


Яғни, биыл ересектердің арасында аурушаңдықтың симптомдысы 2 есе, симптомсыз түрі 1,7 есе мен балалар арасында 5,2 есе жоғары тіркелуде.
Ауырған 1407 адаммен байланыста болғаны – 464 (33,0%), медициналық көмекке жүгінгені – 820 (58,3%), алдын ала тексерумен – 123 (8,7%) анықталған. Коронавирустың «дельта» штаммы «британдық» штамнан бірнеше есе қауіпті. Қатерлі дертті жұқтырмаудың басты амалы вакцина салдыру.

–Иә, дәрігерлер дельта штамы өте жұқпалы екенін айтуда....

–Расымен де Үнді («дельта») штамы өте жұқпалы. Ауырған адамнан айналасына 4-5 күнде тез таралады. Бір адамның вирусы 5-6 адамға қатар жұғуы мүмкін. Инкубациялық кезеңі қысқа, ұзақтығы 7 күнді құрайды. «Британ» штамынан ерекшелігі бұл вирус адам ағзасындағы бұрын-соңды ауырмаған тұсты зақымдайды.

–Алғашқы белгілері қандай болады?

–Бұл штамм науқастың қанындағы тромбоциттердің санын күрт өсіреді. Содан ағзада тромбоз қалыптасып, ауырған адам бірден инфаркт алатыны жасырын емес.
Үнді коронавирус штамының белгілері, ең алдымен суықтаған сияқты мұрын суланып, бітеле бастайды. Тамақ пен бас ауырады. Дене қызуы көтеріліп, буындарды қақсатады. Асқазан-ішек жүйесін зақымдағаннан жүректі айнытып құстырады, іш ауырып, диарея болдырады.
Науқастың құлағы саңырау болып, аяқтың микротромбозына әкелуі мүмкін.
Науқас иіс сезімін жоғалтпайды. Суықтаудың алғашқы белгілерінде Үнді штаммын жұқтыру ықтималдығы жылдам, әрі қауіпті болғандықтан науқас өзін оқшаулап, дәрігерге қаралуы керек.

–Бұл дертті жұқтырып алмаудың амалы тек вакцинация ма?

–Дәл солай. Аурудың алдын алудың басты жолы – вакцинация! Тағы да қайталап айтамын. Вакцина салдыру арқылы ғана біз бұл дерттің кең таралып кетпеуіне, өз өміріміз бен жақындарымызға қауіп төндірмеуге мүмкіндік аламыз. Эпидемиологиялық жағдайдың күшейе түсуіне халықтың карантиндік шараларды сақтамауы себебін тигізуде. Мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Әсіресе, адамдар көп шоғырланатын жерге бармау, жиын-той өткізбеу, ұдайы қолды сабынмен жуып, антисептик пайдаланып жүру шараларын ұмытпасақ екен. Қарапайым бұл қағидалар күнделікті тұрмысымызда қолдануға тиісті әдетімізге айналуы керек.
Өкінішке қарай, тәртіпке бағынбай көпшілікті жинап той-томалақ өткізіп жатқандар бар. Қазір тойханалардың бәріне де ескерту жасалып, той өткізуге тапсырыс қабылдаған жағдайда қатаң шара көрілуде. Тіпті, өз ауласында, туған-тусын жинап, үйде той-жиын өткізуге де тиым салынған. Мұның бәрі де елдің амандығы үшін жасалынып жатқан шаралар. Сондықтан, санитар дәрігерлердің талабына жүрдім-бардым қарауға болмайды.
Қазір Шымкентте қырықтан астам пунктте вакцина салынуда. Барлық емханаларда арнайы бөлме жұмыс істейді. Вакцинаның бірнеше түрі ұсынылуда. Отандық QAZVAC вакцинасы шымкенттіктерге сәуірдің 26-сынан бастап салынды. Әлем бойынша білгір ғалымдардың тескеру, талдауынан өткен қазақстандық вакцина әлемдегі озық 5 екпенің қатарында.
Бұдан бөлек, коронавирусқа қарсы «SPUTNIK V», «QazVac» және де Hayat Vax вакциналарының қоры қалада жеткілікті. Салдыруға тілек білдірген азаматтар үшін кез келген уақытта вакцинаны қабылдау мүмкіндігі жасалған.
Емханалардағы екпе егу кабинеттерінің барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екпе салатын қызметкерлер арнайы оқудан өтті.
Вакцинаның қай түрін қабылдағысы келетінін әр азамат өзі таңдай алады.
ҚР ДСМ соңғы ақпараты бойынша Үндістанда енді «Дельта+» штаммы анықталғаны мәлім болды. Сондықтан қала тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын.

–Әңгімеңізге рақмет.

Последнее изменение Пятница, 16 Июль 2021 03:51