#1 ШЫМКЕНТ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАЛА АТАНДЫ Избранное

Пятница, 16 Июль 2021 03:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1676 раз

Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Себебі кез келген мемлекет Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басады. Біздің ата-бабаларымыз да ғасырлар бойы азаттықтың ақ таңы атарынан үміт үзбей Тәуелсіздік алуды армандап өтті. Ұлан-ғайыр даланы аман сақтау үшін жанқиярлықпен күресті. Сөйтіп, халқымыздың сан ғасырлық арманы орындалып, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізді. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – шын мәнінде ұлық мереке.

452

 

Осы 30 жылда Қазақстан небір тар жол, тайғақ кешулерден аман өтіп, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, шекарасы айқындалған, іргесі берік, экономикасы орнықты дамып келе жатқан өркениетті елге айналды.
Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстар жайлы ұзақ әңгімелеуге болады. Біз бұл мақалада соның бір парасын ғана сөз етпекпіз. Иә, Қазақстан тәуелсіздігінің ең елеулі жетістіктерінің бірі — елімізде сәулеті мен дәулеті жарасқан заманауи ірі қалалардың қалыптасуы мен дамуы.
1989 жылғы халық санағының деректеріне көз жүгіртсек, сол жылдары республика тұрғындарының небәрі 47,8 пайызы ғана қала тұрғындары болған. Яғни, халықтың жартысынан көбі ауылда өмір сүріп, еліміз урбандалу деңгейі төмен мемлекеттердің қатарында еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 57 пайыздан асып отыр. Егер осы тенденция жалғаса берсе, 25-30 жылдан кейін Қазақстанда қала тұрғындарының үлесі 70 пайыздан асып, еліміздің урбандалу көрсеткіші жоғары, дамыған елдердің деңгейіне жақындайды.
Деректер алдыңғы қатарлы дамыған елдердің барлығында урбандалу деңгейі өте жоғары екенін көрсетеді. Айталық, Жапония халқының 91,7 пайызы қалаларда өмір сүреді. Бұл көрсеткіш Ұлыбританияда – 83,7 пайызды, АҚШ-та – 82,5 пайызды, Оңтүстік Кореяда – 81,4 пайызды және Германияда 77,4 пайызды құрайды. Демек, «Ауылым – алтын бесігім» дейтін сөз қанша жерден жанымызға жақын болса да, елде заманауи мегаполистердің пайда болуы – тамаша табыс.
Адамзат дамуының ядросы – үлкен қалалар. Ғылым мен білім де, капитал мен өндіріс те, мәдениет пен өнер де ірі мегаполистерге шоғырланған. Заманауи зауыт-фабрикалардың ауылдарда емес, инфрақұрылымы мен логистикалық жүйесі жақсы дамыған, үлкен нарықтарға жақын орналасқан ірі қалаларда ашылуы да заңдылық. Осының бәрі жинақталып келіп үлкен қалалардағы еңбек өнімділігінің ауылдағыға қарағанда 6 есе жоғары болуына ықпал етеді. Бұл ғылыми зерттеулердің негізінде дәлелденген дәйек. Сол себепті ірі мегаполистері жоқ мемлекеттердің бәсекеге қабілетті болуы, дамып кетуі екіталай.

