СТАЦИОНАРДАҒЫ КҮРДЕЛІ АХУАЛ: Әрбір адам жауапкершілікті терең сезінбейінше, қауіп сейілмейді Избранное

Пятница, 30 Июль 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1338 раз

Шымкентте №2 қалалық ауруханадан шаһардағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігіне байланысты ковидке қарсы стационар ашылған болатын. Стационар ашылған күннен бері (осы жылдың 10 шілдесі) коронавирустық инфекциядан 38 өлім жағдайы тіркелген. 20 күннің ішінде өлімнің көбеюі расында алаңдатарлық мәселе. Мұндағы жағдай қандай? Адам өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлермен тілдесіп, науқастардың жайын көзбен көріп қайттық.

610

 

28 шілде. Сағат 10.00. Ауласында тірі жан көрінбейтін аурухананың алдынан (жабық карантиндік мекеме) бізді Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Асқар Рахматаллиев қарсы алды.
350 орынға есептелген стационарда 349 науқас жатыр екен. Бірақ жағдай сағат сайын өзгеріп отырады, себебі шаһарда КВИ таралуының өсуі байқалады. Көз алдымызда жедел жәрдем көлігі бетперде киген әйелді алып келді. «Бізге негізінен жасы 60-тан асқан, созылмалы аурулары бар және коронавирусқа қарсы екпе алмаған адамдар келіп түсуде.

Көбінесе той-жиындардан кейін бір отбасыдан 5-6 адамнан түсіп жатқан оқиғалар бар. Олар жауапкершілік пен қауіпті тек стационар қабырғасында ғана түсініп отыр, - дейді дәрігер. Ішке кіруге дайындалдық. Кіреберісте медбикелер бізге қорғаныс құралдарының толық жиынтығын – арнайы костюм, респиратор маскасы, бет қалқаны, қолғап пен аяқ киім берді, біз бірден ең ауыр блок – жансақтау бөліміне бардық.
Онда 49 науқас емделіп жатыр. Жағдайы ауыр науқастардың өкпесінің зақымдану деңгейі кем дегенде 80%-ды құрайды. Бас дәрігердің айтуынша, жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың барлығы да вакцинацияланбаған және өзін-өзі емдеуден кейін стационарға түскендер.
«Стационардағы 349 пациенттің ішінен (28 шілде сағат 10:00-дегі жағдай бойынша), тек алтауы ғана вакцинацияланған. Біздің есебіміз бойынша, бұл – науқастардың жалпы санының тек 1,7 пайызы. Жансақтау бөлімінде жататындардың арасында бірде-бір екпе алған адам жоқ».
Асқар Мұратұлы осылай деді. Жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттердің СОVID-19 және онымен туындаған пневмонияға төтеп беру қаншалықты қиын екені белгілі. «Біздің аурухананың көпсалалы болғаны жақсы. Өйткені созылмалы ауруы бар адамдар қатар жүретін ауруларын да осы жерде емдетеді».

БІР НАУҚАСТЫҢ ТАРИХЫ

Біздің алдымызда 60 жастағы әйел жатыр, оның өкпесі 90%-ға дейін зақымдалған. Ол мұнда стационардың ашылуының алғашқы күнінен (10 шілде) бастап ем қабылдауда. Осы күндері оның сатурация деңгейі құбылып тұр, өкпеде қандай проблема бар екенін көрсететін қанның оттегімен қанықтыру көрсеткіші бас дәрігердің жеке бақылауында.
Оның жанындағы төсекте жатқан тағы бір егделеу азаматшамен тілдестік. Бір ай бұрын күйеуі ковидтен қайтыс болыпты, науқас бұл қайғыдан әлі қалпына келмегенге ұқсайды… Пациенттердің көпшілігі етбетімен жатыр және инъекциядан тамырлары қанталап, үлкен гематомалар пайда болған. «Бетін төмен басып, етбетінен жату жедел тыныс алу жеткіліксіздігі бар ересектерде өкпені жасанды желдету үшін өте қолайлы», - деп түсіндіреді А.Рахматаллиев. – Жансақтау бөліміне түскен және өкпені жасанды желдетуді қажет ететін пациенттердің өлім қаупі жоғары. Төмен қаратып тұрған желдеткіш құрылғының тиімділігін жақсарта алады, осылайша жағымсыз жанама әсерлерді азайтады».
28 шілдеде ауруханада бес науқас қайтыс болса, оған дейін 10 адам көз жұмған. «Біздің стационар ашылған сәттен бастап (осы жылдың 10 шілдесінен бастап) коронавирустық инфекциядан 38 өлім жағдайы тіркелді», - дейді дәрігер.

