ЗАҒИП ЖАНДАРҒА – МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША Избранное

Пятница, 23 Июль 2021 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 337 раз

Үшінші мегаполисте көру қабілеті әлсіз азаматтарға арналған мобильді қосымша іске қосылмақ. Ұлыбританияның Глазго университетінің докторанты Маралбек Зейнуллин өзінің осындай ғылыми жобасын алғаш рет Шымкентте ұсынып отыр.

505

 

Қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада өткен кездесуде ғылыми маман зағиптар мен нашар көретіндерге арналған мобильді қосымша жобасын таныстырды. Инновациялық жобада компьютерлік көру және жасанды интеллект саласындағы соңғы технологиялар мен алгоритмдер қолданылған. Жаңа жобамен алғаш танысқан кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері жаңашылдықты жақсы бағалады.
Арнайы кітапхананың тағы бір жаңалығы – жуырда кітапханашылары марапатталды. Қазақстанның кітапханашылар одағының атынан Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетов, кітапхана директорының орынбасары
Ұлбике Тұранбаева, кітапханашылар Сәуле Сейтқазиева, Назиля Тұяқбаева және Ғалия Ақтаеваға «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі табысталды.
Айта кетейік, бұл кітапхананың тарихы жарты ғасырдан асады. Іргетасы 1969 жылы қаланып, бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана болып ашылады. Шымкент республикалық қала статусын алған соң кітапхана қалалық мекеме болып өзгергенімен, көрші аудандардағы көз мүгедектерін қамту мақсатында аудандық арнайы кітапханалармен бірге жұмыс істеп, кітап қорымен қамтамасыз етіп келеді. Кітапхананың орталық бөлімімен қоса қызмет көрсету секторы да бар. Мамандар кітапханаға келе алмайтын оқырмандардың үйіне кітап апарып, ауыстырып отырады.
– Біздің кітапхананың жалпы қызметкерлерінің саны – 57 адам. Шығармашылық бөлімде 41 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы да жоғарғы білімді. Мүмкіндігі шектеулі 10 маманымыз бар. Зағип оқырмандардың сұраныстарын орындау мақсатында, арнайы кітаптарды толықтыру аясында 2 бөлім жұмыс істейді. «Сөйлейтін кітаптар шығару» бөлімінде кітаптар дыбысталып, СD дискіде аудиокітап болып шығарылады, бұған қоса катушкалы ленталардан кітаптарды цифрлау жұмыстары жүргізіледі. Ал «Брайль кітаптар шығару» бөлімінен әр тоқсан сайын «Спектр», «Ғажайып әлем», «Удивительное рядом» ғылыми-көпшілік брайль журналдары шығарылады. Айта кетейік, бұл басылымдарға оқырман сұранысы жоғары, – дейді Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетов.

506


Кітапханада, сонымен қатар, мектеп оқушыларына арналған «Қазақстан тарихынан» оқу құралдары, көркем және көпшілік әдебиеттер, брайль шрифтімен кітаптар шығарылып келеді. Қағазға шығарылатын бедерлі суреттерді басу үшін «Tactil» аппараты пайдаланылады. Мамандардың кітаптарды іріктеуіне оқырмандар да қатыстырылып, ой-пікірлерімен бөліседі.
– Кітапхана заманауи құрылдармен де жабдықталған. Компьютер арқылы ақпараттық сауаттану класы жұмыс істейді. Арнайы тифлопедагог маман оқырмандарға «сөйлейтін» бағдарламамен қамтылған компьютермен жұмыс істеуді үйретеді. Келушілер мұнда интернетті пайдалана алады, – дейді Бәкір Әбдіұлы.
Келушілер демекші, кітапханаға 2021 жылдың алты айында 31 066 адам келген. Ал тұрақты оқырман саны алты мыңнан асады. Сол оқырмандарға кітапхананың 140 500 кітаптан тұратын қоры ұсынылады. Негізгі кітап қоры бедерлі-нүктелі әріпті, жазық баспалы, дискіде, нашар көретіндерге арналған, мәтіні үлкейтілген әріппен жазылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар, шағын қалыптағы мүсіндер, бедерлі-графикалық құралдардан тұрады.
Бәкір Әбдіұлының айтуынша, шалғай жатқан кей ауылдардағы зағип жандар кітапхана қызметінен тысқары қалып отыр. Дәл сондай мүгедек жандарға кітапханалық қызмет көрсетуді дамытып, жалпы ел бойынша және әр аймақ көлемінде мүгедектердің ақпараттық құқығын іске асыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда кітапханада тек кітап беріліп қоймай әр оқырманға жеке көңіл бөлінеді, мамандар әр адамның шығармашылық қабілетін анықтай келе түрлі іс-шараларға қатысуына ықпал етеді. Әр аптаның сәрсенбісінде міндетті түрде өзекті тақырыптарды қамтитын түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.