Мағжан Исахов, Шымкент қаласы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы: ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ 5 БАҒЫТ БОЙЫНША ШЕШІЛЕДІ Избранное

Среда, 14 Июль 2021 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1606 раз

Қай кезді алып қарасақ та қоғамның қозғаушы күші – жастар. Шымкентте мемлекеттік жастар саясаты қалай жүзеге асып жатыр? Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, рухани тұрғыда өсуіне бағытталған қандай жобалар қолға алынған? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Мағжан ИСАХОВПЕН әңгімелескен едік.

423

 

– Мағжан Шыңғысұлы, жуырда «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті отырысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасы аясында жол картасы бекітілді. Бес жылдық сайлауалды бағдарлама арқылы жастардың қандай мәселелері шешімін таппақ?

– Бүгінгі таңда жастардың мәселелерін шешуде алдымызда 5 негізгі жұмыс бағыты тұр. Бұл – азаматтық белсенділік, сапалы білім, лайықты жалақысы бар жұмыс, қолжетімді баспана және бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Оның әрқайсысының тиянақты жүзеге асырылуы еліміздің әрбір жас азаматы үшін маңызды. Осы бағыттар аясында біз алдымызға жастардың өмір сүру сапасын арттыруға, өз қабілетін іске асыру әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты міндеттер қойдық. Аталған міндеттерді іске асырудың жолдары «Жастар – Отанға!» бағдарламасында нақты белгіленген. Оның іске асырылуы келесі іс-шаралар арқылы қамтамасыз етіледі.
Біріншіден, осы бағдарламаның бағыттарына сәйкес қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін кешенді шаралар мен нақты индикаторлар көрсетілген аймақтық жол карталары қабылданды. Олардың іске асырылуы еліміздің әрбір ауданы, қаласы үшін үлкен басымдыққа ие болады.
Екіншіден, жастар үшін белгіленген 20% квота бойынша партияішілік праймериз арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың тізімі жасақталады. Нәтижесінде, партияның жас өкілдері ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыруда нақты тетіктерге ие болды. Үшіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан жастардың өзекті мәселелерінің шешілуін жүйелі бақылау үшін «Jas Otan» жастар қанаты мен «Nur Otan» партиясының ресурстары мен мүмкіндіктері толық қолданылады.

– «Jas Otan» жастар қанаты еліміздегі ең ірі жастар ұйымы болып саналады. Шымкентте ұйымның белсенділігі қандай?

– Шымкент қаласы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының құрамы 30 мыңға жуық жасқа, ал тікелей белсенді түрде жұмыс жасайтындар 2531-ге жетіп отыр.
Біздің мақсатымыз – ынталы, өз қабілетін іске асыруға ұмтылатын, өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілікті терең сезіне отырып, рухани құндылықтарымызды бөлісетін әрбір жастың – патриоттың мүддесін қолдау.

437


Шымкентте жасотандықтармен бірге көптеген игілікті іс-шараларға ұйытқы болып келеміз. Соның ішінде «Biz Birgemiz», «Kenes Ortalygy», «Таза сессия», «Ардагерлерді ардақтайық», «Қауіпсіз қала», «Еркін пікір», «Taza Alem», «Дәрігерлерді ардақтайық», «Дүйсенбілік футбол», «OZGER», «Volunteeris is a process», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ретсіз жарнамаларға қарсы» жобалары аясында жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы қала көлемінде 1000-нан аса іс-шара ұйымдастырылып, жастар өз ынтымағы мен ұйымшылдықтарын көрсетті.
Соның бірқатарына тоқталсам. «BIZ BIRGEMIZ» жобасы аясында партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша COVID-19 инфекциясының кең көлемде таралуына жол бермеу, вирустан қорғану мақсатында жалғыз басты қарттарға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және тұрмысы төмен отбасыларға 3 мыңнан аса азық-түлік себеті және жеке санитарлық қорғану жиынтықтарын таратуға үлес қостық. Сонымен қатар, қор жолдаған 1 млн дана бетпердені жоғарыда атап өткен санаттағы отбасыларға таратылды.
«Taza sessia» акциясы аясында «Adaldyq alany», Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, қаламыздағы студенттер жатақханаларына рейд жүргізілді. Рейд барысында 9 жоғары оқу орнының жатақханасы және 13 орта арнаулы оқу орындарындағы студенттер үйінің жағдайымен таныстық. Рейд кезінде бірнеше жатақхананың талапқа сай келмейтіні анықталды. Кемшіліктермен күресуде ұсыныстар айтылып, нәтижесінде көптеген жатақханалар Wi-Fi интернет желісінің жылдамдығын арттырды. Оқу орындарының кітапханасында кітап қоры мен компьютер саны көбейді. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін спорт алаңшалары салынып, демалыс бұрыштары пайда болды.
Тағы бір ауқымды жобаларымыздың бірі – «Ардагерлерді ардақтайық». Жоба аясында 50-ге жуық ардагердің шаңырағында болып, 40-тан аса жалғызбасты қарт кісілерге арнап «Карантиндегі қызықтар» атты қарттарға арналған қойылымдық бағдарлама ұйымдастырып, кофе-брейк, арнайы сыйлықтар үлестірілді. Жалпы, іс-шараға 150-ге жуық жас белсенді қатысты.
Ал «Қауіпсіз қала» тексеру жұмыстары аясында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірге қаламыздағы ашық тұрған люктерге және газ құрылғыларының жағдайына бақылау жүргізілді. Бақылау барысында 100-ден аса люктерді аралап, 20-дан астамы жаңартылды. Сонымен қатар «Қыс мезгіліндегі қауіпсіздік» және «Газдан уланудың алдын алу» тақырыбы бойынша халыққа үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылды.

