Сенаторлар қоғамдық қауіпсіздік мәселесімен танысты Избранное

Среда, 04 Август 2021 05:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1320 раз

Шымкент қаласына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова іс-сапармен келді. Іс-сапар барысында сенаторлар алдымен Шымкент қалалық полиция департаментінде болды. Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Е. Жұмаханбетов Сенат депутаттарына полиция қызметін жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Е. Жұмаханбетов үшінші мегаполисте қоғамдық тәртіп бақылауын күшейту мақсатында шаһарды 3,5 мың көше бақылау камераларымен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын жеткізді.

629

 

Кездесу барысында сенатор Н.Бекназаров тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, жергілікті полиция қызметін жақсарту бағытында Парламент Сенатында бірнеше заңдардың қаралғанын және Үкіметке арнайы ұсыныстар берілгенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда полицейлердің кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерін арттыру, тәртіп сақшысының міндетіне кірмейтін артық қызметтерді алып тастау, учаскелік полиция мәртебесін көтеру, төтенше жағдайда төленетін еңбекақы мөлшерін өсіру бағытында заңдар қаралып жатыр. Әлемнің қайбір қаласын алып қарасақ та, бірінші кезекте тыныштық пен қауіпсіздік тұрады. Жалпы халық үшін де үшінші мегаполиске қыдырып келетін туристер үшін де ең маңыздысы – ол қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығы, - деді Нұрлан Құдиярұлы.
Мұнан соң сенаторлар Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысымен танысты. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов аталмыш құрылыс нысанындағы жұмыстардың барысын баяндап, жолайрық құрылысының аяқталу мерзімі туралы айтып өтті.

630


Басқарма басшысының мәлімдеуінше қалада 4 жолайрық салынады. Алда Бәйдібек би даңғылы - Арғынбеков көшесі мен Сайрам көшесі – Жібек жолы даңғылы қиылысынан жолайрықтар салу жоспарлануда. Сенаторлармен болған сұхбатта Ержан Жақсылықұлы Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы құрылыстың көздеген мақсаты Ташкент тас жолы мен Батыс-Еуропа Батыс-Қытай халықаралық көлік жолын жалғау, былайша айтқанда шаһардан «жасыл дәліз» құру екенін жеткізді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты А.Қапбарова Шымкентке келудегі іс-сапардың мақсаты үшінші мегаполистің тыныс-тіршілігімен әсіресе ондағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесімен жақынырақ танысу екенін мәлімдеді.
–Пандемияның кезінде тәртіп сақшыларының қызметі ауырлап, олардың жұмысына қосымша күш түсті. Осыған байланысты республиканың үшінші қаласында полиция қызметінің заман талабына сәйкес цифрлы сервиске көшуі маңызды. Карантин тұсында тұрғындардың қимыл-қозғалысы мен қауіпсіздігін бақылау да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып келеді. Сондықтан бақылау камераларын орнатудың тиімділігі артып отыр. Бұл ретте камералық бақылау құралдары айыппұл салып, жазалау емес, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көбірек қызмет атқаруы тиіс, - деді сенатор Айгүл Жарылқасынқызы.
Сонымен бірге Парламенттің жоғарғы палата өкілдері Шымкент қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Нұрлан Құдиярұлы Сенаттың VII сессиясында 60-тан астам заң қабылданғанын, соның ішінде біраз заң ережелеріне түзетулер енгізіліп, бірқатарының күші жойылғанын атап өтті. Мәселен, көптен бері дау-дамай тудырып жүрген Жер туралы заңды Президент Қ.Ж.Тоқаев Парламентке ұсынып, бұл заңға уақытша мораторий жарияланды. Сондай-ақ өзін-өзі басқару өкілеттігін кеңейту және мәслихаттың рөлін күшейту мен біліктілігін арттыруға қаражат бөлу туралы заң қабылданған. Сенат мақұлдаған заңның арқасында жуырда елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Нұрлан Құдиярұлының пікірінше бұл да болса мемлекетті демократияландырудың бірден-бір тетігі саналады.
Жиын барысында сенатор пилоттық жоба ретінде Шымкент пен еліміздің солтүстік өңірінде қолға алынған сервистік полиция моделінің үшінші мегаполисте жемісті нәтиже бергенін, осыған орай ҚР Бас прокуроры Шымкенттегі жобаны барлық өңірлерге енгізу керектігі жайлы айтқанын жеткізді. Депутаттың пікірінше сервистік полиция құқық қорғау саласы өкілдерін халыққа жақын ету мақсатында ойластырылған жоба.
Биыл Сенатта пандемия жағдайына байланысты кәсіпкерлердің салығын, айыппұлдарды жеңілдету және мүмкіндігі шектеулі бизнесмендерге қолдау көрсету және инклюзивті білім беру бойынша заң мақұлданды.
–Бүгінгі таңда білім беру саласында жан басына қаржыландыру өте өзекті мәселе болып тұр. Өйткені мемлекеттік және жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан біркелкі қаржы бөлінбейді. Көп жағдайда жекеменшік білім ұяларындағы оқушы, ұстаздар әлеуметтік қолдаулардан тыс қалып қоюда. Негізінде жан басына қаржыландыру екеуіне де бірдей болуы керек. Сенатта осы мәселені көтермекпіз. Тіпті Үкімет басшысына депутаттық сауалмен шығамыз деп отырмыз, - деді Нұрлан Құдиярұлы.
Айгүл Жарылқасынқызының айтуынша инклюзивті білім беру моделі мүгедек балалардың мектеп бағдарламасынан қалмай білім алуын көздейді. Сенатор мүмкіндігі шектеулі оқушылар арнайы интернатта оқуы керек деген түсінік кеңес дәуірінен қалған ескі стереотип екенін, сондықтан заман талабына сай оқу жүйесіне көшу қажеттігін тілге тиек етті.
Жиын соңында мәслихат депуттары тарапынан сенаторларға сауалдар қойылып, ұсыныстар жолданды. Мәселен той-жиындарды тоқтатуға мобильді топтардың құдыреті жетпей жатқаны, сондықтан олардың өкілеттігін күшейту немесе әкімдік арқылы әкімшілік шараларды қатаңдату керектігі айтылды. Сонымен бірге мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов мектеп құрылысындағы жер учаскесінің аумағына қатысты ескі талаптарды жою, білім ұясы салынатын жердің сатылу бағасын арзандату және жеке меншік мектептердің де ыстық тамағын бюджеттен қарастыру туралы, ал Рәшкүл Оспаналиева көпбалалы аналарға берілетін арендалық үйлерді жекеменшікке сатып алу мәселен қарастыру қажеттігін атап өтті.
Мұнан соң Сенат депутаттары Абай ауданына қарасты Жиделі шағынауданында орналасқан көлік-логистикалық орталығында болып, дәрі-дәрмек және азық-түлік сақтайтын қоймалардың жұмысымен танысты.