Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 39 мемлекеттік және жекеменшік емханада 205 мобильді бригада жұмыс істеуде. Аталған бригада қызметкерлері Covid-19, пневмонияға шалдыққан, жіті респираторлық аурудың белгілері бар пациенттерге үйде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ковидке күдікті пациенттерден жедел ПТР-тестілеу алады.
– Қазіргі таңда 2 551 науқас үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Амбулаториялық ем қабылдап жатқандарға мобильді бригада қызметкерлері көмек көрсетуде. Қалада жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 13 521 науқас анықталған. Инфекциялық стационарда коронавируске шалдыққан 121 жүкті әйел емделуде. Қауіпті инфекция жұқтырған 6 жүкті әйелдің жағдайы ауыр, – деді Б. Позилов.
Айта кетейік, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 418 жағдайы тіркелді. Қазір инфекциялық стационарлардағы жансақтау бөлімінде 171 науқас емделуде. Төсек-орын толымдылығы 64%-ға жетті.