«Ashyq» шектеу емес, ауру тәуекелін азайту Избранное

Пятница, 16 Июль 2021 03:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1729 раз

Пилоттық жоба ретінде басталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республиканың барлық өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан «Ashyq» қосымшасы Шымкентте де сәтті қолға алынып келеді.

458

 

Бұл жоба бірінші кезекте карантиндік талаптарға қарамастан бизнес нысандарына өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтің айтуынша, қосымша арқылы кәсіпкерлер карантиндік талаптардың күшейтілгеніне қарамастан келушілерді емін-еркін қабылдай береді. Өйткені олардың қайсысы науқас немесе кімнің 14 күндік оқшаулау тәртібінде үйінде жатуы тиіс екенін қосымшаның көмегімен білуге болады.
—Сондықтан «қызыл аймақ» режиміне көшкен жағдайда да кәсіпкерлер «Ashyq» қосымшасымен «сары аймақтың» талаптары бойынша жұмыс істейді. Яғни, адамдарға бір уақытқа ғана қызмет көрсетумен шектеліп қалмайды. Немесе «сары аймақта» болған жағдайда «Ashyq» қосымшасы бар кәсіпкерлер «жасыл аймақтың» санитарлық талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Бұл жобаның басты артықшылығы осында. Тұрғындардың статусын анықтауда бұл қосымша сүзгі ретінде рөл атқарады. Сонымен бірге карантиндік шектеулерден зардап шеккен кәсіпкерлерге қызметін жалғастырып, кәсібін әрі қарай дамыту үшін керек, - деді Н.Қабыштаев.
Қосымшаның пайдасын түсінгендіктен бүгінде қаламызда «Ashyq» жүйесімен жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлік нысандардың қатары көбейіп келеді. Шымкент қалалық әкімдіктің ресми сайтына «Ashyq»-пен қызмет көрсетуші 631 кәсіпкерлік объектісі тіркелген. Бір апталық сынақ мерзімінен өткен 42 бизнес ұйымы сайтқа тіркеуге жіберілді. Ал жалпы «Ashyq» бойынша Шымқалада 775 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін қосымшаға қосылуға мың жарымға жуық бизнес объектісі өтініш білдірсе, солардың 775-не QR код берілді.
QR кодпен клиенттер қабылдайтын қаламыздағы белгілі тәттілер дүкені «Мадлен» «Ashyq» қосымшасымен қызмет көрсетуші ең белсенді кәсіпкерлік нысан саналады. «Мадлен» кондитерлік және дәмхана дүкендер желісінің бірінде әкімші болып жұмыс істейтін Виктория Воронцова «Ashyq»-пен жұмыс істеу санитариялық тұрғысынан өте қауіпсіз әрі дүкен ұжымына да, келушілерге де бірдей тиімді екенін айтады.
—Келген азаматтардан смартфон арқылы QR кодты сканерлеуді талап етеміз. Соның нәтижесіне қарай оның коронавирустық ауруға қатысты статусын анықтаймыз. Егер жасыл, көк түс болса, ішке еніп тамаққа тапсырыс бере алады. Керісінше қызыл белгіде екені анықталса ондай азаматты ішке кіргізбейміз. Алайда тапсырысты сырттан алып кете алады. Кейде келушілердің смартфоны болмай шығады. Мұндай кезде олардың статусын жеке сәйкестендіру нөмерін теру арқылы біліп отырамыз. Індеттің адамдар арасында кең тарап кетуіне жол бермейтін мұндай қосымшаның елімізде тәжірибе жүзінде енгізілгеніне өз басым дұрыс деп есептеймін, - деді Виктория
Воронцова.
Шындыққа тура қарау керек. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші адамзат коронавирус инфекциясынан бүгін-ертең құтылайын деп отырған жоқ. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, осы сынаққа адам баласының төзіп, сабыр сақтауына тура келеді. Сондықтан індетті түгел жойып тастаймыз деп емес, қалай тиімді күресеміз деген қағидамен өмір сүру керек. Бұл біздің емес, Мемлекет басшысының пікірі. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа штамдардың бітпейтін толқындары коронавирустың біздің өмірімізге мықтап енгенін көрсетеді. Мұндай жағдайларға бейімделіп, өмір сүруді үйрену қажет. Індет таралған ірі ошақтардың пайда болуын азайту және денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсуіне жол бермеу өзекті» деген ой айтқан айтқан еді. Сондай-ақ, Президент мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, «Ashyq» жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Жалпы қосымша туралы e-gov сайтынан да жан-жақты мағлұмат алуға болады. Ондағы мәліметтердің маңыздыларына тоқталып өтсек, «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты пайдалану арқылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасындағы мәліметтерге ортақтасады. Осылайша қосымшаның көмегімен клиент мәртебесін анықтау барысында «ол дәл осы сәтте вирус тасымалдаушы ма, жоқ па?» деген сауалға нақты жауап алынады. Қосымшаны пайдалану кәсіпкерлер үшін де, азаматтар үшін де тегін екенін ескеру керек.
Бүгінгі күні COVID-19-дың кез келген түрімен (симптомдық немесе симптомсыз) ауырған әрбір адам үй жағдайында карантин режимін сақтауға міндеттеме алады және қолхатты өзі қол қою арқылы растайды. Алайда, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзу фактілері өкінішке қарай, қоғамда өте жиі кездесуде. Ауырған немесе жақын байланыста болған адамдар ешқандай қорықпастан қоғамдық орындарға бара береді, осылайша вирустың таралу қаупін тудырып жатыр.
Қосымша осындай келушілерді анықтауға мүмкіндік береді және басқа қонақтар мен персоналға вирус жұқтыруға жол бермейді. Егер келуші кірген кезде «Ashyq» қосымшасын пайдаланудан бас тартса, онда мекеме оған қызмет көрсетпеуге құқылы. Өйткені клиент вирусты таратудың әлеуетті көзі болуы мүмкін және айналасындағыларға әрі мекеме қызметкерлеріне қауіп төндіруі ықтимал.
Айта кету керек, ЖСН туралы деректер ешқайда берілмейді, қосымшаның профилінде қалады. ЖСН бойынша QR кодты сканерлеу кезінде пайдаланушының мәртебесі ғана тексеріледі.
Одан басқа, қосымшада халықтың қозғалысын қадағалау мақсаты жоқ, оның міндеті – жұқтырғандар мен байланыста болған тұлғаларға қоғамдық орындарға кіруді шектеу әрі ауру тәуекелін азайту болып тұр. Азаматтарға қосымшаға қатысты кеңес алу үшін Call-орталықтың 1414 нөміріне хабарласуына болады.