Індетке төзімділік екпеге байланысты Избранное

Среда, 14 Июль 2021 04:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 410 раз

Статистика бойынша вакцина алғандар саны жөнінен Шымкент қаласы республикада алдыңғы орындардың бірінде тұр. Қауіпті індетке қарсы екпе егу науқанына қаламыздағы «Сымбат-Нұр» медициналық клиникасы да белсенділік танытуда.

428

 

Аталмыш клиниканың бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Кәмшат Балыхбаеваның айтуынша вакциналау «Сымбат-Нұрда» сәуір айында басталған. Бірінші ресейлік «Спутник-V» вакцинасын еккен. Кейін мамыр айында отандық «QazVac» және қытайлық «CoronaVac», «Hayat-Vax» вакциналарын салған. Бірақ әзірге клиника «QazVac»-тан басқа 3 вакцинаны салып жатыр. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина алмағандарды жұмыс орнынан шектеу және әрбір ұжым қызметкері, егер денсаулығына байланысты екпе алуға жарамаса немесе індетпен ауырғанына енді 3 ай болса, вакцинаның бірінші компонентін 15 шілдеге дейін және екінші бөлігін 15 тамыздан кешіктірмей алулары тиіс. Осыған орай бүгінде клиникаға өз еріктерімен екпе салдыруға келіп жатқан адамдар қарасы көп. Дәрігердің сөзінше алғашқыда халық арасында вакцина жөнінде теріс пікір жүрді. Кейін келе-келе халық та вакцинаның пайдасы бар екенін түсіне бастады. Айналасындағы ауырып жатқандарға қарап екпе салдырған дұрыс екенін білді.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен күн сайын штаб отырысы өтеді. Кәмшат Күмісбекқызы соңғы тәуліктерде коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны артқандығы жөнінде дерек келтірді. Клиникада 7 мыңнан астам тұрғын тіркеуде тұр. Вакцинаның І-ІІ компонентін салдырғандар 8 мыңнан асқан. Дәрігердің айтуынша екпе 18-65 жас аралығындағы азаматтарға салынады. Алайда жасы 80-нен асқан қарт кісілер де екпе алуда. Аллергиясы бар, бұрын анафилактикалық шок алған және жүкті әйелдерге екпе салуға болмайды. Клиника есігі вакцина аламын деушілерге сенбі-жексенбі күндері де ашық.
Кәмшат Күмісбекқызы індетті жұқтырудың ошағы сол баяғы халық көп шоғырланатын орындар екенін айтады. Әсіресе мерекелік басқосу, отырыстардан кейін коронавирусқа шалдығып жатқандар саны көп. Ауа айналымы қамтамасыз етілмеген тойхана сияқты жабық ғимараттарда індет өте жылдам таралады.
Коронавирустық инфекцияның жұғу деректерінің көбеюіне байланысты қалада «Атамекен», «Асар» провизорлық орталықтарынан бөлек «ЕрАна» мен «Мейірім» оңалту мекемелері да қосымша ашылып жатыр.
– Covid-19-бен ауырған жағдайда вирусқа қарсы, дене қызуын басатын және қанның ұйуын болдырмайтын препараттар қабылдап, қандағы оттегі мөлшерін – сатурациясын өлшеп отыру қажет. Медициналық көрсеткіш бойынша сатурация көлемі 95-тен кем болмауы керек. Егер төмен болса өкпені компьютерлік томографияға түсіру керек болады. Ал коронавирустық инфекцияның басты белгілеріне дене қызуының көтерілуі, ентігу, жөтел, кеуде тұсының ауырсынуы, бас ауру, дәм, иіс сезбеу, әлсіздік жатады. Кейде тек дәм, иіс сезбейтін науқастар болады. Оларда індет симптомсыз өтеді. Еш жері ауырмаған, бірақ жұмысқа бола ПТР-тест тапсырып, нәтижесі оң шығып жатқан науқастар да табылады. Осы күні үйінде өз бетінше емделіп жатқандардың қатары көбейіп кеткен. Бұған дәріханаларда соңғы кездері антибиотиктердің саудасы қыза түскені дәлел. Жұрт былтырғы емдеу тәсіліне сүйеніп, тіпті гормональді препараттарды да дәрігердің нұсқаулығынсыз салдырып жатыр. Бұлай өз еркімен емделуге болмайды, өйткені бұл ертең шипаның орнына керісінше денсаулығына зиян әкелуі мүмкін, -дейді Кәмшат Күмісбекқызы.