Версия для печати

Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: АДАМНЫҢ САНАСЫ МЕН САУАТЫН ВАКЦИНАҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫНА ДА ҚАРАП ӨЛШЕУГЕ БОЛАДЫ Избранное

Среда, 04 Август 2021 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1506 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Өкінішке қарай, елімізде коронавирус инфекциясының таралуы өршіп барады. Көршілес Түркістан облысынан өзге, республиканың барлық қалалары мен өңірлері «қызыл» аймақта тұр. Шымкент қаласының өзінде 2,5 мыңнан астам адам инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр.
Аурудың ушығып кетуіне кейбір адамдардың жауапсыздығы мен немқұрайдылығы да әсер етіп жатыр. Вакцинацияға қарсы шығып, жалған ақпарат тарататындар мен карантиндік шектеулерге пысқырмай той-жиын өткізіп жатқандар өз әрекеті арқылы адамдардың өміріне қауіп төндіріп отырғанын түсінуі тиіс.

628

 

Негізі қазір ковидті емдеудің нақты хаттамасы бар. Дәрігерлер дер кезінде әрі дұрыс емделсе, адамның аурудан тез-ақ айығып кететінін айтады. Бірақ, көп адамдар жедел жәрдем шақырмай, емханаға уақтылы қаралмай ауруын асқындырып алып жатыр.
Кейбір адамдардың логикасын түсіну қиын. Жақында жедел жәрдем ауыр жағдайдағы науқасты үйінен алып, ауруханаға әкелді.
– Көке, неге ертерек хабарласпадыңыз?
– Ауруханаға алып кете ме деп қорықтым, - деп деміккен дауысы әрең шығады.
–Онда неге жағдайыңыз әбден ауырлаған кезде дәрігер шақырдыңыз?
Үн жоқ. Есі кіресілі-шығасылы. Көрші медбике ме, келіні ме, біреу аямай система салған, ауызына уыс-уыс дәрі тосқан. Антибиотикті аямапты. Антибиотик вирусты емдемейтінін түсіну үшін дәрігер болудың қажеті жоқ. Осылайша он күн «емдепті». Өзі қабынған өкпе, одан әрі асқынып суға толған. Ақыры сол науқас қайтыс болды (Иманы саламат болсын). Өкінішті жағдай.
Бір бұл кісі емес, Шымкентте 2 тамыз күні 21 науқас қайтыс болды. Бір күнде 21 отбасы қара жамылды. Мамандар әр өлімді жіті тексереді. Қашан ауыра бастады? Қайда емделді? Қандай дәрі ішті, не екті? Басқа қандай аурулары бар? Әр науқастың өліміне әкеп соқтырған жағдай толық анықталады. Қайтыс болғандардың шамамен 80 пайызы – өз бетінше емделгендер. Өз үйінде немесе егу бөлмесінде (процедура кабинеттерінде) бір апта, 10 күн бойы өз бетінше ем алып, ауруын асқындырып алғандар.
Қазір Шымкентте көптеген дәріханалардың жанында егу бөлмелері бар. Дәріханаға барып «Қызуым көтеріліп тұр еді» десеңіз, дәріханашы «мынаны салдырып алсаңыз, жазылып кетесіз» деп дәрі береді. Немесе ковидті емдеудің соңғы хаттамаларынан хабары жоқ бір дәрігер отырады. Оңды-солды ем тағайындайды. Бір жаманы, ем жазған қағазына не мөр қоймайды, не өз аты-жөнін жазбайды. Ертең ауруыңыз асқынып кетсе, ол ешқандай жауапкершілікті мойнына алмайды. Мұндай орындарда, аядай бөлмеде бес-алты адам жатады. Бірі жөтеліп, бірі түшкіріп дегендей… Талапқа сай келетін желдету жүйесі де жоқ. Сау адам ауру жұқтырып шығуы мүмкін.


АУЫРА ҚАЛСАҢЫЗ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Дәрігерлердің айтуынша, коронавирусты инфекция жұққан жағдайда оның алғашқы белгілері кәдімгі тұмау сияқты болады. Бас ауырады, әлсіздік пайда болады, мұрыннан су ағады, түшкіреді, тамақ жыбырлайды, қызу көтеріледі. Мамандар «осы симптомдардың қайсысы пайда болса да, 103 нөміріне хабарласыңыз. «Өз бетімше емделем» деп ойламаңыз. Жедел жәрдем алып кетеді деп қорықпаңыз. Жедел жәрдем Сіз тұратын емханаға хабар береді. Мобилді топтар барып, ем-дом жазып береді» дейді. Дәрі-дәрмек – тегін, емдеу – тегін.
Жақында Шымкентке Қазақстанның бас инфекционист-дәрігері Бахыт Көшерова келді. Оның айтуынша, ковидті дұрыс емдеп бастаса, науқастар тез жазылып кетеді.
— Ең үлкен қателік – бұл науқастар өздігінен емделіп, антибиотик салдыра бастайды. Вируспен күресіп қиналып жатқан ағзаға антибиотик ауыртпалық түсіреді, – дейді ол.
Қазір тұмаумын деп ойлап жүргендердің көбі тексерілген кезде ковид болып жатыр. Сондықтан өз бетіңізше емделуден, егу кабинеттеріне барып, дәрі құйғызудан аулақ болыңыз. Тұмауға ұқсайтын белгілерді байқасаңыз дереу жедел жәрдем шақырыңыз.

