Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Б. Болатбеков қаланың негізгі жылу беретін «Энергоорталық-3» кәсіпорнында дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазір резервтік сұйық отын қоры 98 пайызға дайындалған.
Жиынға қатысқан кәсіпорын өкілі жоспарланған жұмыстарды атқаруға қосымша жұмысшылар тартылғанын, құбырлар толығымен алынып, жеткізілгенін атап өтіп, барлық жұмыстар қыркүйек айының басында аяқталады деп мәлімдеді.
Қала әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарының есебін алып, дайындық жұмыстарының көрсеткіштерін арттыру жөнінде талап қойды. Метрологиялық болжамдарға сәйкес, биылғы қыс аязды болатынын ескерткен қала басшысы дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес мерзімдерінде әрі сапалы орындалуы тиіс деді.
Бұл бағытта аудан әкімдері пәтер иелерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, жауапты құрылымдар магистралды жүйелерге ғана қарайтынын, ішкі жүйелерді қысымдаудан өткізуде тұрғындар өздері мамандар көмегіне жүгінулері тиіс екені айтылды. Бұл талаптан пәтер жалдап тұратын отбасылар мүлде бейхабар болуы мүмкін екенін атап көрсетіп, халыққа ақпарат беруде жүйелі жұмыстар жүргізуге кеңес берді.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы жылу маусымына дайындық мәселесі тұрақты бақылауда болатынын және дайындық жұмыстарына қадағалауды күшейту жөнінде талап қойды.