–Ерте көктемнен бастап қаламыздың тазалығын сақтауда жастардың белсенділігі байқалды...

–Иә, жобамыздың ішінде «Ecosana» сенбілік акциясын айтпай өтуге болмайды. Жобаны негізге алып, жастардың экологиялық білімін арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу мақсатында 6 кезеңге бағытталған сенбілік тазалау жұмыстары жүргізілді. Акция кезеңінде жасотандық белсенділер қаламызды 4 тоннаға жуық қоқыстан тазартты.

– Шымкенттегі халық санының төрттен бір бөлігін жастар құрайды. Қазіргі таңда осы санаттағы азаматтарды қандай мәселелер алаңдатады? Ол мәселелердің шешу жолдары мен тетіктері өзіңіз айтып отырған жол картасында қаралған ба?

–Статистикаға жүгінсек, үшінші мегаполисте 239 443 жас бар. Оның 84 771-і жұмыс істесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандары - 23 602. Ал олардың 3,8 пайызы жұмыссыздар қатарында. Қазіргі таңда өзектісі баспанамен қамту және жұмыссыздық мәселесі болып тұр. Бұл бойынша 2021-2022 жылдар аралығында «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша 4500 жасты оқытып, кемінде 2000 жобаға 200 АЕК көлемінде грант бөлу және «Бизнестің жол картасы» шеңберінде жыл сайын кемінде 100 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік жасап, 2020-2025 жылдар аралығында 15 мыңға жуық жасты «Жастар практикасына» бағыттап, өзінің қабілетін ашуға мүмкіндік жасауды көздеп отырмыз.
Ал тұрғын үй мәселесі бойынша 100 ерікті жастың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарында қолжетімді баспана тетіктерін түсіндіруде ақпараттық-насихаттау жұмыстары ұйымдастырылуда. Және де жұмысшы жастарды ынталандыру үшін жыл сайын 900 пәтерден 3 жылда 2700 пәтер берілуін ықпал ету қаралып отыр.

– Жатақхана мәселесіне де тоқталып өтсеңіз...

–2019 жылдың 21 тамызында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің жоғарғы оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. Екі жылдан бері студенттік жатақханаларға тұрақты мониторинг жүргізіп келеміз. Мониторинг барысында көптеген жатақханалардың санитарлық нормаларға, тұрмыстық жағдайларға сәйкес келмеуі және орындардың шамадан тыс толу фактілері анықталды. Анықталған фактілер нәтижесінде оқу орындарының басшылығына ескертулерді жою бойынша ұсыныстар беріліп, қазіргі таңда ол кемшіліктерге толықтырулар енгізілген. Қазір шаһарда 70%-ға жуық жатақхана заман талабына сай жабдықталған.

– Үшінші мегаполистегі жастар түрлі салаларда жетістіктерге жетіп жүр. Кейінгі жылдары ерікті болып қоғамдағы түрлі шараларға белсене араласып жүрген жастарды байқаймыз. Жалпы, белсенді жастарға қандай қолдау бар?

– Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдаудың маңыздылығын күн тәртібінен түсірген емес. Жастарға әрдайым көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылы еліне деген ықыласын аямаған еріктілерге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алғыс хаты және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалі табысталды. Мұның өзі үлкен қолдау және ынталандыру деп білемін.

– Жас отбасылардың жағдайы назардан тыс қалмайтын шығар?

– Әрине, Жол картамызда ол мәселе де шет қалмады. 1000-нан астам жас отбасыны қолдау бойынша «Бақытты отбасы» жобасы іске асырылады. Сонымен қатар, 100-ден астам отбасының қатыcуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңі, 200 жас отбасылардың қатысуымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы, 100-ден астам отбасының қатыcуымен «Отбасы фест» фестивалін ұйымдастыру, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын іске асыру бойынша іс-шаралар қарастырылған.

– Әңгімеңізге рақмет!