БАЛАЛАРДЫ КОВИДТЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Шымкентке коронавирус инвекциясының «Дельта» штамы келгелі ауру жұқтырған балалардың қатары күннен күнге өсіп келе жатыр. 31 шілдедегі жағдай бойынша Шымкентте вирус жұқтырған 1 637 оқушы тіркелген. Соңғы уақытта вирус жұқтырғандардың 20 пайызы балалар.
Инфекционист-дәрігерлер бұрынғы штамм балаларға жұқса да жеңіл өтіп кететінін, ал дельта штамм жас талғамайтынын айтып дабыл қағуда. Оны инфекциялық ауруханалардан да байқауға болады. Бұрын ковид жұқтырған балалар ауруханаға түспейтін, қазір түсіп жатыр.
Коронавирустың алдында әлсіз екі топ бар: біріншісі – балалар, екіншісі – жүкті әйелдер мен сәби емізіп жүрген аналар.
Басқамыз, ең болмағанда, вакцина ектіріп ала аламыз, ағзамызда вирусқа қарсы антитән пайда болып, ковидтен қорғануға мүмкіндігіміз бар. Ал, балалар мен бала күтіп жүрген аналар вакцина ектіре алмайды.
Осындайда не істемек керек? Балаларымызды ковидтен қалай қорғаймыз деген заңды сауал туады. Дәрігерлер тек қана бір жолы бар екенін алға тартады. Балаларды қоршаған орта түгел вакциналануы тиіс.
Қазір ауырып жүрген балалардың 80-90 пайызына вирус ата-анасы, ата-әжесі, басқа да бір үйде тұратын ересектерден жұққан. Көпшілік орындарға баратын көбіне балалар емес, ересектер. Олар үйге вирус жұқтырып әкеледі. Ол бейкүнә балаларымызға жұғады.
Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Балаларымызға вирус жұқтыратын екі тарап бар: мұғалімдер және ата-аналар. Педагогтердің бәріне вакцина егілді. Демек, әрбір ата-ана жауапкершілік танытып, балалардың саулығы үшін, өмірі үшін вакцина егіп алуы тиіс. Бұл – үлкен өтініш. Бала деген бауыр етіміз ғой. Өмірдің мәні де, сәні де – балалар. Олай болса, балаларды екі жақтап – бір жағы мұғалімдер, екінші жағы ата-аналар болып індеттен қорғайық.

БІР ҮЙДЕН ЕКІ АДАМ...

Өткен аптаның бейсенбі күні бір үйден екі адам ковидтен қайтыс болды. Бір күнде. Ауруханаға алдымен енесі түсті, сосын келіні түсті. Алдымен енесі қайтыс болды, сосын аяғы ауыр келіні жүріп кетті. Дәрігерлер анасының жатырынан шақалақты шырылдатып алып үлгерді. Қиын жағдай. Арада апта өтсе де есіме түссе, еңсем түседі. Марқұмдардың иманы саламат болғай.
Дәрігерлер дельта штамның ағзаға жойқын әсер ететінін айтады. Мамандар «30 пайызға қабынған науқастың өкпесі ертесіне 60 пайызға, одан кейінгі күні 80-90 пайызға бір-ақ шығып кетіп жатыр» дейді.
Мұнан сақтанудың жалғыз жолы бар. Ол – вакцина қабылдау. Еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов короновирус инфекциясын жұқтырып, ауырып жатқандардың 99,9 пайызы вакцина салдырмағандар екенін мәлімдеді. Вакцина салдырғанына қарамай науқастанып қалған адамдардың үлесі бар-жоғы 0,1 пайызды құраған.
Бұл деректің шындық екеніне Шымкенттегі №2 ауруханаға барған кезде көз жеткіздік. Біз барған кезде стационардағы 350 орынның 349-ы толып тұр екен. Сол вирус жұқтырып ауырып жатқан 349 адамның арасында вакцина салдырған 6 адам ғана бар. Олардың өзі реанимацияда емес, жәй палатада жатыр. Сол аурухана 10 шілдеден бастап короновирус инфекциясын жұқтырған адамдарды қабылдай бастаған. Содан бері мұнда 35 науқас қайтыс болған (Иманы саламат болсын). Қайтыс болғандардың арасында да вакцина еккен бірде бір науқас болмаған.

P.S.

Осының бәрін көріп-біліп тұрып вакцина салдыруға қарсы шығатындарға не айтуға болады? Демек, адамның санасы мен сауатын вакцинаға деген көзқарасымен өлшеуге болады екен. Осы тұжырымға анық көзім жетті.

Последнее изменение Среда, 04 Август 2021 05:00
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.