611


Ауыр науқастар бізге әр түрлі қарайды: біреу сенімсіздікпен, біреу сырттағы өмірдің хабаршы көгершіні сияқты, ал біреулері біздің келгенімізге мән де бермеді.
63 жастағы Юнусмат Досовтың да жағдайы ауыр, ол мұнда өкпесінің 85% зақымдануымен келген, себебі, үйде өз бетінше емделем деп ахуалын ауырлатып алған.
– Қалыңыз қалай, аға? – деді Асқар Мұратұлы науқастың жағдайын сұрап.
– Қазір жаман емес, - деп жауап берді түтікпен демалып жатқан науқас.
«Көптеген адамдар бізге үйде өзін-өзі емдеуден кейін келіп жатыр», - дейді дәрігер. – Олар мұны қарапайым тұмау деп ойлайды, сөйтеді де ауруханаларға барғысы келмейді. Егер пациенттер алғашқы белгілер білінгеннен жедел жәрдемге жүгінсе, онда олардың жағдайы қиындамас еді. Біздің стационарда 11 мобильді бригада жұмыс істейді: төртеуі – сыртта науқастардың үйін аралап жүр, алтауы қоңырауларға жауап береді, біреуі – балалар бригадасы».

ЕРЕКШЕ КЕЗЕҢ

Стационардың жеті төсегі жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі әйелдерге арналған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл күндері қалада жүкті әйелдердің арасында инфекцияның жоғары деңгейі байқалады. Оған екі себеп бар: жүкті әйелдер вакцинацияланбайды және бұл жағдайда иммунитет әлсірейді. Олардың өзін қорғаудың жалғыз тәсілі – адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту және сақтық шараларын сақтау. «10 шілдеден бастап аурухана базасында 27 босануды қабылдадық, – дейді гинекологиялық бөлімшенің меңгерушісі Аягөз Ахметова. – Стационардың өзінде коронавирустық инфекция жұқтырған жүкті әйелдерге арналған жеті төсек бар, олардың төртеуі жаңа туған нәрестелері бар жас аналармен жұмыс істейді. Өкінішке қарай, COVID-19 асқынуларына байланысты бір әйелдің баласы өлі туылды. Жансақтау бөлімінде болған жүкті әйелдер де бар. Осы кезеңде әйел мүмкіндігінше өзін-өзі қорғауы тиіс, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарға, мерекелік кездесулерге барудан аулақ болу керек. Жүкті әйелдің денесінің коронавирусқа төзуі өте қиын».


ЕКПЕНІҢ КҮШІ

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы апта сайын қаланың стационарлары мен ауруханаларын аралайды. Ол Шымкентте алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе алды.
«Өткен жылдың жазында, пандемия басталған кезде, біз 21 дәрігерден айырылдық, ал биыл медицина қызметкерлеріне вакцинациядан кейін бәрі ойдағыдай болды. Қазір қаланың жұқпалы аурулар стационарларында 3150 төсек-орын бар. Толымдылығы – 70 пайыз. Егер науқастар көп болса, онда біз қосымша орындар ашу мүмкіндігін қарастырамыз. Ауруханалар мен емханаларда ӨЖЖ аппараттары (ИВЛ), оттегі баллондары, дәрі-дәрмектер жеткілікті. Қазақстанда және бүкіл әлемде қазір Сovid-19-дың алапат толқыны келе жатыр, біздің елімізде тәулігіне бірнеше мың науқас тіркелуде. Әсіресе егде жастағы адамдарға ауруға төтеп беру қиын. Қала тұрғындарын мерекелік шараларды тоқтатып, қоғамдық орындарда бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтап, екпе алуға шақырамын», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Біз КВИ-ден қайтыс болған науқастардың мәйіттерін орналастыратын бөлімді де көрдік. Қаншалықты қайғылы көрінсе де, бұл жер кейбіреулер үшін соңғы аялдамаға айналады... Осы қорқынышты картинадан ұққанымыз, кез келген адам бейқамдық танытпай, барынша сақтанып, екпе ектірсе, дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінсе, көп қауіптің алдын алар еді-ау!

Әсел ХАМЗИНА,
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.