454


Осы заңдылықты әуелден бек түсініп, тани білген кемеңгер саясаткер, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында республика астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы батыл да көреген шешім қабылдады. Иә, осылайша әлемнің картасында жаңа астана пайда болды. Сарыарқаның төсіндегі ару қала – Нұр-Сұлтан қазақстандық даму жолының символына, барша отандастарымыздың зор мақтанышына айналды. Бұл қала көпұлтты халқымыздың ынтымағын ұйыстырып, жастарды асқақ мақсаттарға қарай шабыттандырып тұр.
Ендігі жерде еліміздің одан әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Елбасы 2018 жылдың 19 маусымында екі бірдей тарихи Жарлыққа қол қойды. Оның бірі Шымкент шаһарына «республикалық маңызы бар қала» мәртебесін беру туралы болса, екіншісі облыс орталығын Түркістан қаласына көшіре отырып, жаңадан Түркістан облысын құру жөнінде.
Сол бір тебіреністі сәттерде Елбасының «Биыл халқының саны миллионға жеткен Шымкент республикадағы ең ірі 3 мегаполистің қатарына қосылды. Міне, тәуелсіздік жылдарында миллионнан астам халқы бар осымен екінші қала пайда болды. Оның бірі Астана болса, екіншісі – Шымкент. Республикалық мәртебеге ие бола отырып Шымкент еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның инвестиция, технологиялар мен интеллектуалдық ресурстар шоғырланатын жаңа орталығына айналады» деген болатын.
Содан беріде небары 3 жыл өткен болса да Елбасының сол сөзі ақиқатқа айналып, Шымкент еліміздің ірі орталығына айналып келеді.
—Шымкенттің республикалық мәртебеге ие қала атануы оның екінші тынысын ашты. Жаңа мәртебе шаһарға шешім қабылдау еркіндігін берді. Сол арқылы қаланы дамытудың дербес, кешенді жоспары жасалды. Қай саладағы қайсы жұмыстың қашан атқарылатыны кешенді жоспарда айқын көрініп тұр. Бұл бір жағынан тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашса, екінші жағынан кәсіпкерлердің қаланың болашағына деген сенімін арттырды, – дейді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, үш жылдың ішінде қала бюджеті 131,2 млрд.теңгеден 481,6 млрд.теңгеге дейін көбейді. Яғни, өсім 3,7 есе.
Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, кәсіпкерлік белсенділік те артқан. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда 1,9 есеге өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетпек. Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 425 млрд.теңге болса, жыл соңында 710 млрд.теңге болады деп күтілуде.

453


М.Әйтенов 3 жыл бұрын 403 мың шаршы метр тұрғын пайдалануға берілсе, биыл бір миллионға жеткізуді жоспарланып отырғанын айтты. Нәтижесінде салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке түсімдер 57 млрд. теңгеден 150 млрд. теңгеге жеткен. Жалпы үш жылдық инвестиция 1,2 трлн. теңгеден асыпты.
Шаһар басшысы экономикалық өсім қала инфрақұрылымын дамытуға қарқын бергенін алға тартады. Соңғы үш жылда, биылды қосып есептесек, 853,5 шақырым жол төселеді. Бұрын мұнша көлемдегі жол 10 жылда салынған.
Үш жылда, биылды қосып есептегенде, 18 тұрғын алабы ауыз суға қосылып, 60 мың адамның қолы сапалы ауыз суға жетеді. Сондай-ақ, үш жылда 7 тұрғын алабы табиғи газға қосылып, 29 500 адам қызығын көріп отыр.
Жалпы, 2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады. Осының бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етіп отырғаны анық.

455


Елбасы өзінің бір сөзінде «Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз ел деген ұғымды Құрандай қастерлеп, ұрандай ұстанып келген. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен еш уақытта үмітін үзбеген. Бүгінде жер жүзінде мыңдаған ұлттар ғұмыр кешуде. Алайда, өзінің тәуелсіз мемлекетін құру олардың бәріне бірдей бұйыра бермеген. Алып планетадан туын тігер алқандай төбе таба алмай жүрген халықтар қаншама! Олардың арасында қазақты саны жағынан сан орап алатын ұлттар жетерлік. Сондықтан біз басымызға қонған бақты бағалай білейік. Аталарымыздың сан ғасырлық аңсары болған тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, оны нығайта беруіміз қажет» деген болатын.
Расында, Тәуелсіздік біздің ең басты байлығымыз десек, жылдан жылға көркейіп, дамып келе жатқан, көркіне көз тоятын Шымкент – сол Тәуелсіздіктің төл жетістігі. Бүгінде Шымкент дамуын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алып, оған айрықша қамқорлық танытып отыр. Сондықтан шырайлы шаһар Қазақстанмен бірге дамып, гүлдене берері сөзсіз. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шымкенттің дамуы – тұтас еліміздің дамуы, Шымкенттің көркеюі – Қазақстанның көркеюі дер едік.