Тарихтың куәсіндей саябақ Избранное

Среда, 21 Июль 2021 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 107 раз

Шымкент – жасыл қала. Шаһарды көгалдандыру жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаладағы экологиялық жағдайды жақсартатын бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Негізгі басымдық көгалдандыруға берілген. Атап айтқанда Шымқаланың жасыл аймағының көлемін 13 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Осы бағытта көктемде қаланың әр аумағында мыңдаған көшет егіліп, саябақтарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

471

 

Бұл ретте Шымкент қаласының орталық саябағының алар орны ерекше. Тарихы тереңде жатқан демалыс орнының іргетасы 1886 жылы қаланған деген дерек бар. Одан кейін өткен ғасырдың басында атауы өзгертіліп, «Орталық мәдениет және демалыс паркі» болып қайта құрылады. Бүгінде орталық саябақтың аумағы 8 гектардан асады. Шаһардың қақ ортасындағы оазис тұрғындар мен қонақтарға жаздың аптап ыстығында сая болып тұр. Тек жазда емес, жылдың барлық мезгілінде тынығуға қолайлы орын Шымкенттің негізгі демалыс орнының біріне әлдеқашан айналған.
Қашан барсаңыз да саябақ тап-таза. Ал осындай күтімді паркке кім жасайды?
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау жұмыстарымен «Build Stroy» ЖШС айналысады. Мердігер мекеме әр саябаққа жауапты әкімші мен жұмысшылар бригадасын бөлген.
– Біздің бригадада оншақты жұмыскер бар. Таңертең 07:45-те саябаққа келіп, әрқайсысы өз жұмысына кіріседі. Таңертеңнен бастап күн батқанға дейінгі тазалыққа баса мән беріледі. Одан кейін суаруға кірісеміз. Саябақтарға қала тұрғындары демалуға, қыдыруға келгенде таза тұрса, тынығушылардың да көңілдері көтеріңкі болады, – дейді орталық саябақтың әкімшісі
Тәліпбек Әлжанов.
Тәліпбек Ұланбайұлы Орталық саябақта 2013 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Маманның айтуынша, паркте өсіп тұрған ағаштардың көбісі 1940-50 жылдары егілген, олар алып ағашқа айналып, сая беріп тұр. Ал саябақтағы жалпы ағаш саны 8 мыңнан асады, оннан астам түрі өсіп тұр. Жыл сайын мұндағы ағаштарды жаңарту мақсатында жүздеген көшет егіліп, қурағандары біртіндеп қырқылуда, дейді. Саябақта өткен ғасырдың басында отырғызылған ағаштар да сақталған. Үш түп шынар сонау 1903 жылы егілген екен. Ағаштардың адам құшағы толатын діңгегі әлі де мықты. Мамандардың айтуынша, саябаққа шырша, аққайың, қарағай сияқты тал көшеттері егілуде. Ағаштар мен көгалды суару жұмысы жүйелі жолға қойылған.
– Жалпы, өсімдік атаулыны ыстықтың беті қайтқан соң, яғни, кешке суарған дұрыс. Осы мақсатта біздің үш қызметкеріміз саябаққа кешкі 18:00-де келіп, таңертеңге дейін саябақты суарып шығады. Сонда ағаштар мен көгал суды қанып ішеді. Дегенмен, жаздың аптап ыстығында жасыл желекті демеп отыру үшін күндіз де аздап-аздап суарамыз. Күндіз су берудің тағы бір себебі, парктің біраз жері кезінде асфальт болған. Соның үстіне топырақ төселіп, көгал жайылған. Сондықтан, күн ыстықта жердегі дымқыл қызып, кеуіп кетеді, – дейді тәжірибелі маман.
Тәліпбек Ұланбайұлының айтуынша, әр қызметкер өз жұмысының білгір маманы, міндетін ыждаһаттылықпен атқарып, саябаққа өз үйіндей қарайды. Тал-дарақты күтіп-баптаудан бөлек, демалушылардың тәртіп бұзбауын, парк мүлкінің сақталуын қадағалайды.

472


– Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары табиғат аясында демалушылардың жалпы мәдениет деңгейі жақсарып келеді. Дегенмен, әлі де болса «әттеген-ай» дейтін жайттар кездесіп тұрады. Мысалы, балалар ескерткіштерге шығып, сырғанайды. Көбінесе жастар көгалды басып, отырып алады. Біз қанша рет айтамыз, ескерту тақтайшалары жазулы тұрса да кейде назар аудармайды. Міне, сондай сәттерде ортақ мүлікті ұқыпты пайдалануды қадағалаймыз. Себебі, күнделікті күтіп-баптауды қажет ететін көгалды басып, жаншыса, тапталып, қурап қалады. Бұл – біздің еңбегімізді зая кетіреді десем, артық айтқандық емес. Салдарынан, қураған көгалға басқа жерден әкеліп, жаңалап жүргеніміз. Ескерткенде кейбірі «Біз шетелде демалғанда ол жақтың парктерінде газонға отыруға рұқсат етілген» дейді. Шетелге мен де жиі барамын. Мысалы, 2 жыл бұрын Финляндияда болдым. Өзімнің салама байланысты мәдениет орындарын, көпшілік орындарды бақылап қайтамын. Ол жақтағы парктердің шөбі табиғи өскендіктен шыдамды келеді. Дегенмен, біздің саябақтар шетелдікінен артық болмаса, кем емес деп есептеймін. Мысалы, Шымкентке 2018 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері келді. Қаланы аралап көріп, «Сіздердің парктеріңіз республика бойынша алдыңғы орында екен ғой» дегенде, көңіліміз көтеріліп қалды. Жергілікті тұрғындар да қолдау көрсетіп тұрады. Таңғы сағат 6-дан бастап қариялар келеді, жүгіретін азаматтар бар. Солар біздің қызметкерлердің жұмысына көңілі толып, алғыстарын жеткізіп жатады. Азаматтардың тынығуына қолайлы жағдай жасау керек. Соған барынша тырысып келеміз, – дейді Тәліпбек Ұланбайұлы.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, мекеме қарауында қазіргі таңда 8 саябақ пен 39 гүлзар бар.
– Атап айтқанда олар: Тәуелсіздік сябағы, Бәйдібек би этно-саябағы, Абай, Металлургтер, Орталық, Нұрсәт, Наурыз және Жеңіс саябағы. Қазіргі таңда басқарма тарапынан саябақтардың дамуын заманауи күйге келтіру мақсатында кешенді жоспар әзірленуде. Бұған қоса саябақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау жұмыстарына және санитарлық тазалығына күнделікті бақылау жүргізіледі, – дейді басқарманың бөлім басшысы Дархан Тұрғанбай.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.